
Адам өмірін сақтау – ислам дінінің ең басты құндылықтарының бірі. Шариғат бұл мақсатты жүзеге асыруға бағытталған барлық заңды әрі зиянсыз амалдарға рұқсат береді. Соның бірі – ағза трансплантациясы. Бұл тақырыпта бірқатар діни және ғылыми дәлелдер бар. Олар туралы толығырақ ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы айтып берді.
Алдымен ҚМДБ өкілі Құран Кәрімде Адам баласының ардақталуы туралы не жазылғанына тоқталды.
"Расында, Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта да, теңізде де оларды алып жүрдік. Таза ризықтармен ризықтандырдық және жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік" (Исра сүресі, 70-аят). Бұл аят адам баласының қадірі мен абыройының жоғары екенін білдіреді. Ислам діні адамның тәні мен жанын сақтауды басты міндеттердің бірі деп санайды. Зұлымдық, зиян және харам әрекеттерден аулақ болуға үндейді. Науқастанған жағдайда ем іздеу – мұсылманның міндеті. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: "Емделіңдер, өйткені Алла әрбір дерттің шипасын жаратқан. Біреулер оны біледі, біреулер білмейді" – деген (Тирмизи). Осы хадиске сүйене отырып, ағза ауыстыру да – емделудің бір жолы. Егер бұл тәсіл адам өмірін сақтап қалуға көмектессе, ол шариғат бойынша құпталады", – дейді Медет Құрмашұлы.
Ары қарай ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы Құран Кәрімде Адам өмірінің маңыздылығы туралы не айтылғанына тоқталды.
"Адам өмірі – Исламдағы ең қастерлі құндылықтардың бірі. Құран Кәрімде Алла Тағала: "Кім бір жанды (жазықсыз) өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең. Ал кім оны (ажалдан) аман алып қалса, бүкіл адамзатты аман алып қалғанмен тең" (Мәида сүресі, 32-аят) деп жазылған Қасиетті кітапта", – дейді маман.
Медет Құрмашұлының айтуынша, бұл аят трансплантацияның өмірді құтқаруға бағытталған маңызды амал екенін айқындайды. Егер тірі адамның немесе қайтыс болған кісінің ағзасын науқасқа салып, сол арқылы бір адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болса, онда бұл – шариғат тұрғысынан аса сауапты іс саналады.
"Мұндай игі қадам – адам баласына жан беру, үміт сыйлау. Шариғат мұндай амалдарға рұқсат береді, бірақ белгілі шарттар мен тәртіптер шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Шариғат өлі адамды да құрметтеуді талап етеді. Дегенмен, кейбір жағдайларда – егер адамның тіршілігіне тікелей қауіп төніп тұрса және оны құтқарудың жалғыз жолы ағза ауыстыру болса – өлген адамның белгілі мүшелерін трансплантация жасауға рұқсат беріледі", – дейді маман.
Бұл жерде бірнеше шарт сақталуы тиіс:
- Тірі адамның өмірі басым тұрады. Тірі адам – Алланың бұйрықтарын орындауға, қоғамға пайда әкелуге қабілетті жан. Сондықтан тірі адамның қажеттілігі кей жағдайларда өлі адамның ағзасын қолдануға негіз бола алады.
- Ағза беру өлі адамның ар-намысына нұқсан келтірмейді. Бұл – оны қорлау емес, қайта оның мүшесі арқылы өзге бір адамға өмір сыйлау.
- Материалдық пайда көзделмеуі тиіс. Донордың өзі немесе оның туыстары ағза бергені үшін ақша не басқа дүниелік пайда талап етпеуі шарт. Трансплантация – сауапты амал, сауда емес.
Трансплантация жасау шарттары
I. Тірі адамнан тірі адамға ағза ауыстыру шарттары:
- Зәрулік жағдай. Бұл ота – науқастың өмірін сақтау үшін жалғыз амал болуы керек. Медицина мамандары бұл шешімді нақты түрде растауы тиіс.
- Науқас пен донордың келісімі. Донор кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс және толық ерікті болуы шарт.
- Ота донорға ауыр зиян келтірмеуі тиіс. Донордың болашақ өміріне қауіп төнбеуі керек.
- Материалдық өтеу болмайды. Донор ағзасын саудаламай, тек игі ниетпен беруі қажет.
- Арнайы комиссия шешімі болуы тиіс. Кем дегенде үш әділ әрі тәуелсіз маманнан тұратын медициналық комиссия ағзаны ауыстырудың қажет екенін, донор мен науқасқа зиян болмайтынын жазбаша түрде растауы керек.
- Ұрпақ тарату жүйесіне қатысты ағзаларға тыйым салынады.
II. Өлі адамнан тірі адамға ағза көшіру шарттары:
- Өлімнің шариғатқа сай нақтылығы. Яғни, адамның рухы денесінен ажыраған болуы тиіс. Клиникалық өлім шариғи өлім болып есептелмейді.
- Зәрулік пен пайда. Бұл амал науқасты құтқарудың жалғыз жолы болса және нақты пайдасы бары дәлелденсе.
- Өсиет болуы. Донор адам тірі кезінде, ерікті түрде кейбір ағзаларын қайтыс болғаннан кейін беру жөнінде өсиет қалдыруы тиіс.
- Ұрпақ тарату жүйесі ағзаларына тыйым. Өліктен алынатын ағзалар ұрпақ жалғастырумен байланысты болмауы керек.
- Мемлекеттік деңгейде рұқсат етілген мекемеде жасалуы. Барлық процесс заңды әрі ашық түрде, ешқандай сауданың қатысуынсыз жүргізілуі тиіс.
"Аталған көзқарастарға сәйкес, трансплантацияға рұқсат беретін пәтуаларды Мысырдың мүфтияттары мен Әл-Азһар университетінің ғалымдары да шығарған. Олардың қатарында Хасан Мамун (1959 ж.), Ахмад Хариди (1966 ж.), Жәддул Хақ Али Жәддул Хақ (1979 ж.), Мухаммад Сайд Тантауи (1989 ж.), Шейх Ахмет әл-Тайып, Др. Али Жума бар. Егер жоғарыда аталған діни және медициналық шарттар толық орындалса, ағза трансплантациясы – адам өмірін сақтауға бағытталған сауапты іс болып табылады. Бұл әрекет – Алланың адам баласын ардақтағанын және ислам дінінің жан мен тәнді қорғауға баса мән беретінін көрсетеді", – деп қосты Медет Құрмашұлы.