Қазақстанда дәрі-дәрмектердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық таңбалау жүйесі белсенді түрде енгізілуде. Бұл бастама фармацевтикалық өнімдердің заңдылығын бақылауды күшейтуге және тұтынушыларды жалған дәрілерден қорғауға бағытталған.
Енді еліміздегі дәрілік заттардың әр қорабында бірегей Data Matrix коды орналастырылады. Бұл – дәріге арналған цифрлық "төлқұжат". Тұтынушылар бұл кодты сканерлеу арқылы дәрінің түпнұсқалығын тексере алады. Бұл үшін Naqty Onim деп аталатын тегін мобильді қосымшаны жүктеу жеткілікті.
Қолданба тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың бастамасымен әзірленген. Naqty Onim арқылы пайдаланушылар дәрі қаптамасындағы кодты сканерлеп, өнім туралы мәліметтің дерекқорда бар-жоғын, оның заңды екенін және кодтың күдік тудыратынын тексере алады. Тексеру процесі небәрі бір минутты алады, алайда бұл қарапайым әрекет адамның денсаулығын немесе тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін.
«Naqty Onim – бұл тек технологиялық құрал ғана емес, сонымен қатар азаматтардың денсаулығын қорғау жолындағы сенімді серіктес», – дейді Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың басқарушы директоры Алмат Исмаилов.
Оның айтуынша, таңбалау жүйесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және сауданың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Контрафактілік өнімдерді сатып алу қаупін жою үшін әрбір тұтынушы өнім түпнұсқалығын өзі тексере алады. Бұл – көлеңкелі экономиканың таралуына қарсы қоғам тарапынан бақылау жасаудың тиімді құралы», – деді ол.
Naqty Onim мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны күн сайын артып келеді. Оператордың деректеріне сәйкес, қосымша іске қосылғалы бері 25 мыңнан астам рет жүктелген.
Жобаға фармацевтикалық нарықтың жетекші өкілдері де қолдау білдіруде. Polpharma Santo компаниясының бас директоры Адам Алексейюк бұл жүйенің маңыздылығын атап өтті:
«Жалған дәрілер – бүкіл саланың алдында тұрған күрделі мәселе. Енді қазақстандықтар дәрілердің түпнұсқалығын өздері оңай тексере алады. Бұл пациенттерге деген қамқорлықты арттырады және денсаулық сақтау саласына деген сенімді нығайтады», – деді ол.
Қолданбаны пайдалану өте қарапайым: смартфон камерасын қаптамадағы екі өлшемді штрих-кодқа бағыттау жеткілікті. Егер код жүйедегі мәліметтермен сәйкес келмесе немесе күдік тудырса, қосымша дереу ескерту жібереді.
Бүгінде Naqty Onim – отандық денсаулық сақтау жүйесінің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам ретінде бағалануда.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65