
Әзербайжан – көне Жібек жолының ізі қалған қалалары, Нұх пайғамбардың кесенесі, Қарабақтың асқақ таулары мен Каспийдің жағалауын тоғыстырған тарих пен заманауи өркениеттің мекені. Соңғы жылдары Қазақстаннан бұл елге ағылатын туристер қатары еселеп артып отыр: 2023 жылы қазақстандық саяхатшылар саны 91 пайызға өскен болса, 2025 жылдың алғашқы жеті айында-ақ 58 мыңнан астам азамат Оттар еліне ат басын бұрған. Бұл ел туристерге не үшін қызық? Қандай тарихи, мәдени жәдігерлер мен заманауи жауһарлар бар? Informburo.kz Әзербайжан туризм бюросымен бірге шолу әзірледі.
Әзербайжанға виза қажет пе?
Қазақстан азаматтары Әзербайжанға визасыз кіре алады, тек паспорт қажет. Паспорттың мерзімі Әзербайжанға кіргеннен кейін кем дегенде 6 айға жарамды болуы шарт. Егер елде 30 күнге дейін болсаңыз, тіркеу қажет емес. Ал 30 күннен артық қалуды жоспарласаңыз, тіркеуден өту міндетті.
Қалай баруға болады?
Қазақстанан Әзербайжанға әзірше тек ұшақ арқылы қатынауға болады. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасы жолға қойылған:
- AZAL (Әзербайжан әуе жолдары) Алматы мен Баку арасында аптасына 6 рет ұшады.
- Air Astana Алматыдан – аптасына 3 рейс, Астанадан – аптасына 3 рейс орындайды.
- FlyArystan да Алматы мен Астанадан Бакуға тікелей рейстерді ұсынады.
Қазіргі уақытта Әзербайжанға көлікпен және пароммен қатынай алмайды, себебі шекаралар жабық.
Оқи отырыңыз: Зерттеу: Қазақстандықтардың 48 пайызы саяхат туралы ақпаратты туыстары мен достарынан сұрайды
Саяхаттың бастапқы нүктесі – Баку

Әзербайжанға саяхат ел астанасы Бакуден басталады. Бұл қалада заманауи және тарихи архитектура тоғысқан.
Соның бір көрінісі – Ичери-шехер (Ескі қала). Дәл осы жерде Бакудің негізі қаланған. 1977 жылы тарихи-мәдени қорық болып танылып, 2000 жылы ЮНЕСКО тізіміне енген. Бұл ашық аспан астындағы тірі мұражай – тек тарих пен мәдениеттің, сәулеттің ескерткіші ғана емес. Мұнда әлі күнге дейін мыңдаған адам тұрады, сондай-ақ мұнда мұражайлар, көркем галереялар, кәдесый дүкендері, кафе мен ұлттық тағам ұсынатын мейрамханалар орналасқан.

Қаланың басты көрікті жерлерінің бірі – жұмбақтар мен аңыздарға толы әйгілі Қыз мұнарасы. Оның нақты қашан тұрғызылғаны мен қандай мақсатта салынғаны жайлы пікірталастар әлі күнге жалғасуда.
Жақын маңда XV ғасырдағы Ширваншахтар сарайы орналасқан. Бұл – Әзербайжан билеушілерінің ортағасырлық резиденциясы. Әлемдік деңгейдегі тарихи-сәулеттік кешен құрамына сарайдың өзі мен қақпалары, мешіт, мавзолей, хамам, диванхана (жиналыс пен қабылдау өткізетін орын) және овдан (су қоймасы) кіреді.

Бұдан бөлек, әлемдегі ең кішкентай – көлемі небәрі 2х2 мм болатын кітап сақталған кішкентай кітаптар мұражайы, Баку қуыршақ театры, сондай-ақ көне мешіттер, соның ішінде XI ғасырдағы Мұхаммед мешіті, керуен-сарайлар бар.
Дәл осы Ескі қаланың ішінде әйгілі "Бриллиантовая рука" фильмінің бірнеше сахнасы түсірілген.

Баку заманауи ғимараттарымен де саяхатшылардың қызығушылығын тудырған қала. Ең танымалы – "Жалын мұнаралары" ғимараты. 30 қабаттан тұратын ғимарат түнде жалындай болып жанып, қаланың кез келген нүктесінен менмұндалайды. Ал Каспий теңізінің жағалауындағы бульвар – кешкі серуенге таптырмас орын. Бұл әлемдегі ең ұзын теңіз жағалауының бірі.

Әлемге әйгілі архитектор Заха Хадид жобалаған Гейдар Әлиев орталығы – заманауи сәулеттің жауһары, ішінде музейлер, көрмелер, мәдени шаралар өтеді. Сондай-ақ, Бакуда кілем мұражайы, ретро көліктер мұражайы бар.
Низами көшесі мен Субұрқақтар алаңы, Опера және балет театры, Ыстиқлалиәт көшесі, Тезепир мешіті мен Орталық саябақ та саяхатшылар арасында танымал туристік нысандар қатарында.
Табиғи құбылыстар мен тарихи ғимараттар

Нұх пайғамбардың мавзолейі – Нахчывандағы ең танымал тарихи орындарының бірі. Кесене маңындағы тақтайшада оның бірнеше мәрте қайта жөнделгені жазылған. 2006 жылы жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде көне қабірдің элементтері табылып, Нұх пайғамбардың қабірі болуы мүмкін деген болжаммен осы жерге қазіргі мавзолей тұрғызылған.

Кәһф үңгірі. Зерттеушілердің пайымдауынша, Құранда "Кәһф" сүресінде аталған үңгір осы жер болуы мүмкін. Бүгінде бұл кешен зиярат етушілер жиі келетін танымал орынға айналған. Үңгір Нахчыван қаласынан шығысқа қарай 12 шақырым жерде, Джульфаға баратын негізгі жолдың бойында орналасқан.


Шеки хандарының сарайы – XVIII ғасырдың соңында Шеки хандарының әкімшілік ғимараты ретінде, Үлкен Кавказ тауының бөктерінде салынған тарихи жәдігер. Ғимараттың іші де, сырты да нәзік өрнектермен көмкерілген. Әсіресе, сарай терезелері ерекше назар аударады. Олар – шебеке өнерінің озық үлгісі. Шебеке – мыңдаған түрлі-түсті әйнек бөліктерін бір-бірімен желімсіз, шегесіз қиюластырып, ағаш торларға орналастыру техникасы. Бұл шеберлік Шеки ұсталарының қолтаңбасын ғасырлар бойы сақтап келеді.

Атәшгах храмы – отқа табынушылардың Сураханы ауылында орналасқан ежелгі ғибадатханасы. XVII–XVIII ғасырларда зороастрийлер үшін киелі саналатын жерде бой көтерген бұл ғибадатхана XIX ғасырдың 80-жылдарына дейін үнді отқа табынушылардың басты қажылық орталығы болған. Бүгінде кешен ашық аспан астындағы музей ретінде қызмет етіп тұр.

Туристер жиі баратын тағы бір көрікті орын – Мәмәдли ауылындағы "Янардағ", яғни "Жанып тұрған тау". Оның етегінде лапылдап жанып жатқан жалын алыстан көз тартады. Биіктігі кейде 10 метрге жететін бұл табиғи құбылыс алғаш рет XIII ғасырда Марко Поло жазбаларында сипатталған. Бүгінде бұл ерекше нысанның жанынан заманауи музей кешені салынып, келушілерге табиғаттың таңғажайып құпиясын тереңірек танып-білуге мүмкіндік беріп отыр.


Гобустан қорығы – 20 мың жыл бұрынғы жартас суреттерімен әйгілі. Мұнда ежелгі адамдардың 7 мыңнан астам суреттері мен Рим жазбалары сақталған. Бұл жердегі жазулар – ежелгі рим жазбаларының шығыстан табылған ең шеткері нүктесі. Сондай-ақ гавалдаш деп аталатын екі метрлік тас аспап бар. Оған соққанда, ырғақты әуезді үн шығып, ежелгі музыкалық сазды еске түсіреді.

Балшық жанартаулары. Әзербайжанда шамамен 400-ге жуық балшық жанартауы бар. Мұндай жанартаулардың диаметрі орта есеппен – 10 метрге, биіктігі 700 метрге дейін жетеді. Әлемдегі ең ірі балшық жанартауларының қатарында саналатын Бөйүк-Канизадағ пен Турағай да Әзербайжан аумағында орналасқан. Турситер арасында ең танымалы – Дашгилдегі балшық жанартаулары. Олар Бакуден бір жарым сағаттық жерде, әйгілі Гобустан қорығының жанында орналасқан.

Альпака фермасы. Шамахы өңірінде альпакаларға арналған ерекше ферма жұмыс істеп тұр. Мұнда келген қонаққа жануарларды тек тамашалап қана қоймай, оларды қолмен тамақтандырып, сипап, тіпті құшақтап көруге де мүмкіндік бар.
Белсенді демалыс

Шамахы сафари-паркі. Мұнда экотуристер мен жабайы табиғат әуесқойларын ерекше әсерге бөлейтін сафари-парк орналасқан. Пиргүл таулы орман алқабындағы мың гектардан астам аумаққа әр елден әкелінген мыңнан аса жабайы жануар қоныстандырылған. Бұл жерден марал, зубрды, альпака, муфлонды көруге болады. Ал батыл туристерге аң-құсты қолдан тамақтандыруға да мүмкіндік жасалған.

Қыс мезгілінде "Шахдағ", "Туфандағ" тау-шаңғы кешені жұмыс істейді. Мұнда шаңғыдан бөлек, квадроцикл, парапланеризм, велосипед пен самокат сапары немесе аспалы жолға отырып, табиғат көрінісін тамашалауға болады. Ал жазда табиғат аясында серуендеу, белсенді демалыс пен гольф ойнауға мүмкіндік бар.

Жаяу жүру. Қызығушылық танытқан саяхатшылар үшін Шәкі маңында жаяу серуендеуге арналған ерекше бағыттар бар. Табиғатты сүйетіндер Чыраглыдан Джавад-хан шыңына дейін, Киш ауылынан Баш-Гойнукке дейін, Гумухтан Гашгачайға дейін жаяу туристерге арналған жол салынған.

Дайвиң. Әзербайжанда сүңгуге ең танымал орындардың бірі – Каспий теңізі. Мұнда су астында ежелгі кеме сынықтары мен бұрғылау платформаларын, тюленьдерді көруге болады. Сондай-ақ Гөйгөл мен Маралгөл сияқты мөлдір таулы көлдер, Мингәчевир су қоймасы мен Нохур көлі, Санги-Муған аралы, Бөйүк-Зирә аралы және Илан аралы да дайвиң үшін қолайлы. Сонымен қатар Каспий теңізінде серфиң тебуге болады.

Formula-1. Әзербайжан – жылдамдық пен адреналинді сүйетіндер үшін де тартымды ел. 2016 жылдан бері ел астанасы Баку қаласында "Формула-1" жарысы өтеді. Жарыс күндері Баку нағыз әлемдік спорт мерекесіне айналады.
Оқи отырыңыз: Кәдесый, көлік, мейрамхана. Қазақстан ішінде саяхаттайтындар неге көбірек ақша жұмсайды?
Гастрономиялық саяхат

Әзербайжанға сапардың бір үлкен артықшылығы – оның бай гастрономиялық мәдениеті. Ұлттық асхана Каспий теңізінің дәмін, таулы аймақтардың табиғи өнімдерін және Жібек жолы арқылы келген түрлі өркениеттердің ықпалын біріктіреді.

Әзербайжанның шарап туризмі мен нафталан хауыздары да туристер арасында кеңінен танымал. Елдің шарап шаруашылығы тарихы мыңдаған жылдарға созылады. Бүгінде жүзім шаруашылығы Бакуден – Каспий теңізі жағалауына, солтүстік-батыста – Ширван арқылы Үлкен Кавказдың баурайына дейін, батыста – елдің орталығы мен көне Гәнджа қаласына қарай, сондай-ақ оңтүстік-батыста – Қарабақта және оңтүстікте – Ләнкәран-Астарин аймағында қанат жайған. Шарап зауыттарына барып, дәм татып көріге болады.
Медициналық туризм

Нафталан қаласындағы әйгілі нафталан хауыздары – 70-тен астам ауруды, соның ішінде тері дерттерін, сүйек-бұлшықет жүйесінің сырқаттарын, урологиялық мәселелерді, құлақ-мұрын-тамақ ауруларын емдеуде қолданылады. Сондай-ақ ол жүйке мен қан айналымын жақсартып, күйзеліс пен шаршауды басуға көмектеседі. Нафталан – бірегей емдік мұнайдың атауы. Ол кәдімгі өндірістік мұнай емес, құрамында дәрілік қасиеті бар ерекше майлы зат.

Нахчыван өңіріндегі "Дуздағ" тұзды үңгірлері – Әзербайжандағы табиғи шипажай. Бұрынғы тұз шахталары қазір тыныс жолы ауруларына қарсы табиғи терапия орны ретінде қызмет етеді. 110 метр тереңдікке дейін созылған үңгірлерде бронхит, астма, аллергия сынды дерттерді емдеуге жағдай жасалған.

Тағы бір танымал орын – Масаллы емдік сулары. Мұндағы күкіртке бай ыстық бұлақтар мен термалды ванналар аяқ-қолдың шаршауын басып, буын ауруларын жеңілдетуге, жалпы ағзаны сауықтыруға көмектеседі.