Базар жоқ! Құрсын! Қасқа! Әлеуметтік желіде ең көп қолданылатын сленгтер қандай

Кескін: LiveDune
Кескін: LiveDune
Instagram-дағы ең танымал сленг тіркестерінің ондығына "Примерно дедім ғой" гибридті тіркесі енді.

Қазақстандағы әлеуметтік желі сегментінде ең көп қолданылатын сөз тіркесі  – "Базар жоқ". LiveDune әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметінің зерттеушісі осындай қорытынды жасады. Бұл үшін Instagram және Facebook желісіндегі жазбаларға жазылған 200 мыңнан астам пікір зерттелген. 

Тізімдегі сөздердің бір бөлігі – TikTok және Telegram арналары арқылы қазақ тіліне орыс және ағылшын тілдерінен енген гибридті интернет-сленгтер. Ең көп сленг қолданылатын желі ретінде Instagram желісі анықталды. Тізімдегі сленгтің 80 пайызы осы желіде жазылған. Ал Facebook желісінде – 8%, Telegram-да – тек 2% ғана. Бұл Telegram-ның елде енді ғана танымал болып келе жатқанымен байланысты болуы мүмкін.

Зерттеуде алғашқы орындарды мына сөздер иеленді: "Базар жоқ" (45%), "Құрсын" (15.3%), "Қасқа" (8.3%), "Бро" (8.3%) және "Қуу" (7%). Бұл ретте "Базар жоқ" деген сөз тіркесі – Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде қолданылу бойынша көшбасшы. Ол басқа кез келген сөз формасына қарағанда кем дегенде үш есе жиі қолданылады.

Кесте: LiveDune
  • "Базар жоқ" – бұл әмбебап "бас идім", мақұлдау мен құрмет белгісі;
  • "Құрсын" – "мейлі ғой" дегеннен "таң қалдыруға" дейінгі қарқынды реакция;
  • "Қасқа" – аздап ашуланған, бірақ мейірімді, "әу, ақымақ!" деген сияқты.

Сондай-ақ қолданушылар пікірлерде келесі сөздерді белсенді түрде қолданады:

  • Қатыру (4.3%);
  • Жару (4.0%);
  • Сыну (3.3%);
  • Жынды (2.6%);
  • Ботан (1.9%), Пирамида (1,9%) – олар қысқа, мәнерлі, әңгімеде және мем ретінде оңай қабылданады;
  • Facebook-тегі көшбасшылардан басқа, ең көп қолданылған сөздер қатарында "Зёма" және "Жару" да бар.
  • "Примерно дедім ғой" гибридті тіркесі – Instagram-дағы ең танымал сленг тіркестерінің ондығына енді. Ол қазақ тілі мен орыс тілінің қосындысы. Бұл "мен ескерттім ғой" дегенді ирониялық түрде айтудың бір тәсілі.

Зерттеуде өзектілігін жоғалтқан сленгтер де бар. Мысалы: "Блокқа тығу", "Қораға кіргізу", "Маяк тастау", "На рахате». 

"Бізге әлеуметтік желілердегі қарым-қатынас стилінің қалай дамып, тіл туралы классикалық түсінік қалай өзгертіп жатқанын бақылау қызық. Бұл зерттеуді жыл соңында жалғастырып, 2025 жылдың ең жиі қолданылатын сөздері қандай болатынын анықтауды жоспарлап отырмыз. Деректердің дәлдігі қазақ тілді аккаунттардың және, сәйкесінше, біздің сервисіміздегі пікірлер базасына байланысты. Ол үнемі өсіп келеді және біз оны ғылыми зерттеулер үшін ашық ұсынамыз", – дейді LiveDune әлеуметтік желілерді талдау және басқару қызметінің PR бөлімінің жетекшісі Мария Чашникова.

Айта кетейік, 200 сленг сөзінен тұратын сөздікті құрастыруға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің PhD докторанты Қымбат Тұрғанбаева көмектескен.  

Серіктестер жаңалықтары