Мемлекеттік рәміздерге – 33 жыл. Ту, Елтаңба және Әнұран туралы қызық деректер

Фото: Aqorda Telegram арнасы
Фото: Aqorda Telegram арнасы
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні.

1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстан Республикасының ең басты нышандары – туы, елтаңбасы қабылданды. Ал әнұран мәтіні 1992 жылғы 11 желтоқсанда бекітілді. Содан бері 4 маусым еліміздің Тәуелсіздігі мен егемендігінің белгісі ретінде аталып өтеді. Осы орайда Информбюро порталы мемлекеттік рәміздер туралы қызық деректерді оқырманға ұсынады.

Ту 

Мемлекеттік ту авторы – Шәкен Ниязбеков. 1992 жылы Моңғолия, Германия, Түркия, ТМД және басқа да елдерінен 1200-ге тарта суретші қатысқан байқауда Шәкен Ниязбековтың эскизі таңдалды.  

Туда бейнеленген күннің 32 сәулесі бар. Туда түстер де арнайы мағынаға ие: көк түс – адалдықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың, береке-байлықтың белгісі.

1994 жылдың 1 шілдедесінде ғарышкер Талғат Мұсабаев Қазақстан туын алғаш рет ғарышқа көтерді. 2015 жылы Айдын Айымбетов ғарышқа сапар шеккен кезінде көк байрағымыз Жерді 150 рет айналып шықты.

Ту әлемнің ең биік шыңы Эвересте бірнеше рет желбіреді. 2011 жылдың 14 желтоқсанында Оңтүстік Полюске шығудың 100 жылдық мерейтойына орай еліміздің туы Антарктидада тігілді. 2015 жылдың 14 сәуірінде қазақстандық шаңғы экспедициясы Қазақстан туын Солтүстік полюс – Арктикада тікті. Ту әлемдегі ең биік жанартауға тігілген. 

Қазақстандағы ең үлкен ту Астанада Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Тудың ені – 15 метр, ал ұзындығы – 30 метр.

Кез келген мемлекеттік мекеменің маңдайшасына Қазақстан туы болуға тиіс екенін білеміз. Ал ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек. 

Елтаңба

Елтаңба байқауына 300-ге жуық жұмыс келіп түскен. Елтаңба авторлары – Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібеков. Байқауда үздік деп танылған Жандарбек Мәлібековтың жұмысы, яғни елтаңба макеті Ташкенттен Алматыға жүк көлігіне жасырылып әкелінген. Ол елтаңбаны киіз үйдің құрылымын негізге ала отырып жасаған.

Елтаңба бастапқы қалпынан бірнеше рет өзгерді. Төменгі жағындағы "ҚАЗАҚСТАН" деген жазудың екі шетіндегі арыстан мен бөрінің бейнесі кейінгі өзгерістер кезінде қосылған. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мақсатында 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап елтаңбадағы "ҚАЗАҚСТАН" жазуы латынша "QAZAQSTAN" деп өзгертілген.

Елтаңбада шаңырақты көтеріп тұрған 72 уық бар. Ол "бір ел, бір халық, бір мақсат" тұжырымдамасы негізінде жасалған. Ал пырақтардың мүйізінде жеті сақина бар. Сақиналар "жеті ата" мағынасында қолданылған. Қазақ халқы үшін жеті – киелі сан. 

Жандарбек Мәлібеков елтаңбаның жоғарғы жағына жұлдыз, жарты ай немесе күнді қоюды ұсынған. "Әр адамның өз жұлдызы бар" деп жұлдызды қалдырған. Елтаңбадағы "мүйізді" алып тастамақ болған.

Қазақстан Республикасының азаматының кез келген құжатында елтаңба бейнеленеді. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі бар.

Әнұран

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мемлекеттік гимн екі рет бекітілді. Оның алғашқысын қабылдау үшін 1992 жылы байқау жарияланды. Конкурсқа жалпы саны 750 туынды ұсынылды. нұраны алғаш 1992 жылы қабылданды. Алғашқы әнұранның сөзін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазды. Ал әнін Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский жазды. 1992 жылы қабылданған алғашқы әнұран 750-ге жуық жоба ішінен таңдалып алынған.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет бекітілді. Оның алғашқысын қабылдау үшін 1992 жылы байқау жарияланды. Конкурсқа жалпы саны 750 туынды ұсынылды.

2006 жылы қаңтарда Қазақстан Парламентіндегі бірлескен отырыста жаңа әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" патриоттық әні таңдалды. Бұл әнді 1956 жылы танымал композитор Шәмші Қалдаяқов ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған болатын. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. 

Қазақстан Әнұраны жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында 37 рет шырқалды. Қазақстандық спортшылар тәуелсіз мемлекет тарихында нақ осынша алтын медальды жеңіп алды.

Серіктестер жаңалықтары