Тау – ғажайып көріністер мен еркіндіктің мекені болғанымен, бейқамдықты кешірмейтін қатерлі аймақ. Жолды дұрыс жоспарламау, ауа райын елемеу, жабдыққа салғырт қарау – мұның бәрі соңы қайғылы аяқталуы мүмкін қауіптерге апарып соқтырады. Сол себепті қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – тауға шыққысы келетін әр адам үшін аса маңызды міндет.
Осы орайда кәсіби гид, нұсқаушы және Shymbulak Outdoor резиденті Александр Голованов тауға алғаш шығушылар жиі жіберетін қателіктер мен олардан сақтанудың жолдары туралы әңгімеледі.
– Александр, тауға алғаш шығатындар ең жиі қандай қателіктер жібереді?
– Тәжірибемде байқағаным: қателіктер бір-біріне ұқсас әрі жүйелі түрде қайталанып отырады. Біреулер қалада киген кедимен тауға шығады, енді біреулер су алуды ұмытады, тағы бірі бағыттан жаңылып, қараңғы түскенде ғана кері қайтады. Мұның бәрі, сайып келгенде немесе тәжірибе арқылы үйрену, немесе құтқару қызметінің статистикасына айналу деген екі нәтижеге әкеледі.
Ең жиі кездесетін мәселе – маршрутты дұрыс бағаламау. "Небәрі 5 шақырым екен, бір сағатта барып келем" деп ойлайды. Ал шын мәнінде, бұл – 800 метр тік көтерілу, тайғақ соқпақ, аптап ыстық, тау желі, аяқтың шаршауы деген сияқты қиындықтармен ұштасып жатады. Таудағы әр шақырым – жазықтағыдан мүлде бөлек.
– Киім мен жабдыққа қатысты қандай кеңес бересіз?
– Ең үлкен қателік – қажетті жабдықтың мүлде болмауы. Көп адам тауға әдеттегі серуенге шыққандай киініп келеді. Ыңғайлы аяқ киім, треккинг таяқшалары, ауа райы күрт өзгерсе киетін қосымша киім, бұлардың барлығы көбіне ескерусіз қалады. Жалпы қағида мынадай: артық зат алмаңыз, бірақ ең қажеттілерін ұмытпаңыз. Мақаланың соңында міндетті жабдықтар тізімін де беріп отырмыз.
Оқи отырыңыз: Қыста тауға шыққанда қандай қауіпсіздік ережелерін ескеру керек
– Тауға шығып, жоғалып кету жағдайлары жиі бола ма?
– Иә, өкінішке қарай, бұл да жиі кездесетін мәселе. Көп адам маршрутты алдын ала зерттемейді, тректі жүктемейді, соқпақтың бағытын білмейді. Құтқарушылардың әлеуметтік желілеріне көз жүгіртсеңіз, күн сайын біреуді іздеп жататынын көресіз. Тағы бір маңызды нәрсе – қайда бара жатқаныңызды жақындарыңызға ескерту. Бұл іздеу уақытын айтарлықтай қысқартады. Сол себепті: маршрутты алдын ала зерделеңіз, офлайн-карта жүктеңіз, тректі сақтаңыз және отбасыңызды хабардар етіңіз.
– Тағы қандай қателіктер қауіпті деп санайсыз?
– Ауа райына назар аудармау – ең қауіпті қателіктің бірі. Көп адам қалада күн ашық болса, тауда да солай болады деп ойлайды. Ал таудағы жағдай әп-сәтте өзгереді: мысалы, Көк Жайлауда күн ашық тұрған жерден бірден нөсер жаңбыр жауып, салқын түсіп кетуі мүмкін. Жұқа футболкамен жүрген адам су болады, телефон істен шығады, ал күш-қуаты сарқылып, қайтуы қиынға соғады. Кедимен тауға шығу да жарақат алу қаупін арттырады. Тағы бір ескеретін нәрсе – жорыққа жалғыз шығу. Кей жағдайларда бұл өмірге қауіп төндіретін шешімге айналуы мүмкін.
– Жаңа бастап жүргендерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бастысы – біліңіз, оқыңыз және сұраудан ұялмаңыз. Қай кезде де "Кері қайту – жеңіліс емес" екенін ұмытпаңыз. Бару нүктеңіз туралы толық ақпарат жинаңыз, ауа райын тексеріңіз және ешқашан "бәрін білемін" деген иллюзияға берілмеңіз. Бұл – тауда ең қауіпті психология. Жеңіл маршруттардан бастаңыз. Тәжірибелі адамдармен бірге шығыңыз. Telegram-чаттар мен жорық топтарына қосылыңыз. Биіктікті де, машықты да біртіндеп арттырыңыз.
– Өзіңіз жасаған, есіңізде ерекше қалған бір қателік туралы айтып беріңізші.
– Мен тауға алғаш альпинизм секциясы арқылы шықтым, ол жерде маршруттар өзгеше, бірақ негізгі қағидалар бәрібір бір: өз күшіңді асыра бағаламау, бағытты нақты білу, тактикалық және техникалық дайындықтың маңызын түсіну. Альпинизмде қателіктің құны әлдеқайда жоғары екенін ерте түсінесің.
– Демалыс күнгі жорыққа қажетті жабдықтар тізімі қандай?
– 15-25 литр көлемінде рюкзак. Маршрут неғұрлым жеңіл болса, сөмке де шағындау болады.
Міндетті жабдықтар:
- су – кемінде 1,5 литр (бөтелкеде не гидраторда);
- жеңіл тамақ – бутерброд, жаңғақтар, жемістер, энергетикалық батондар;
- жаңбырдан қорғайтын плащ – күн ашық болса да міндетті;
- күннен қорғайтын көзілдірік пен бас киім;
- жеке дәрі қобдишасы – пластырь, бинт, антисептик, ауырсынуды басатын дәрі;
- маңдай шамы;
- телефон және қуаттағыш (пауэрбанк);
- офлайн карта немесе қағаз түріндегі маршрут сызбасы;
- жылы киім – жеңіл күртеше, флис, бафф;
- қоқысқа арналған пакет – табиғатты таза қалдыру үшін;
- треккинг таяқшалары – әсіресе таудан түскенде өте пайдалы.
Оқи отырыңыз: Альпинист Альмир Қымбатбайұлы: Қазақ қызын Эверестке шығару миссиясын сәтті орындадық
Не алмаған дұрыс:
- "керек болып қалар" деген артық киім-кешек;
- қолданылмаған, күрделі техника;
- газ баллондары, плиткалар, қазан – бір күндік жорыққа артық.
Шығар алдында өзіңізге сұрақ қойыңыз:
- Маршрут жоспары бар ма?
- Барлық құрылғы қуатталған ба?
- Картасы немесе трегі сақталған ба?
- Қайда баратыныңызды жақындарыңыз біле ме?
- Ауа райы қандай болмақ?
Есіңізде болсын: Тау – сұлулықтың ғана емес, жауапкершіліктің де кеңістігі. Білім мен сақтық – қауіпсіз саяхаттың кепілі.
USD:
538.7 / 541.1
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65