
Бүгінде отандық фильмдердің 80 пайызы – шалақазақша. Кинотеатрға барып, сондай бір фильмді көріп шықтым. Қатты көңілім құлазыды.
Қазақ тілінде сөйлейтін кейіпкер – кедей, ақымақ, дауысы дөрекі, киімі келіспеген, ойы таяз, көштен қалған, не күлкіге айналған бейшара образда. Ал орысша сөйлеген кейіпкер – сымбатты, табысты, қала мәдениетінің көрінісі, "крутой", "бизнесмен", "ақылды", заманауи. Мұндай ұстаным кездейсоқ нәрсе емес. Бұл – тереңге тамыр жайған санаға жасалған шабуыл. Бұл – "Тіл – болмыс" екенін білмейтіндерге тіл арқылы тұтас ұлтты кемсіту.
Кино – жай ғана өнер емес, ол – сана кодын өзгертетін қуатты құрал. Экраннан көрген образына қарап, жасөспірім өз болашағын елестетеді. Егер ол болашақты қазақ тілінде сөйлеумен емес, тек орысша сайрап тұрған кейіпкермен байланыстыра бастаса, онда біз өз тілімізді өз қолымызбен шеттетіп отырмыз.
Оқи отырыңыз: "Қазақ тілі" оқулығының бастапқы статусын қайтару маңызды
Қазақша сөйлейтін адамды "жабайы", "отсталый" етіп көрсету - тілді емес, тұтас ұлттың болмысын қорлау. Мұндай стереотиптің кесірінен талай жас: "Қазақша сөйлеу – ұят", "Орысша сөйлеу – мықтылық" деген жалған түсінікпен өсіп келеді.
Сондықтан бізге енді кино арқылы жалған пафос емес, шынайы ұлттық рух керек. Білімді, табысты, мәдениетті, заманауи кейіпкер қазақ тілінде сөйлесін. Сонда ғана экран тілі – елдің тіліне айналады. Сондықтан бұл үнсіз күресті тоқтату – әрбір саналы азаматтың, әсіресе шығармашылық иелерінің қолында.
Кинодағы қазақ тілі – әлсіздің үні емес, елдің үні болуы керек.
Себебі… Кино өзгерсе – көзқарас өзгереді. Көзқарас өзгерсе – қоғам өзгереді. Қоғам өзгерсе – тілдің тағдыры да өзгереді. Ал тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры екенін ұмытпайық.
(Жазба саясаттанушы Ерлан Жұрынбаевтың Facebook парақшасынан алынды)
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.