Бір минутта мидың 2 миллионға жуық нейроны өледі. Инсульттің алдын алу жолдары қандай

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Дәрігер жасанды интеллект пен Big Data-ның инсульттің алдын алуға қалай көмектесетінін айтып берді.

Инсульт – бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамның өмірін өзгертетін, жиі мүгедектікке және өлімге әкелетін аса қауіпті аурулардың бірі. Қазақстанда да бұл дерт өзектілігін жоғалтқан жоқ: статистика бойынша, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады, олардың едәуір бөлігі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар.

Инсульт – кенеттен болатын жағдай. Бірақ оған алдын ала дайындық жасауға, қауіп факторларын бақылауға және белгілерін ерте тануға болады. Бұл жолда медициналық ақпарат пен мамандар кеңесінің рөлі ерекше. Осы материалда инсульттің себептері, алғашқы белгілері, емдеу жолдары және алдын алу шаралары туралы кеңінен тоқталамыз. Кәсіби түсініктеме беру үшін №14 қалалық емхананың кардиолог дәрігері Айнұр Қуанышева өз тәжірибесін бөлісіп, оқырманға инсультпен күрестің заманауи жолдарын түсіндірді.

– Инсульт дегеніміз не? Ол қандай түрлерге бөлінеді?

– Инсульт – бұл ми қанайналымының жедел бұзылуы, яғни миға оттегі мен қоректік заттардың жеткіліксіздігі нәтижесінде ми тіндерінің зақымдануы. Бұл жағдай тез арада ем көрсетілмесе, неврологиялық функциялардың жоғалуына, мүгедектікке және өлімге әкелуі мүмкін. Инсульттің екі негізгі түрі бар. Біріншісі – ишемиялық инсульт – миға баратын қан тамырларының тромбпен немесе эмболмен бітелуі нәтижесінде пайда болады. Ол барлық инсульттің 80-85 пайызын құрайды. Ал геморрагиялық инсульт қан тамыры жарылып, миға қан құйылғанда болады. Бұл жағдайда ми тініне қысым түсіп, жедел бұзылыстар дамиды. Бұл түрі шамамен 15-20 пайыз жағдайда кездеседі.

Менің тәжірибемде бір науқас – 56 жастағы ер адам – таңғы уақытта бір жақ бетінің қисайғанын, қолының әлсірегенін байқаған. Жедел жәрдем шақырылып, тексеру нәтижесінде ишемиялық инсульт анықталды. Жедел тромболитикалық терапиядан кейін сөйлеу мен қозғалыс қабілеті қалпына келді. Уақытында көмек көрсетілмегенде жағдай қиындауы мүмкін еді. Сол себепті жақыныңызда инсульт болуы мүмкін деп күдіктенсеңіз, ол адамды жалғыз қалдырмаған абзал. 

– Ишемиялық және геморрагиялық инсульттің айырмашылығы неде?

– Ишемиялық инсульт кезінде мәселе қан жетіспеушілігінде, ал геморрагиялықта қан кетуде болады. Ишемиялық инсульт әдетте баяу дамиды, басты себептері: атеросклероз, жүрек аритмиясы, тромбоз. Геморрагиялық инсульт кенеттен, қан қысымы көтерілген кезде пайда болады, жиі артериялық гипертензияның асқынуы нәтижесінде болады. Мысалы, 48 жастағы әйел науқас қатты бас ауруымен келіп, сөйлеуі бұзылған болатын. КТ кезінде ми ішіне қан құйылу анықталды – бұл классикалық геморрагиялық инсульттің көрінісі.


Оқи отырыңыз: "Әрбір үшінші науқас көз жұмады". Дәрігер жастар арасында инсульт көбейгенін айтты


– Инсульттің жиі кездесетін белгілері қандай? Ерте кезеңде оны қалай тануға болады?

– Инсульттің алғашқы белгілерін ерте тану – өмірді сақтап қалудың шешуші кілті. Көзге бірден түсетін бірнеше негізгі симптом бар, соларға ерекше назар аудару қажет.

Ең жиі кездесетін белгілердің қатарына мыналар жатады:

  • бір жақтағы қол мен аяқтың әлсіздігі немесе жансыздануы;
  • беттің қисайып кетуі, әсіресе жымиғанда бір жағы қимылсыз қалады;
  • сөйлеудің бұзылуы – науқастың сөздерді дұрыс айта алмауы немесе мүлде сөйлей алмауы;
  • көру қабілетінің төмендеуі – бір немесе екі көзге бірдей;
  • бас айналу, үйлесімділіктің бұзылуы, тепе-теңдік жоғалуы, аяқасты құлау.

Мұндай жағдайларда біз әрқашан FAST әдісін қолдануға кеңес береміз. Бұл – бүкіл әлемде мойындалған, инсультті жылдам тануға көмектесетін қарапайым ереже:

  • F – Face (бет): науқастың беті қисайып кеткен жоқ па? Жымиған кезде бір жағы қозғалыссыз ба?
  • A – Arm (қол): екі қолын бірдей көтере ала ма? Бір қолы түсіп кетпей ме?
  • S – Speech (сөйлеу): қарапайым сөйлем айта ала ма? Дауысы түсінікті ме?
  • T – Time (уақыт): егер осы белгілердің бірі байқалса, уақыт жоғалтпай жедел жәрдем шақыру қажет.

Себебі инсульт кезінде әр минут – ми үшін маңызды. Ерте тану – ерте көмек көрсету деген сөз, ал бұл – науқастың аман қалуы мен қалпына келу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.

Фото: depositphotos.com

– "Микроинсульт" деген ұғым қаншалықты ғылыми және ол не білдіреді?

– Микроинсульт – халық арасында жиі айтылатын сөз, ал медицинада бұл "транзиторлы ишемиялық шабуыл" немесе TIA деп аталады. Бұл – миға қан ағысының уақытша тоқтауы, 24 сағат ішінде симптомдар толық қайтады. Бірақ бұл – дабыл белгісі. Зерттеулерге сай, TIA-дан кейінгі 90 күн ішінде 15% науқаста нақты инсульт дамиды. Сондықтан "міне, ештеңе болмады" деп елемеуге болмайды – бұл нағыз алдын алу мүмкіндігі.

– Инсульттің негізгі қауіп факторлары қандай?

– Артериялық гипертензия – инсульттің ең басты себебі, барлық жағдайдың 50-70 пайызында кездеседі. Қант диабеті – қан тамырларын зақымдап, қан ұю процесін күшейтеді. Темекі шегу – қан тамырларын тарылтады, тромбоциттердің жабысып қалуына әсер етеді. Жоғары холестерин – атеросклерозға әкеледі. Жүрек аритмиясы, әсіресе фибрилляция – жүректен тромб бөлініп, миға жетуі мүмкін. Семіздік, гиподинамия, алкоголь – ал бұлар жанама түрде әсер етеді.

– Генетикалық бейімділік инсультке әсер ете ме?

– Иә. Ғылымда Genome-Wide Association Studies (GWAS) арқылы инсультке бейімділікті анықтайтын бірқатар гендер анықталған. Мысалы: HDAC9 – атеросклерозбен байланысты; PITX2, ZFHX3 – жүрек аритмиясымен байланысты. Егер отбасында ерте жаста инсульт алғандар болса, бұл фактор мұқият бақылауды қажет етеді. Бірақ генетика тағдыр емес, салауатты өмір салтын ұстану арқылы бұл қауіпті төмендетуге болады.


Оқи отырыңыз: Шертпе дегеніміз не және ол қандай ауруларға ем


– Қант диабеті, гипертония және холестерин деңгейі инсульт қаупін қалай арттырады?

– Бұл үшеуі "триада өлімі" деп те аталады. Диабет микроқантамырларды зақымдайды, қанның тұтқырлығын арттырады. Гипертония қан тамырларын қалыңдатып, жарылуға бейім етеді. Холестерин атеросклероз "бляшкалары" арқылы тамырларды тарылтады. Фрамингем зерттеуінде көрсетілгендей, бұл үш фактор инсульт қаупін 5 есе арттырады.

– Жыныс пен жас факторларының рөлі қандай?

– Жас ұлғайған сайын инсульт қаупі артады. 65 жастан асқан адамдарда жиілігі айтарлықтай жоғары. Ер адамдарда ертерек пайда болады, бірақ әйелдерде өмір бойғы қауіп жоғарырақ, әсіресе менопаузадан кейін. Әйелдерде гормоналды контрацептивтер мен жүктілік кезіндегі гипертензия да қауіп тудырады. Сондай-ақ, дәл қазір жастар арасында да инсульт көбейіп жатыр және әрбір үшінші жағдай өліммен аяқталып отыр. 

– Инсульт кезінде уақыт неге аса маңызды? "Алтын сағат" деген не?

– "Алтын сағат" – бұл инсульттен кейінгі алғашқы 3-4,5 сағат, осы кезеңде тромболизис жүргізуге болады. Қан айналымы тоқтаған сәтте ми әр минут сайын 1,9 миллион нейроннан айырылады. Кешігу – мүгедектікке алып келеді.

– Заманауи диагностика әдістері қандай?

– Қазір инсультті анықтау үшін және ем жоспарын құру үшін қолданылатын бес әдісті атап өтейін. Олар – КТ (компьютерлік томография) – қан құйылғанды дереу көрсетеді, МРТ – ишемиялық инсультті алғашқы сағаттарда анықтай алады, КТ-ангиография, МР-ангиография – тамырлардың өткізгіштігін көрсетеді, Допплер УЗИ – мойын артерияларын тексереді, ЭКГ және ЭхоКГ – жүрек патологиясын анықтайды.

– КТ мен МРТ айырмашылығы неде?

– КТ тез, қан кетуді жақсы көрсетеді, жедел жағдайларда тиімді. Ал МРТ жұмсақ тіндерді жақсы көрсетеді, ишемияны ерте сатыда анықтай алады.
Екеуі де бір-бірін толықтырады деп айтсам болады. Егер қан кету күдігі болса, алдымен, КТ жасаған жөн.


Оқи отырыңыз: Инсульт алғандардың 70 пайызы мүгедек боп қалады. Бұған қалай жол бермеуге болады


– Жедел жәрдем келгенге дейін не істеу керек?

 – Алдымен, науқасты жатқызып, басын сәл көтеріңіз. Кейін киімін босатып, тынысын бақылаңыз. Ауызға су, дәрі, тамақ беруге болмайды! Уақытын есте сақтап қалу маңызды.

– Тромболитикалық терапия деген не және ол қашан қолданылуы тиіс?

– Тромболитикалық терапия – ишемиялық инсульт кезінде миға баратын қан тамырындағы тромбты ерітетін арнайы дәрі-дәрмекті (мысалы, альтеплаза) енгізу әдісі. Бұл ем түрі тек инсульт басталғаннан кейінгі 4,5 сағаттың ішінде жүргізіледі. Одан кейін тромболизис жасау қауіпті. Себебі қан кету қаупі артады.
Зерттеулер көрсеткендей, бұл терапияны уақытында жасағанда науқастың толық қалпына келу ықтималдығы 30-50 пайызға дейін артады. Әріптестерімде зейнеткер әйелге тромболизис 2 сағат 20 минут ішінде жасалып, 5 күннен кейін сөйлеуі толық қалпына келгенін білемін.

Фото: depositphotos.com

– Заманауи медицинада инсульт емдеуде қолданылатын жаңа технологиялар мен әдістер бар ма?

– Иә, қазіргі медицинада инсультпен күресте инновациялар кеңінен еніп жатыр. Мысалы, нейронавигация – хирургия кезінде нақты бағыттау жүйесі. Бұдан бөлек роботталған оңалту құрылғылары (мысалы, Ekso Bionics) – қимыл белсенділігін қалпына келтіруге көмектеседі. Транскраниальды магниттік стимуляция (TMS) – нейропластиканы белсендіріп, сөйлеу мен қозғалысқа оң әсер етеді. Қашықтықтан оңалту – телереабилитация – ауылдағы науқастарға қолжетімді мүмкіндік. AI диагностикасы – инсультті ерте тану үшін машиналық оқыту алгоритмдері – мысалы, Viz.ai.

– Инсульттан кейін қалпына келтіру процесі қалай жүреді?

– Қалпына келу – ұзақ және сатылы процесс. Алғашқы кезең – неврологиялық тұрақтану, кейін функционалды оңалту басталады. Мұнда мультидисциплинарлық топ, яғни невропатолог, реабилитолог, логопед, психолог, т.б. жұмыс істейді. Ерте басталған оңалту инсульттен кейінгі 48-72 сағатта неғұрлым тиімді. Қазір нейропластика, яғни ми жасушаларының жаңа байланыс құру қабілеті оңалтудың негізіне айналып отыр.
 
– Қозғалыс, сөйлеу және психологиялық функцияларды қалпына келтіру жолдары қандай?

– Науқастың жағдайына қарай бір уақытта бірнеше бағыттағы оңалту терапияларын қатар қолдану – өмір сапасын жақсартып қана қоймай, жалпы өмір сүру ұзақтығын арттыруға да ықпал етеді. Біріншіден, физиотерапия – бұлшықет тонусын қалпына келтіру, қозғалысты үйлестіру және жүру дағдыларын қайта үйретуге бағытталған. Екіншіден, логопедтік терапия – сөйлеу функциялары бұзылған кезде (мысалы, афазия немесе дизартрия) өте маңызды. Бұл – тек сөздерді айтуды емес, жалпы қарым-қатынас жасау қабілетін қалпына келтіруді көздейді. Үшіншіден, когнитивті терапия – есте сақтау, зейін, назар шоғырландыру мен ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған, әсіресе инсульттен кейін когнитивті әлсіреу байқалатын науқастарға жақсы көмектеседі. Төртіншіден, психотерапия – депрессия, мотивацияның төмендеуі мен постинсульттік күйзелісті жеңуге көмектеседі. Өкінішке орай, бұл мәселелер науқастардың жартысынан көбінде кездеседі.

Мысалы, 39 жастағы ер адам афазиямен түсті. Алты ай бойы логопед маманмен жүйелі жұмыс істеген соң, сөйлеу қабілеті толығымен қалпына келді. Бұл – кешенді оңалтудың тиімділігін дәлелдейтін нақты мысал.


Оқи отырыңыз: "Барлық жүйке ауруының басты емі – түнгі тыныш ұйқы". Неврологпен сұхбат


 – Оңалту терапиясының ұзақтығы мен тиімділігі не нәрсеге тәуелді?

– Оңалту терапиясының ұзақтығы мен тиімділігі бірнеше маңызды факторға байланысты. Ең алдымен, инсульттің түрі мен ауырлығы үлкен рөл атқарады. Мысалы, кең ауқымды геморрагиялық инсульттен кейінгі оңалту уақыты әлдеқайда ұзақ болуы мүмкін. Екінші фактор – пациенттің жасы мен қосымша ілеспе аурулары. Қант диабеті, артериялық гипертензия немесе жүрек жеткіліксіздігі сияқты жағдайлар оңалту процесін баяулатуы ықтимал. Сондай-ақ, оңалтуды қашан бастағанымыз – өте маңызды. Медициналық стандарттарға сай, оңалту инсульттен кейінгі алғашқы 48-72 сағат ішінде басталса, қалпына келу көрсеткіші әлдеқайда жоғары болады.

Сонымен қатар, пациенттің отбасы мен медицина қызметкерлерінің қолдауы да үлкен рөл ойнайды. Эмоциялық және физикалық қолдау оңалтудың нәтижелілігін айтарлықтай арттырады. Орта есеппен, белсенді оңалту 3-6 айға дейін созылады. Ауыр жағдайларда бұл кезең 1 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Мәселен, Канада инсульт қорының зерттеуіне сүйенсек, оңалтуды ерте бастаған пациенттерде мүгедектік көрсеткіші 40 пайызға дейін төмендегені анықталған. Бұл – ерте оңалтудың маңыздылығын көрсететін нақты ғылыми дерек.

Фото: depositphotos.com

– Науқастың туыстары мен жақындарының қолдауы қалпына келу процесіне қалай әсер етеді?

– Отбасы – бұл реабилитациядағы психоэмоциялық тірек. Мотивацияны арттырып, науқастың белсенділігін сақтауға көмектеседі. Зерттеулерге сай, тұрақты отбасы қолдауы бар науқастарда функционалды қалпына келу екі есе жылдам жүреді. Тіпті қарапайым серуенге бірге шығу, сөйлесу, мадақтау – жүйке жүйесіне оң әсер береді.

– Инсульттің алдын алуда қандай нақты профилактикалық шаралар тиімді?

– Инсультті алдын алу – бұл ең тиімді ем. Себебі біз ми жасушалары зақымданбай тұрып, қауіп факторларын бақылауға ала аламыз. Клиникалық тәжірибемде байқағаным – дұрыс профилактика жүргізілген пациенттерде инсульттің даму қаупі айтарлықтай төмендейді. Ең алдымен, қан қысымын тұрақты бақылау – аса маңызды. Артериялық гипертензия инсульттің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Қан қысымын 140/90 мм сын. бағ.-дан төмен деңгейде ұстау ұсынылады. Екіншіден, қандағы глюкоза мен холестерин деңгейін реттеу қажет. Қант диабеті мен дислипидемия ми қан тамырларын зақымдап, тромб түзілу қаупін арттырады. Егер пациентте жүрек аритмиясы, әсіресе атриальды фибрилляция болса, антикоагулянттар, мысалы, варфарин немесе жаңа пероральды антикоагулянттар қабылдау арқылы эмболиялық инсульттің алдын алуға болады. Тағам үлесінде салауатты диета, әсіресе қуырылған, тұзды тағамдарды шектеу, көкөніс пен балықты көбейту ұсынылады. Қимыл-қозғалыс белсенділігі – аптасына кемінде 5 күн, күн сайын 30 минуттан жүріп-тұру арқылы инсульт қаупін 30-40 пайызға азайтуға болады. Сонымен қатар, темекі шегу мен шамадан тыс алкоголь инсультке тікелей алып келетін факторлар. Бұл әдеттерден бас тарту – миды қорғаудың сенімді жолы.

Айта кетерлігі, БҰҰ мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) бірлесіп ұсынған "25×25" бағдарламасы бойынша, егер елдер 2025 жылға дейін негізгі қауіп факторларын азайтса, жүрек-қантамыр аурулары мен инсульттің таралуын 25 пайызға дейін төмендетуге болады. Бұл – халықаралық деңгейде мойындалған стратегиялық бағыт.

 – Салауатты өмір салты инсульттің алдын алуға қалай көмектеседі?

– Салауатты өмір салты – инсульттің ең табиғи әрі ең тиімді алдын алу жолы. Медициналық тәжірибеде біз мұндай тәсілдің әсерін күнделікті көріп отырмыз. Науқас өз өмір салтын өзгерткен кезде, инсульттің даму қаупі ғана емес, оның қайталану мүмкіндігі де айтарлықтай азаяды. Ең алдымен, салмақ пен артериялық қысым тұрақтанады. Артық салмақ – гипертония мен қант диабетінің негізгі себептерінің бірі. Ал бұл екі фактор инсультпен тікелей байланысты.

Сонымен қатар, қан айналымы жақсарып, мидың оттегімен және қоректік заттармен қамтамасыз етілуі қалпына келеді. Бұл – ишемиялық инсульттің алдын алуда маңызды. Қандағы глюкоза мен холестерин деңгейі қалыпты деңгейге түсіп, тамыр ішіндегі атеросклероздық "бляшкалардың" түзілу қаупі азаяды. Сондай-ақ, тұрақты физикалық белсенділік пен дұрыс тамақтану жүйке жүйесі мен жүрек-тамыр жүйесінің төзімділігін арттырады, стресске қарсы тұру қабілетін күшейтеді.

Зерттеулер бұл тәсілдің нәтижесін нақты көрсетіп отыр: салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарда инсульт қаупі 70 пайызға дейін төмендейтінін дәлелдейтін бірқатар халықаралық мета-анализдер бар. Яғни, бұл – әркімнің өз қолынан келетін, тиімді әрі қауіпсіз профилактика. Дәрігер ретінде мен әр пациентке ең алдымен осыны ұсынамын.


Оқи отырыңыз: Инфаркт пен инсульт көбейді: Қан қысымын қалай өлшеген дұрыс?


 – Қоғамда инсульт туралы білім деңгейін арттыру үшін қандай шаралар керек?

– Қоғамда инсульт туралы білім деңгейін арттыру – оның алдын алудың маңызды бөлігі. Себебі халық бұл аурудың белгілерін, қауіп факторларын және алғашқы көмек тәсілдерін білмесе, уақыт жоғалтып, қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан ең алдымен, ақпараттық-ағартушылық науқандар өткізу қажет. Әсіресе, бүкіл әлемде қолданылатын FAST әдісін үйрету – инсульт белгілерін тез тануға көмектеседі. Мұны қарапайым плакаттар, бейнероликтер мен әлеуметтік желі арқылы жеткізуге болады.

Екінші маңызды бағыт – мектептер мен жоғары оқу орындарында денсаулық сағаттарын өткізу. Ерте жастан салауатты өмір салтына баулу, инсульттің негізгі себептері туралы түсіндіру – болашақтағы қауіптің алдын алады. Үшіншіден, жұмыс орындарында профилактикалық тексерулер ұйымдастыру өте тиімді. Мысалы, "Қысым өлшеу күні" немесе "Холестерин тексеру апталығы" сияқты акциялар арқылы көптеген адам алғаш рет өзінде қауіп барын анықтай алады.

Тағы бір маңызды қадам – телемедицина мүмкіндіктерін кеңейту, әсіресе шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін. Олар онлайн кеңес алып, симптомдарын дер кезінде түсініп, уақытында жедел жәрдем шақыра алады. Мұндай кешенді шаралар қоғамдағы сауаттылықты арттырып қана қоймай, инсульттің алдын алу және емдеудегі уақыт факторын жақсартуға сеп болады.

– Қазақстанда инсультпен күреске арналған бағдарламалар бар ма? Олардың нәтижесі қандай?

– Қазақстанда инсультпен күреске арналған нақты ұлттық бағдарламалар бар және олардың алғашқы нәтижелері үміт күттірерлік. Бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі елімізде инсульттің таралуы мен одан болатын мүгедектік пен өлім-жітім деңгейін азайту мақсатында Инсульттің алдын алу және оңалту жөніндегі кешенді бағдарламаларды іске қосты. Соның нәтижесінде, инсульттік орталықтар саны айтарлықтай артты. Бұл орталықтарда заманауи диагностикалық құрылғылар, білікті мамандар және шұғыл көмек көрсету алгоритмдері бар.

Еліміздің барлық аймағында "Жасыл дәліз" жүйесі, яғни инсультке күдікті науқасты жедел жеткізіп, диагностика мен емді 1 сағаттың ішінде бастауға арналған хаттама енгізілді. Бұл – халықаралық стандарттарға сай келетін өте маңызды қадам. Сонымен қатар, нейрооңалту орталықтары ашылып жатыр, әсіресе ірі қалаларда – Алматы мен Астанада жоғары технологиялы реабилитация бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарда пациенттер инсульттен кейінгі сөйлеу, қозғалыс және психоэмоциялық функцияларын қалпына келтіру үшін кешенді көмек алады. Дәрігер ретінде айтарым, бұл бастамалар әрі қарай да қолдауды қажет етеді. Себебі инсультпен күрес – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

– Қазіргі таңда қандай ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр?

– Қазіргі таңда әлемде инсультке қатысты бағытта қарқынды ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр және олардың барлығы бір ғана мақсатқа – ми жасушаларын қорғау, қалпына келтіру және инсульттің алдын алу жолдарын жетілдіруге бағытталған.

Бірінші кезекте, стем – бағаналық жасушалар бойынша зерттеулер ерекше назарда. Бұл жасушалар зақымдалған нейрондардың орнына қайта жаңадан жүйке тіндерін құруға қабілетті. Бүгінде клиникалық зерттеулердің 2-3 фазаларында стем жасушаларды ишемиялық инсульттен кейінгі қалпына келу процесінде қолдану тиімділігі бағаланып жатыр. Мысалы, MULTISTEM атты халықаралық зерттеу осы бағытта үміт күттіреді.

Екінші бағыт – нейропротекторлар. Бұл – инсульт кезінде ми жасушаларының өлуін тежеуге немесе баяулатуға арналған молекулалар. Өкінішке қарай, бұған дейінгі бірнеше препарат клиникалық зерттеулерде тиімділігін дәлелдей алмаған еді. Алайда жаңа буын нейропротекторлар, мысалы, NA-1, ursodeoxycholic acid клиникалық тәжірибеге ену алдында тұр.

Үшінші үлкен бағыт – жасанды интеллект (AI) пен үлкен деректер (Big Data) технологияларын қолдану. Заманауи нейрорадиологияда AI көмегімен инсультті автоматты түрде тану, мидың зақымданған аймағын картаға түсіру және тромболизиске жарамдылықты нақтылау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, Big Data платформалары қауіп факторларын алдын ала болжауға, яғни инсульт болу мүмкіндігін ерте сатыда бағалауға мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – генетикалық терапиялар. Зерттеушілер инсультке бейімдік тудыратын гендер (мысалы, PITX2, HDAC9) мен олардың мутацияларын анықтап, оларды модификациялау арқылы аурудың алдын алу жолдарын іздестіруде. Бұл болашақта жеке медицина (precision medicine) бағытын дамытпақ.

Тағы бір қызықты әрі болашағы зор бағыт – нейроинтерфейстер, яғни мидың электрлік сигналдары арқылы сыртқы құрылғыларды басқару технологиясы. Инсульт алған, қозғалыс қабілеті шектелген пациенттерге арналған осындай жүйелер арқылы қол-аяқты ой арқылы басқару немесе экзоскелеттерді пайдалану мүмкіндігі туып отыр.

Яғни, ғылым бүгінгі таңда тек емдеумен шектелмей, инсультті ерте болжау, болдырмау және толық қалпына келтіру жолдарын нақты зерттеуде. Бұл – медицинадағы нағыз үміт тудыратын бағыттардың бірі. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың сексені – балалар


– Болашақта инсультке қарсы вакциналар немесе гендік терапиялар пайда болуы мүмкін бе?

 –Қазіргі таңда инсультке қарсы нақты вакцина жоқ. Бірақ атеросклерозға қарсы вакциналар клиникалық зерттеу сатысында. Мысалы, PCSK9 ингибиторларына негізделген. Гендік терапия – болашақтың бағыты. Әсіресе жасуша регенерациясы мен қан тамырларын қалпына келтіру бағытында үміт зор.

– Жасанды интеллект пен Big Data инсультке қалай әсер етуде? Толығырақ айтып өте аласыз ба?

– Жасанды интеллект (AI) пен Big Data технологиялары қазіргі медицинада, соның ішінде инсультке қатысты бағытта, нағыз серпіліс әкеліп отыр. Бұл технологиялар ауруды ерте анықтау, диагностика жүргізу, емдеуді жоспарлау және денсаулық сақтау жүйесін тиімді басқаруда кеңінен қолданыла бастады.

Алдымен, AI инсульт диагностикасында нақты әрі жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, науқас жедел жәрдем шақырмай тұрып, смартфон арқылы сөйлеу мен бет қимылдарындағы өзгерісті автоматты түрде анықтайтын симптом-тану жүйелері енгізілуде. Компьютерлік томография нәтижелерін автоматты талдайтын алгоритмдер арқылы инсульт түрін, зақымдалған аймақты және емге жарамдылықты тез әрі дәл анықтауға болады. Бұл науқасқа тромболизис немесе тромбэктомия секілді өмірлік маңызды араласуларды уақытылы жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, PredictAI, StrokeNet, DeepStroke сынды жобалар науқастың жасын, қан қысымын, холестерин, қант, жүрек ырғағы секілді мәліметтерді сараптап, инсульт қаупін алдын ала болжай алатын болжамдық модельдер жасап жатыр.

Ал Big Data – бұл денсаулық сақтау саласында жиналған орасан көлемдегі медициналық деректерді талдай отырып, бүкіл ел бойынша қауіп картасын жасауға мүмкіндік береді. Мысалы:

  1. Қай өңірде қан қысымы жоғары адамдар жиі тіркеледі?
  2. Қай аймақта аритмия немесе қант диабеті кең таралған?

Осындай деректер негізінде медициналық ресурстарды тиімді жоспарлау, яғни инсульт орталықтарын дұрыс орналастыру, кадр мен техникамен қамтамасыз ету, профилактикалық жұмыстарды күшейту – бәрі нақты дерекке сүйене отырып шешіледі.

Қорыта айтқанда, AI мен Big Data инсультке қарсы күресте болашақтың емес, қазіргі күннің қуатты құралдары. Біз оларды неғұрлым ерте және кеңірек енгізсек, соншалықты тиімді нәтижелерге қол жеткізе аламыз.

Серіктестер жаңалықтары