
Көктемде Алматы гүлденіп шыға келеді: өріктің қызғылт гүлдері, форзицияның сары сабақтары, алма ағашының аппақ гүл шоғырлары, қызыл-сары қызғалдақтар өссе, енді жұпар иісі аңқитын мамыргүл жайнайтын сәт туды.
Әдетте, оның гүлдеу маусымы сәуірдің ортасынан мамырға дейін жалғасып, бір-екі аптаға созылады (тауға жақын болған сайын гүлдері кешірек ашылады). Осы кезде бүкіл қаланы жаздың жақындағанын сездіретін ғажап иіс алып кетеді. Алматыда мамыргүл барлық жерде өседі, әсіресе ескі ықшам аудандарда және қаланың орталық көшелерінде көп. Дегенмен, мамыргүл ерекше әдемі болатын жерлер де бар.
Ғылым академиясы
Қайда: Шевченко, 28
Мұнда, тарихшы Әлкей Марғұланның ескерткішінің дәл жанында оңаша қалып, жайланып демалуға болады. Орындыққа жайғасып, айналаны жайлаған мамыргүлдің хош иісін сезініп, көктемнің жылы шуағына бойыңызды жылытып, өткен қыстың салқынын еске алмауға тырысыңыз.
Ботаникалық бақ
Қайда: Тимирязев, 36д
Тимирязев көшесінің бойындағы бас кіреберістен кіріңіз де, мамыргүл өсіп тұрған бақтан ләззат алыңыз. Гүл ашқан бұталардың (иә, бұл ағаш емес) көрінісіне көз тойған соң, серуенді Ботаникалық бақтың ішінде жалғастырыңыз. Мұнда алтын балықтар жүзетін тоған, емен аллеялары, гүлдеп жатқан магнолия мен нәркес гүлдері құлпырып тұрады! Ботаникалық бақ – бәріне жайлы орын.
АТУ маңындағы парк
Қайда: Төле би мен Масанчи қиылысы
Саябақта отырып, дәл осы сәттен ләззат алып, курстық жұмыстарды қорғау мен емтихандардың баяғыда-ақ артта қалғанына қуануға болады (егер бұның бәрі әлі алда болса – күш көп болсын дейміз).
Бұл – достармен кездесуге немесе ағаштардың көлеңкесінде кітап оқуға таптырмас орын.
Оқушылар сарайы
Қайда: Достық, 124
Ғани Мұратбаевтың ескерткішінің ар жағында мамыргүл бұталары жайқалып тұр – көлеңкесінде отырып, түрлі ойға шомып, тынығуға болады. Кейін серуенге аттанып, Тереңқұрды бойлай жүріп таза ауамен тыныстауға мүмкіндік бар.
"Оңтүстік" (Южный) саябағы
Қайда: Жароков пен Ходжанов қиылысы
Алматыда саябақ көп, бірақ "Оңтүстік" саябағы көбіне көзден таса қалады. Мұндағы мамыргүлдер көздің жауын алады. Саябақта иттерге арналған алаң бар, ал кешкісін көршілер жүгіруге шығып, балалар ойнайды.
Күндіз тыныш жер іздеп, оңаша қалғыңыз келсе, осында келгеніңіз жөн.
Мақала мен фотосуреттерді demalys ұсынды. Суреттерді түсірген Азамат Жайлаубаев