
Әлемдік саясат пен экономикадағы ең өткір мәселенің бірі – АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының жаңа кезеңі басталды. Екі алып державаның тарифтік қақтығысы соңғы күндері күшейіп, жаһандық экономика үшін үлкен қатерге айналуда.
Жаһандық экономикадағы болжамдар қандай
Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар мен қаржы институттары 2025 жылғы экономикалық болжамдарын қайта қарап, төмендетіп жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамптың қытай тауарларына 25%-дан 45%-ға дейін жаңа тариф енгізуі, жауап ретінде Қытайдың да АҚШ импортына қарсы шаралар қабылдауы екі елдің экономикалық өсуін тежейді.
Сонымен бірге, жағдай ушықса, әлемдік экономикадағы келесідей салдар күтіледі:
Дүниежүзілік сауда ұйымының бағалауынша, жаһандық сауда көлемі 5-10%-ға дейін қысқаруы мүмкін.
Өнімдердің бағасы жоғарылап, әлемдік нарықта тұтыну тауарлары қымбаттайды. Бұл әсіресе Қазақстан сияқты дамушы елдердегі әлеуметтік жағдайды шиеленістіруі мүмкін.
Тарифтер мен шектеулер инвесторлардың сенімін төмендетіп, қор нарықтарында тұрақсыздық тудырады.
Оқи отырыңыз: АҚШ Қазақстаннан келетін тауарларға 27 пайыздық баж салығын енгізді. Көршілер үшін тариф екі есе төмен болды
Қазақстан үшін ықтимал салдар қандай
Қазақстан жаһандық экономиканың маңызды бөлігі болғандықтан, бұл сауда соғысының әсерін сезінбеуі мүмкін емес. Ықтимал салдар мынадай болуы мүмкін:
Қазақстан үшін ең негізгі тәуекел – экспорт көлемінің қысқаруы. АҚШ-тың енгізген жаңа тарифтері мен Қытай экономикасының баяулауы біздің экспорттық өнімдерімізге сұранысты азайтады. Әсіресе мұнай, металл, уран сияқты экспорттық шикізаттың бағасы төмендеуі мүмкін.
Теңгенің долларға шаққандағы бағамының құбылмалылығы артады. Бұл халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, импорттық тауарлардың бағасын өсіреді. Инфляциялық қысымның күшеюі халықтың әлеуметтік әл-ауқатына кері әсер етеді.
Жаһандық тұрақсыздық инвесторлардың Қазақстан экономикасына қызығушылығын төмендетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономикалық өсімге кедергі болады.
Оқи отырыңыз: АҚШ-тың 47-президенті әлем картасын қалай өзгертпек? Дональд Трамптың тосын мәлімдемелеріне шолу
Жағдай ушыққан кезде одан шығу жолдары қандай
Қазақстанға бұл дағдарыстан барынша аз шығынмен шығу үшін бірқатар стратегиялық қадамдар жасау қажет:
Тек АҚШ пен Қытайға тәуелді болмас үшін, Еуропалық Одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс елдері сияқты балама нарықтарға шығуды үдете түсу керек.
ШЫҰ, Түркі мемлекеттер ұйымы сияқты аймақтық бірлестіктер аясында және Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жаңа сауда келісімдерін жасасу арқылы тәуекелдерді азайтуға болады.
Ұлттық қордың қаражатын стратегиялық жобалар мен ішкі өндірісті дамытуға бағыттау маңызды.
Президент Қауіпсіздік кеңесінде мәлімдегендей, жаһандық экономикадағы ахуал күрделі әрі тұрақсыз болып тұр, сондықтан Қазақстан кез келген сценарийге дайын болуы қажет. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы – экономикалық тәуелсіздік пен тұрақтылық үшін жаңа сынақ. Осыған байланысты еліміз экономикалық саясатта батыл әрі нақты шаралар қабылдауы тиіс. Сондықтан қазіргі кезеңде ішкі ресурстарды тиімді пайдалану, балама нарықтар табу және экономиканы әртараптандыру – негізгі басымдықтарға айналуы керек.
Жаһандық қатерлерден сақтанудың жалғыз жолы – ішкі экономикалық қуатты күшейту екендігін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.
(Жазба Қазбек Майгелдиновтің Facebook парақшасынан алынды)
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.