
30 тамыз – Қазақстанда Конституция күні. Әлемде ғасырлар бойы өзгермей келе жатқан негізгі заңдар бар, сондай-ақ саяси дағдарыстан кейін жаңа конституция қабылдаған мемлекеттер де кездеседі. Қай елдің конституциясы ең көне, ең қысқа немесе ең көлемді? Соңғы жылдары қай мемлекеттер жаңа конституция қабылдады? Informburo.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Қазақстан Конституциясы
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі рет конституция қабылданды. Оның алғашқысы 1993 жылғы 28 қаңтарда бекітілсе, екіншісі 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды.
Баптар саны: 98 баптан тұрады.
Көлемі: шамамен 22-23 мың сөз.
Өзгерістер саны: 30 жыл ішінде Конституцияға 6 рет ірі түзету енгізілді:
1998 жылы Конституцияның 19 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер президенттің, Мәжіліс пен Сенат депутаттарының өкілеттік мерзіміне қатысты болды, сондай-ақ президент пен мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды.
Парламентке партиялық тізімдер бойынша сайлау тәртібі енгізілді. Парламенттің төменгі палатасы президенттің кезектен тыс сайлауын тағайындау жөніндегі айрықша құқығынан айырылды. Сондай-ақ президент орнын босатқан немесе қызметінен кетірілген жағдайда өкілеттіктерді беру тәртібі өзгерді.
2007 жылы пропорционалды сайлау жүйесі бекітілді. Президент өкілеттігінің мерзімі қайтадан 5 жыл болып белгіленді. Премьер-министрдің кандидатурасы енді парламентпен келісілетін болды. Сонымен қатар "Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті" ұғымы енгізілді, оған қатарынан 2 реттен артық сайланбау шектеуі қолданылмайды.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты болу құқығы тек саяси партия мүшелеріне берілді. Конституциялық мәртебеге ие Қазақстан халқы Ассамблеясына квотаға сәйкес өз өкілдерін парламентке жіберу құқығы берілді.
2011 жылы конституцияға енгізілген өзгерістер президентке кезектен тыс сайлау жариялауға мүмкіндік берді.
2017 жылы Парламент өкілеттіктері өзгертілді. Президенттің өкілеттігінен Конституциялық кеңестің шешімдеріне қарсылық білдіру құқығы алынып тасталды.
2019 жылы Конституцияға Қазақстанның астанасының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілуіне байланысты өзгеріс енгізілді.
2022 жылы Қазақстан "суперпрезиденттік басқару нысанынан ықпалды парламенті және есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға" өтті. Жұмыс тобы 33 бапқа түзету дайындады. Референдумда Қазақстан халқының 77 пайызы түзетулерді қолдап дауыс берді. Конституциялық кеңес қайтадан Конституциялық сот болып өзгертілді.
Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын болды: Қазақстан халқы Ассамблеясынан берілетін квота жойылды, Сенаттағы президент тағайындайтын депутаттар саны қысқартылды.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш президенті туралы баптар алынып тасталды. Ал өткен жылдың қыркүйегінде ел астанасына бұрынғы атауы – Астана қайтарылды.
Ең көне конституциялар
Сан-Марино – 1600 жылы Statuta Decreta ac Ordinamenta атауымен қабылданған, бүгінге дейін қолданылып келе жатқан ең көне жазбаша конституциялардың бірі.
АҚШ Конституциясы – әлемдегі ең көне әрі қазіргі күнге дейін күшін жоймаған ұлттық конституция. Ол 1787 жылы қабылданған. Бар болғаны 7 баптан тұрса да, уақыт сынынан өтті. Бүгінде оған 27 рет түзету енгізілген, ең маңыздысы – сөз бостандығы мен діни еркіндікті бекіткен "Құқықтар биллі".
АҚШ-тағы Массачусетс штатының 1780 жылы қабылданған конституциясы да – қазіргі қолданыстағы ең көне аймақтық (штаттық) заң.
Ең көлемді конституция
Кей елдер негізгі заңын барынша егжей-тегжейлі етіп жазуды жөн көреді. Мұндай конституциялар тек мемлекеттік басқарудың негіздерін ғана емес, сонымен бірге азаматтық құқықтардан бастап сайлау жүйесіне, жергілікті өзін-өзі басқарудан әлеуметтік саясатқа дейінгі салаларды қамтиды.
Үндістан Конституциясы (1950 жыл) – әлемдегі ең ұзын ұлттық конституция. Шамамен 145 мың сөз, 448 бап және 12 қосымша бар.
100-ден астам түзету енгізілген. Мұндай ауқымдылық Үндістанның көпұлтты, көпдінді, көптілді қоғамы үшін қажет болды. Әр аймақтың, қауымның және әлеуметтік топтың құқықтары егжей-тегжейлі жазылған.
Нигерия Конституциясы (1999 жыл) – көлемді құжаттардың бірі. Ол 320 баптан және бірнеше қосымшадан тұрады. Африканың ең халқы көп елі болғандықтан, Нигерия да этникалық және діни алуандықты құқықтық негізде реттеуге тырысқан.
Бразилия Конституциясы (1988 жыл) – Латын Америкасындағы ең көлемді конституциялардың бірі. Құжатта әлеуметтік құқықтарға, қоршаған ортаны қорғауға, байырғы халықтардың мүддесіне ерекше көңіл бөлінген.
Алабама штатының Конституциясы (АҚШ, 1901 жыл) – ресми ұлттық құжат болмаса да, көлемі жағынан әлемде теңдесі жоқ. Оның мәтіні 389 мың сөзден тұрады. Бұл – кез келген елдің ұлттық конституциясынан әлдеқайда ұзын.
Ең қысқа конституция
Әлемде кейбір мемлекеттер негізгі заңын барынша қысқа әрі нұсқа етіп қабылдауды жөн көрген. Мұндай құжаттарда мемлекеттің саяси жүйесі мен басқару қағидалары ғана жазылады, ал егжей-тегжейлі заңнамалық нормалар бөлек актілерде реттеледі.
Монако Конституциясы (1962 жыл) – қолданыстағы ең қысқа ұлттық конституция. Оның көлемі небәрі 3 814 сөзден тұрады. Бұл құжатта князь билігінің ерекшеліктері, азаматтардың негізгі құқықтары мен парламенттің құрылымы ғана сипатталған.
АҚШ Конституциясы (1787 жыл) да ең ықшамдарының бірі саналады. Ол бар болғаны 7 бап пен 4 мыңнан астам сөзден тұрады. Дегенмен, АҚШ-тағы демократиялық институттардың іргетасы дәл осы ықшам құжат арқылы қаланды.
Ең жаңа конституциялар
XXI ғасырда бірқатар елде референдумдар мен саяси өзгерістер нәтижесінде Конституция толықтай жаңадан қабылданды. Атап айтқанда:
- Тунис 2022 жылы елдегі төртінші конституциясын қабылдады. Президенттік жүйені бекітті, екі палаталы парламент құрылымын енгізді.
- Чад 2023 жылы алтыншы рет конституциясын жаңартты. Сенат құрылды, сот тәуелсіздігі күшейтілді, президенттік өкілеттік қайта қаралды.
- Того 2024 жылы президенттік жүйеден парламенттік жүйеге көшіп, жаңа Конституция қабылдады. Президентті халық емес, Парламент сайлайтын болды.
- Габон 2024 жылы қабылдаған жаңа конституциясында президенттік мерзімдерді шектеп, биліктің династиялық сипатына тосқауыл қойды.
- Сирия 2025 жылы уақытша конституциялық декларация қабылдады. Ислам құқығы негізгі база ретінде көрсетіліп, жаңа басқару құрылымына негіз қаланды.
Ең көп өзгертілген конституция
Үндістан Конституциясы – әлемдегі ең көп түзету енгізілген ұлттық конституциялардың бірі. Бүгінге дейін оған 100-ден астам өзгеріс жасалған. Орта есеппен жылына екі рет түзетіледі. Бұл елдің әлеуметтік, этникалық, діни көптүрлілігін ескеріп, саяси процестерді құқықтық тұрғыдан реттеу қажеттілігіне байланысты.
Алабама штатының конституциясы (АҚШ, 1901 жыл) – көлемі жағынан да, түзетулер саны бойынша да рекордшы. Оның мәтіні 389 мың сөзден тұрады және оған 950-ден астам түзету енгізілген.
АҚШ Конституциясы (1787 жыл) – ең ықшам әрі тұрақты конституциялардың бірі. 200 жылдан астам тарихында небәрі 27 түзету енгізілген. Бірақ олардың әрқайсысы қоғам үшін ірі тарихи мәнге ие: құлдықты жою, әйелдерге дауыс беру құқығы, азаматтық құқықтар.
Конституциясы жоқ елдер
Ұлыбританияда жазбаша біртұтас конституция жоқ. Оның орнына "конституциялық конвенциялар" мен негізгі заңдар (Magna Carta, Bill of Rights, Act of Settlement) және Парламент актілері қолданылады. Сондай-ақ сот шешімдері мен саяси дәстүрлер үлкен рөл атқарады.
Израильде де бірыңғай конституция жоқ, орнына "Негізгі заңдар" (Basic Laws) жүйесі қолданылады. Бұл заңдар мемлекет құрылымын, билік тармақтарын, азаматтық құқықтарды реттейді. Кейін толыққанды конституцияға біріктіру жоспарланғанымен, саяси себептерге байланысты әлі жүзеге аспаған.
Канада да біртұтас конституция жоқ елдер қатарында, бірақ 1867 жылғы Конституциялық акт (British North America Act) пен 1982 жылғы Конституциялық акт, сонымен қатар Ұлыбританиядан қалған заңдар, Жоғарғы сот шешімдері мен дәстүрлер құрайды.
Сауд Арабиясында ресми конституция жоқ. Оның орнына елдің негізгі заңдары ретінде Қасиетті Құран және Мұхаммед пайғамбардың сүннеті қабылданған. Осы заңдар мемлекетті басқарудың және құқықтық жүйенің негізі болып табылады. Сонымен қатар Ливияда да Құран басты құжат саналады.