Дәрі қобдишасы: Шетелге шыққанда қандай дәрі-дәрмекті өзіңмен ала бару керек

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Балалармен немесе созылмалы ауруы бар адамдармен саяхаттаған кезде дәрі-дәрмекті өзіңмен алып жүру өте маңызды. 

Жазғы демалыс маусымы қызу жүріп жатыр. Бірі шетел асып жатса, енді бірі ел ішіндегі шипажайларға, теңіз жағасына немесе тауға сапар шегеді. Мұндай кезде аяқ асты денсаулық сыр беріп, көңіл-күйді бұзбауы үшін өзіңізбен бірге шағын дәрі қобдишасын алып жүру маңызды. Ол қобдишада қандай дәрілер мен құралдар болуы керек? Тәжірибелі педиатр Нұржамал Асылбекқызы тізім жасап берді. 

Дәрі қобдишасы не үшін қажет?

Демалыс кезінде, әсіресе жолда немесе шетелде суық тию, іш өту, жәндік шағу, аллергия секілді оқыс жағдайлар жиі кездеседі. Ал жақын маңда дәріхана болмауы мүмкін. Сонымен қатар дәрілердің атауы әр елде әртүрлі болады, көптеген елде антибиотиктер, гормоналды препараттар немесе ауырсынуды басатын күшті дәрілерді дәрігердің рұқсатынсыз сатып алу мүмкін емес. Сондықтан кез келген сапарға шығар алдында отбасыңызға арналған шағын, бірақ тиімді дәрі қобдишасын дайындап алған жөн. Бұл аурудың өршіп кетуінің алдын алады және алғашқы көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады. Әсіресе, балалармен немесе созылмалы ауруы бар адамдармен саяхаттаған кезде дәрі-дәрмекті өзіңмен алып жүру өте маңызды. 

Сапарға қажет дәрілер тізімі:

  • Қызу түсіретін дәрілер (парацетамол немесе ибупрофен: сироп немесе суппозиторий түрінде);
  • Мұрын шаюға арналған тұзды ерітінділер (Аквамарис, Аквалор, физерітінді);
  • Мұрын бітелгенге қарсы тамшылар (оксиметазолин немесе ксилометазолин негізінде);
  • Мұрын тазалауға арналған аспиратор;
  • Сусыздануға қарсы ерітінділер (Регидрон Био, Биогая ОРС, Нормобакт, Аквабаланс);
  • Пробиотиктер;
  • Іш қатуға қарсы дәрілер (Дюфалак, Форлакс немесе глицерин суппозиторийі);
  • Аллергияға қарсы дәрілер (6 айдан бастап қолдануға Зодак немесе Зиртек, бір жасқа дейін Фенистил тамшысы, Фенистил гелі);
  • Гидрокортизон жақпамайы (жәндік шаққанда қолдануға болады);
  • Антибиотиктер (амоксициллин немесе клавулан қышқылы бар амоксициллин);
  • Жараға арналған майлар (Левомеколь, Банеоцин немесе Мупироцин);
  • Дәке мен жаратаңғыштар;
  • Күннен қорғайтын СПФ кремдер, эмоленттер және масаға қарсы спрейлер;
  • Созылмалы ауруларға қажет ингалятор, небулайзер және Пульмикорт және Беродуал сынды дәрілер.
Фото: depositphotos.com

Шетелде ауырып қалсаңыз, не істеу керек?

  • Медициналық сақтандыру полисін қолданыңыз: Ол көптеген елде жергілікті емханаларда алғашқы медициналық көмекті тегін немесе жеңілдікпен алуға мүмкіндік береді. Сақтандыру компаниясының байланыс нөмірі мен полис нөмірін әрдайым қолыңызда ұстаңыз.
  • Құжаттар мен рецептердің көшірмесін алып жүріңіз: Егер дәрігерге жүгінсеңіз, берілген рецептерді, диагнозды және тағайындалған емді суретке түсіріп немесе сканерлеп сақтау маңызды. Бұл басқа медициналық мекемелерге жүгінгенде қажет болады.
  • Дәрілердің халықаралық атауын (INN) қолданыңыз: Әр елде дәрі-дәрмек атауы әртүрлі болуы мүмкін. Қажетті дәріні табу үшін халықаралық патенттелмеген атауды айту қажет.
  • Маңызды дәрілерді қол жүгінде алып жүріңіз: Ұшақта, пойызда немесе автобуспен ұзақ жүргенде жиі пайдаланылатын немесе шұғыл қажет болуы мүмкін дәрілерді (мысалы, жүрек, асқазан, аллергияға қарсы дәрілерді) негізгі сөмкеге емес, қолсөмкеге салыңыз.

Сақтандыру полисін қайдан алуға болады?

Қазақстанда саяхатқа арналған медициналық сақтандыруды бірнеше жолмен алуға болады:

  • Сақтандыру компаниялары арқылы: Халық-Life, Freedom sayakhat, Номад Insurance, Nomad, Amanat, Jusan Garant және тағы басқа)
  • Туристік фирмалар арқылы: Көбінесе тур сатып алған кезде бірге беріледі. Бірақ сақтандыру мазмұнын тексеріп алу қажет, себебі кейде тек COVID-19-ға қатысты берілуі мүмкін.
  • Банк қосымшалары арқылы онлайн: Көптеген банктің қосымшасында сақтандыру бөлімі бар. Сол жерден саяхатшыға арналған полис рәсімдеуге болады.
  • Халықаралық платформалар арқылы: Cherehapa.com, Tripinsurance.kz, тағы басқа. Бұл сайттар саяхатқа арналған сақтандыру полистерін онлайн салыстырып, сатып алуға мүмкіндік береді.
  • Сақтандыру полисінің құны қай елге қанша күнге баратыныңызға және жасыңызға байланысты. Мысалы, Түркияға 7 күнге бару үшін 1500–3000 теңге аралығында алуға болады. Кеңейтілген полис қымбаттау болады.

Кей дәрілердің халықаралық атауы:

Міне, дәрілер мен олардың халықаралық атаулары (INN) тізімі:

  • Парацетамол – Paracetamol
  • Ибупрофен – Ibuprofen
  • Аквамарис, Аквалор, Физерітінді – Sodium chloride (0.9%)
  • Мұрынға арналған тамшылар (Називин, Отривин т.б.) – Oxymetazoline немесе Xylometazoline
  • Регидрон Био – Oral rehydration salts + Probiotics
  • Биогая ОРС – Oral rehydration salts + Lactobacillus reuteri
  • Нормобакт – Lactobacillus rhamnosus GG
  • Дюфалак – Lactulose
  • Форлакс – Macrogol (Polyethylene glycol)
  • Глицерин суппозиторийі – Glycerol
  • Зодак немесе Зиртек – Cetirizine
  • Фенистил (тамшы, гель) – Dimetindene
  • Гидрокортизон жақпамайы – Hydrocortisone
  • Левомеколь – Chloramphenicol + Dexpanthenol
  • Банеоцин – Neomycin + Bacitracin
  • Мупироцин (Бактробан) – Mupirocin
  • Амоксиклав немесе Флемоклав — Amoxicillin + Clavulanic acid
  • Флемоксин – Amoxicillin
  • Пульмикорт – Budesonide
  • Беродуал – Ipratropium bromide + Salbutamol

Дәрінің халықаралық атауын қайдан қарау керек?

Дәрінің нұсқаулығын оқыңыз. Сол жерде дәрінің құрамындағы белсенді зат оның халықаралық атауымен (INN) сәйкес келеді.  Мысалы: "Зодак" дәрісінің құрамындағы белсенді зат – цетиризин дигидрохлорид. Демек, "Зодактың" халықаралық атауы – Cetirizine. 

Дәрілердің нұсқаулығы қолыңызда болмаса, apteka.kz, europharma.kz, vidal.kz сынды сайттардан қарауға болады. 

Сонымен қатар интернет қолжетімді болса, кез келген іздеу жүйесінен "Дәрінің атауы INN" деп іздеуге болады. Мысалы, "зодак INN". 

Серіктестер жаңалықтары