Тоқаевтың ТМҰ саммитіндегі бастамалары өңірлік ынтымақтастықтың жаңа дәуірін ашады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ саммитінде. Фото: Aqorda Telegram арнасы
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ саммитінде. Фото: Aqorda Telegram арнасы
Әзербайжандағы Халықаралық қатынастарды талдау орталығының жетекші кеңесшісі Роза Байрамлы Қазақстан президентінің бастамалары жөнінде пікір білдірді.

"ТМҰ+" форматы ұйымның бақылаушыларымен және серіктес елдермен жұмыс істеуіне елеулі ықпал етуі мүмкін. Бұл формат арқылы серіктес ұйымдармен және бақылаушы мемлекеттермен институционалдық деңгейде жұмыс жүргізуге мүмкіндік туады, оларды ұйымға мүше қылмай-ақ. Мұндай қадам ТМҰ-мен ынтымақтастыққа мүдделі мемлекеттер санын арттырып, көлік, цифрландыру және басқа да салалардағы жобалардың географиясын кеңейтуге жол ашады.

Негізгі көлік дәліздерінің тоғысқан тұсында орналасқан Әзербайжан да ТМҰ-ның ықпал ету аясын кеңейтуге мүдделі. Белгілі болғандай, ТМҰ елдерімен қатар, Еуропалық Одақ пен Қытай да қызығушылық танытып отырған Орта дәліз бүгінде стратегиялық маңызға ие бола бастады. ТМҰ ауқымының кеңеюі көлік-логистика мен энергетика салаларындағы инвестицияларды тартуға тікелей әсер етеді. Бұл Баку үшін хабтық дипломатияның жаңа мүмкіндіктерінің ашылуын білдіреді.

Киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру идеясы жайында

Бұл мәселе Әзербайжан үшін өте өзекті, себебі ел кибершабуылдарға бірнеше рет тап болған. Кеңес құру ортақ қауіптер жөнінде ақпарат алмасуға, бірлескен жаттығулар өткізуге, аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымға (АМАИ) қарсы шабуылдарға үйлесімді жауап беруге, сондай-ақ байланыс операторлары үшін стандарттарды біріздендіруге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл салада арнайы Кеңес құру туралы ұсынысы – ТМҰ ішіндегі институционалдық олқылықтың орнын толтырады. Нәтижесінде ортақ стандарттар әзірленіп, индикаторлармен алмасу, бірлескен жаттығулар мен CERT ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл жолға қойылады.

Бұл – Баку үшін мемлекеттік қызмет пен энергетикалық инфрақұрылымның цифрлық трансформациясын жалғастырудың қисынды жалғасы болмақ.

Жаңа институттардың құрылуы ұйым ішіндегі кооперацияны дамытуға және интеграцияны жеделдетуге ықпал етеді.


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ аясында Киберқауіпсіздік кеңесін құруды ұсынды


Цифрлық инновациялар орталығын құру бастамасының болашағы қандай? 

Alem.AI базасында ТМҰ-ның Цифрлық инновациялар орталығын құру ұсынысы түркі кеңістігінде жедел пилоттық жобалар мен практикалық эксперименттерге арналған тиімді алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әзербайжанда 2025-2028 жылдарға арналған жасанды интеллект стратегиясы бекітілген. Бұл стратегия төрт негізгі мақсатты қамтиды:

  • Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
  • Жасанды интеллектті енгізуге қолайлы жағдай жасау;
  • ЖИ саласына қажетті кадрларды дайындау;
  • Жасанды интеллекттің артықшылықтарын қоғамда кеңінен насихаттау.

Мақсат – Әзербайжанда ЖИ саласын жедел дамыту, ғылыми зерттеулерді қолдау, басқару мен технологияларды жетілдіру, инфрақұрылымды нығайту және адами капиталды арттыру.

Осыған орай, ұйымға мүше мемлекеттер аталған жобаны іске асыруға қызығушылық танытуы мүмкін.

"Жасыл энергетикалық дәліздің" әлеуеті туралы

"Жасыл энергетикалық дәліз" бұл Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) тасымалдау және біріктіру жүйесін құруға бағытталған стратегиялық жоба. Жоба аясында Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанның энергетикалық жүйелері заманауи инфрақұрылым арқылы жерүсті және суасты электр желілерімен біріктіріледі. Сонымен қатар, жасыл энергияны өндіру бойынша жаңа қуаттар іске қосылады.

Қазақстандағы күн және жел генерациясының әлеуеті, Өзбекстанның шөлейт аймақтардағы күн электр станцияларын дамытуы және Әзербайжанның Каспий теңізіндегі теңіз жел энергетикасын игеруі ортақ синергия туғызып, біртұтас экспорттық бағытты қалыптастыруға жол ашады. Бұл маршрут Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді.

Аталған жоба үш елге де энергетикалық қауіпсіздік, экономиканы әртараптандыру, технологиялық жаңғыру бағыттарында пайда әкеледі. Сонымен қатар, бұл – өңірдің болашағына бағытталған ұзақмерзімді инвестиция. Ол тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа технологиялық тізбектерді қалыптастырып, түркі мемлекеттерінің жаһандық энергетикалық транзиттегі рөлін күшейтеді.


Оқи отырыңыз: "Каспий теңізінің хәлі мүшкіл". Тоқаев жағдайдың экологиялық апатқа ұласуы мүмкін екенін айтты


Су тапшылығы Әзербайжан үшін қаншалықты өзекті?

Әзербайжан үшін су тапшылығы ең өзекті экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселелердің бірі. Ел су ресурстарының басым бөлігін Кура және Араз секілді трансшекаралық өзендерден алады. Климаттың өзгеруі, құрғақшылықтың жиілеуі, ауыл шаруашылығы мен энергетикадағы су тұтынудың артуы су балансына қосымша қысым түсіріп отыр.

Әзербайжан Үкіметі мәселені шешу үшін бірқатар шара қабылдады. Олар: жаңа су қоймалары мен тарату жүйелерін салу, ирригациялық каналдарды жаңарту, тазартылған ағын суларды қайта пайдалану технологияларын енгізу, сумен жабдықтау желілеріндегі шығындарды азайту. Сонымен қатар, су ресурстарын цифрлық есепке алу және автоматтандырылған бақылау жүйелері енгізілуде.

Осы жағдайда Қазақстанның ТМҰ аясында су ресурстары бойынша ортақ бағдарлама әзірлеу туралы ұсынысы – уақтылы әрі стратегиялық маңызды бастама. Мұндай бағдарлама бірлескен ирригациялық жобалар, су үнемдеу технологияларын енгізу, тұщыландыру және суды қайта пайдалану бағыттарында жобалар әзірлеуге жол ашар еді.

Сондай-ақ, ТМҰ елдерінің ғылыми және инвестициялық әлеуетін тартуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, бұл салада біртұтас механизм құру экологиялық дипломатия мен орнықты даму үшін тиімді құралға айналып, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларындағы елдер арасындағы үйлесімдікті күшейтеді.

Осылайша, су ресурстары бойынша ынтымақтастық – бүгінгі сын-қатерлерге жауап беру ғана емес, сондай-ақ экология мен инновацияны қауіпсіздік пен өркендеудің ортақ стратегиясына айналдыру арқылы түркі әлемінің жаңа даму күн тәртібін қалыптастырудың негізі.

Келесі бейресми ТМҰ саммитін жасанды интеллект тақырыбына арнау

Тақырыптық бейресми саммиттер ТМҰ аясындағы ынтымақтастықтың дамуына оң әсер етеді. Мұндай мақсатты көздейтін кездесулер нақты мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Әзербайжан Каспий өңіріндегі цифрлық хабты белсенді түрде қалыптастырып жатыр. Мысалы: Digital Hub, Digital Silk Way трансөңірлік талшықты-оптикалық маршруты, e-/m-Residency, Digital Trade Hub секілді бастамалар елді цифрлық қызметтер мен трансшекаралық транзакциялардың орталығына айналдырып отыр.

Бұл бағыт жақында қабылданған Жасанды интеллект бойынша ұлттық стратегиямен және осы саладағы халықаралық келісімдермен үйлеседі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселесіне назар аударуы – оның технологиялық прогреске, инновацияға және өңірлік интеграцияны тереңдетуге бағытталған стратегиялық көзқарасының айқын көрінісі. Бұл бастама ұйым аясындағы цифрлық серіктестікті нығайтып, мүше елдердің ортақ цифрлық болашағын қалыптастыруға серпін береді.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары