Баланы "ходунокқа" отырғызуға бола ма және бесікке қалай бөлеген дұрыс

Фото Айнұр Әкімжанқызының жеке мұрағатынан алынды
Фото Айнұр Әкімжанқызының жеке мұрағатынан алынды
Ортопед маман бала аяғын қисық басса, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға кеңес берді.

Қазір балалар арасында жамбас ұршығының дұрыс қалыптаспауы, шығып кетуі, тіпті, ұршықтың мүлде жоқ болуы сынды диагноздар көбейді. Одан бөлек, балалар аяғының варусты, вальгусты өзгеріске ұшырауы да халық арасында кеңінен таралуда. Мұндай дерттердің көбеюіне себеп көп. Ал ең бірінші себеп – аналардың салғырттығында жатыр. Бұл туралы медицина  маманы, ортопед және физиотерапевт Айнұр Әкімжанқызы айтты. 

Оның сөзінше, бүгінде көптеген  аналар жаңа  туған сәбиін невропатолог дәрігерге апарып, тексертіп алады. Нәресте алты айға  толғанға дейін ортопед маманның тексерісінен өту де артық болмайды. Бұл жоғарыда аталған дерттердің алдын алуға көмектеседі. 

"Баланың тірек қимыл қозғалысындағы проблемаларды көп ата-ана кейін байқайды. Мәселе  ушығып, емдеу, жөнге салу өте қиынға түсетін кезде ғана бәрі жанұшырып, ортопед іздей бастайды. Ал шын мәнінде, бала туған бойда оның сүйектеріне, аяғына, буынына ерекше мән беру керек. Осылайша, сіз көптеген қауіпті дерттердің алдын алып, өзіңізді де, балаңызды да проблемадан құтқарасыз. Өкінішке қарай, қазір баланың арқа сүйектерінің  қисық бітуі, табанның ішке қарауы, дисплазия өте көп. Мұның бәрі құрсақтан басталған проблемалар. Одан бөлек, антибиотикті көп алу, иммунитеттің төмендеуі де бала сүйегінің деформациялануына әкеледі. Сондықтан, ең алдымен аналар сауатты болуы керек. Баланың тамақтануына ерекше көңіл бөліп, тәтті сусындардан, құрамы нашар тағамдардан аулақ ұстаған жөн. Егер бала аяғын қисық басса, тірсектері "О" әрпі сында дөңгеленіп тұратын болса, міндетті түрде ортопед дәрігерге қаралуы керек", – дейді маман. 

Сондай-ақ, Айнұр Әкімжанқызы сәбилерді "ходунокқа" отырғызып, "шезлонгқа" жатқызатын аналардың әрекетін сынға алды. 

Фото Айнұр Әкімжанқызының жеке мұрағатынан алынды

Оқи отырыңыз:


"Қазір біз ходунок пен шезлонгты қолданыстан мүлде алып тастадық. Неге? Себебі өте көп. Жаңа босанған аналар  өмірді жеңілдету үшін баласын ходунокқа салып қояды, шезлонгқа жатқызады. Сондағы мақсаты – баланың тыныш болуы. Бұл – үлкен қателік! Өйткені, осы екеуінде отырған балалардың тірек-қимыл аппаратына зиян келеді. Егер балада гипотонус болса, яғни, бұлшық еті мен буындары әлсіз, бос болса, шезлонг пен ходуноктан келетін қауіп көп. Омыртқа жотасы қисаяды, варусты, вальгусты өзгеріс болады, тіпті, балада дисплазия патологиясы қалыптасады. Сондықтан, бұл екі құралдан дереу бас тартқаныңыз жөн. Ал өзіміздің бесікке тек күндіз, бір-екі сағатқа қана бөлеңіз. Онда да, қатты қыспай, бостау байлағаныңыз дұрыс. Ал баланы түнімен бесікке бөлеуге қарсымын", – дейді Айнұр Әкімжанқызы.

Серіктестер жаңалықтары