Рамазанға 30 күн қалды. Шағбан айында оразаға қалай дайындалу қажет

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Бмыл ораза 19 ақпанда басталып, 20 наурыз күнгі Ораза айтпен аяқталады. 

Ислам дінінде қасиетті үш ай болса, соның бірі – Шағбан айы. Оразаға 30 күн қалғанда мұсылман жыл санауы бойынша Шағбан айы басталады. Биыл Шағбан айын 20 қаңтарда басталып, 18 ақпанға дейін жалғасады. Шағбан айыннан кейін ораза ұстау парыз етілген Рамазан айының алғашқы күні 19 ақпанға тұспа-тұс келіп тұр. 

Шағбан "көп жақсылықтың бастауы" деген мәнге ие, сондықтан оны "оразаға дайындық айы" деп атайды. "Ережеп айы – егін егетін уақыт, Шағбан айы – егінді суғаратын, ал Рамазан айы – егінді жинайтын уақыт" деген сөз бар.

Осы орайда Информбюро порталы Шағбан айында әрбір мұсылман орындауға тиіс амалдарды және Рамазан айына қалай дайындалу қажет екенін түсіндіреді.

Шағбан – шарапаты мол ай

Көп жақсылықтың бастауы саналатын Шағбан айы Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Шағбан сөзі "өсіп-өну" деген мағынаны да білдіреді. 

Шағбан арабтың бес әрпінен тұрады:

  • шин – Алла Тағаланың шарапаты;
  • айн – дәрежесінің көтерілуі;
  • бә – Алланың жақсылығы;
  • әлиф – Хаққа жақындау;
  • нун – Алланың  нұры.

Осы айда ораза ұстаған адамға Алланың шарапаты жауады. Халық арасында "шарапаты мол Шағбан айы" деген сөз бар. Сондай-ақ, ораза ұстаған адамның Алла құзырындағы дәрежесі артады. Жаратушының жақсылығы төгіледі, Аллаға жақындай түседі және Хақ нұрына бөленеді.

Шағбан – Рамазанға дайындық айы. Бұл айда мұсылмандар Рамазанды бос өткізбеудің қамын жасап, қаза болған оразасын ұстауға, иманын күшейтуге тырысады.

Ораза жақындағанда "Қаза оразаны қалай өтейді", "Түкірік жұтуға бола ма?" деген секілді сұрақтар жиі қойылады. Шағбан айы осы сұрақтарға жауап іздеп, Рамазан айына рухани және физикалық дайындықты күшейтетін уақыт деп есептеледі.

Шағбан – Рамазанға дайындық айы

Шағбан айында денсаулыққа барынша көңіл бөліп, иманның да, дененің де иммунитетін барынша көтеріп алу керек. Әсіресе, ораза алғаш ұстағалы отырған адамдар мүмкіндік болса дәрігерге қаралып, асқазан-ішек жолдарын тексеріп алған жөн. Биыл ораза қыстан көктемге қараған шақта басталатындықтан авитаминоз, яғни ағзадағы витамин жетіспеушілігі мазалауы мүмкін. Сондықтан қажет дәрумендер мен құнарлы тағамды уақытылы ішіп, ыңғайы келсе дүйсенбі мен бейсенбі күндері немесе аптасына кем дегенде бір күн ораза тұту абзал болмақ.

Денсаулыққа көңіл бөліп қана қоймай, рухани дайындыққа да назар аударған жөн. Ораза жайлы танымды кеңейту, Құран Кәрім оқу, салауат айтып, дұға оқу, ағайын-туыспен, дос-жаранмен байланысты жақсарта түсу, ренжіскенмен татуласу – рухани дайындықтың бір бөлігі. Шағбан айы – жаман әдеттерді тастап, жақсы әдеттер үйренуге таптырмас уақыт. 

Рамазан айына жоспар құрып, ораза кезінде не істейтініңізді нақтылап алыңыз. Қазірден бастап қайырымды істердің тізімін жазып, оған қажет қаражатты түгендеген жөн. Бес уақыт намазды барынша мешітте, ең болмағанда жамағатпен өткізуді дағдыға айналдырыңыз. Шағбан айы – барынша ораза ұстап, құлшылық жасап, Құран Кәрім сүрелерін көп оқып, жаттайтын, мұқтаждарға садақа беретін ай.

Шағбанда ораза ұстау

Шағбан – шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл, яғни ерікті ораза ұстайтын ай. Рамазан айында әрбір мұсылманға отыз күн ораза ұстау парыз етілген болса, Шағбан айында қанша күн ораза ұстаймын десе әркімнің өз еркінде.

Қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмаған. Десе де дүйсенбі мен бейсенбі күндері ауыз бекітсе болады. Сондай-ақ, Шағбан айының 13, 14, 15 күндері, яғни, "үш ақ күндері" ораза ұстаған дұрыс. Әсіресе, Шағбан айының 15-ші күні күндіз ораза ұстап (3 ақпан), түнін (Бараат түні, ақпанның 2-сінен 3-іне қараған түн) ғибадатпен өткізгеннің сауабы мол. 

Рамазан айынан өтелмей қалған қаза оразаларды Шағбан айында өтесе болады. Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана ұстағаны абзал. Шағбан айында үздіксіз ораза ұстап, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Неге десеңіз, Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондай-ақ, Рамазан айына екі-үш күн қалғанда ораза тұтпаған абзал.

Мұхаммед пайғамбар "Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз", – деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор, өйткені Әбу Әмәмә әл-Бәһилиден жеткен хадисте Алла Елшісі: "Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар", – деген.

Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау. Мұхаммед пайғамбар Шағбан айының көбін оразамен өткізген. Әнас сахаба Алла елшісінен "Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?" деп сұрағанда, "Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айында ұсталған ораза" деп жауап берген. 

Қаза болған оразаны өтеу

Ораза кезінде белгілі себептермен оразасын бұзған мұсылмандарға қаза болған ораза күндерін өтеу міндеттелген. Рамазан айы басталмас бұрын өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін өтеп тастаған абзал. Әр өтелмеген ораза адамға қарыз болып жазылады.

Шағбан – ораза қазасын өтеп, отыз күндік оразаға дайындық жасайтын ай. Ораза қазасын өтейтін адам күнделікті намаз кестесін негізге алады. Таң намазы кірген уақытта ауыз бекітеді, яғни сол уақытқа дейін сәресін ішіп-жеуге рұқсат. Ал ақшам намазы уақыты кіргенде ауыз ашады.

Қаза оразасының арнайы ниет-дұғасы жоқ. "Алла ризалығы үшін Рамазан оразасынан қалған пәлен күндік (мысалы, алты күндік) қаза оразаның бірінші күнін өтемекке (немесе екінші, үшінші) ниет еттім" – деп ауыз бекіте беруге болады.

Ораза қазасын өтеу уақыты шектелмеген, яғни, осы Рамазан айына дейін немесе одан кейінгі уақытта да өтеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, уақытты созбай тезірек өтеген жөн. Қаза оразалардың арасын үзбей ұстау міндетті емес, бөліп-бөліп өтеуге болады. 

Қаза оразаны әдейі, себепсіз бұзу – күнә. Әйтсе де, кәффәрат, яғни бір күн үшін 60 күн ораза ұстамайды. Тек сол күнді қайтадан ұстайды.

Қасиетті Бараат түні жасайтын амалдар

Шағбан айының 14-інен 15-іне қараған (ақпанның екісінен үшіне қараған түн) түн – Бараат түні. Бұл түні құбыла Құдыс қаласындағы Ақса мешітінен Меккедегі қасиетті Қағбаға қарай өзгерген. Бараат түнін "күнәдан тазару және кешірім түні" деп те атайды. Ислам ғұламалары Бараат түнін Рамазан айындағы Қадір түнінен кейінгі ең ұлық түн деп есептеген. Бараатты бос жіберіп алмай, шама келгенше құлшылық етіп өткізу Рамазан айындағы мың айдан да қайырлы Қадір түніне дайындық іспеттес.

Бараат түнін дұрыс қарсы алу үшін бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Алайда оған шамасы жетпегендер осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Бараат түні намаз оқыған, сәресіні ішкен адамға Рамазанның соңғы түндері жеңіл болады дейді. 

Мұхаммед пайғамбар: "Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: "Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін", – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді", – дей келе, "Алла Тағала Шағбан айының он бесінші түні (Бәраат түні) жер бетіне мейірім жаудырып, Өзіне серік қосқандар мен ата-анаға қарсы шыққандардан басқаларды кешіреді", – деген. 

Бараат – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. Сондықтан бұл түнде Пайғамбарға көп салауат, күнәлардың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізген абзал. Бұл түні көп ғибадат жасап, күнә істерден арылып, тәубе еткен жөн.

Қасиетті Бараат түні жасайтын амалдар:

  • Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауға тиіс. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Кімде-кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.
  • Тиләуәт. Құран оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылық түрі. Намаз оқып болған соң я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.
  • Зікір. Пайғамбарға салауат айту. Сондай-ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.
  • Дұға. Бұл түні көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. 

Бұл түнде күнәлі істерден аулақ болған жөн. Кейбіреулер еркеше тағамдар әзірлеп, үй ішін я болмаса мешітті безендіріп, бұл түнді атап өтіп жатады. Алайда мұның бәрі еш жерде жазылмаған негізсіз амалдар. Кейбіреулер бір жерге жиналып, діни жиын өткізіп, ұзақ сабақтар оқиды. Мұндай амалдарды атқарудың қажеті жоқ. Бұл түні тек қана құлшылық, ғибадат жасаған абзал.

Намаз, Құран оқу және зікір секілді құлшылықтарды топпен емес, жеке орындау қажет. Нәпіл намаз жамағатпен оқылмайды. Бұл түнді атап өту үшін жамағатты мешітке жинаудың қажеті жоқ. 

Рамазан айына дейін жасау керек амалдар

Шағбан айында мұсылмандар ораза ұстап қана қоймай, Рамазан айына барынша рухани және денсаулық тұрғысынан дайындалу керек. Мынадай амалдарға назар аударған жөн: 

  • Қарыздарды қайтару. Қарыз – берсе сауап, алса мойнына аманат болып жазылатын дүние. Хадисте қарызы бар адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек екені жазылған. Берілмеген зекет те қарыз деп есептеледі. Қарызын өтеу, зекет беру – парыз. Зекет қарызы бар адамның садақасы қабыл болмайды. 
  • Ниет ету. Рамазан айында жасаймын деген құлшылықтарға Шағбан айынан бастап ниет еткен жөн. Алдын ала ниет етпей, ешбір амал қабыл болмайды. Рамазан айында ораза ұстауға шынайы түрде ниет етсеңіз қазірден әдеп-амалдарды үйрене беріңіз. 
  • Ағзаны дайындау. Рамазан айы жақындағанда ағзаны оразаға дайындау қажет. Адам бірден ұзақ уақыт бойы нәр татпаса ағзада үлкен өзгерістер болып, ол белгілі бір ауруға әкелуі мүмкін. Сол себепті күнделікті ішіп жүрген тамақ мөлшерін біртіндеп азайта бастаған жөн. Алғаш рет ораза ұстайтындар қазірден ауыз бекітіп, ағзасын үйрете берсе болады.
  • Жаман әдеттерден арылу. Шағбан айында жаман әдеттеріңізден арылуға қамданып, жақсы әдет қалыптастыруды бастаңыз. Мысалы, темекіні тастай алмай жүрсеңіз Рамазанды күтпестен қазірден амалын жасаңыз. Денсаулық та аманат екенін ұмытпаңыз.
  • Ұйқыны реттеу. Оразада тек тамақтан ғана тыйылмай, ұйқы режимін де реттеу маңызды. Сәресіне ұйықтап қалмау үшін ерте ұйықтап, ерте тұруға ертерек бой үйреткен дұрыс. Күнде 7-8 сағаттан көп ұйықтайтын болсаңыз Шағбан айынан бастап аз ұйықтап үйреніңіз. Себебі сәресіне тұруға ерініп, түнде ауыз бекіте саламын деуге болмайды. "Сәресін ішіңдер, өйткені сәресінде береке бар" дейді.
  • Ас мәзірін дайындау. Ауыз бекіткенде сәресі мен ауызашарда не ішіп-жеймін деп бас қатырмас үшін ертерек ас мәзірін жасап қою артық етпейді. Рамазан айы басталмас бұрын қажет азық-түлікті ертерек әкеліп қойған абзал. Тәтті, ащы, тұзды, майлы тағамдарды мейлінше азайтыңыз. Ас мәзіріңізде көкөніс пен жеміс-жидек көп болсын.  
  • Тазалық жүргізу. Ішкі-сыртқы тазалыққа мән беріңіз. Денеңізді таза ұстаңыз. Дәрет алуды білмесеңіз, үйреніңіз. Үйіңізізді толықтай тазалап шығыңыз. Мүлдем кимейтін таза киімдеріңізді мұқтаж жандарға таратыңыз. Ескі заттардан арылыңыз. Үйдің ішін ғана емес, сыртын, ауланы да тазалап қойған жөн.
  • Алаңдатуы мүмкін істі аяқтау. Рамазан айы құлшылық жасайтын қасиетті ай болғандықтан, алаңдататын, аяқсыз қалған істі аяқтап тастаған жөн. Мысалы, өзге жерге көшуді жоспарласаңыз, қазірден қамданыңыз. Кәсіп бастаймын десеңіз, қазірден іске кірісіңіз. Денсаулығыңызға алаңдасаңыз, дәрігерге қаралып, ағзаңызды тексеріңіз. Рамазан айы басталғанша оразаға кедергі келтіруі мүмкін шаруаларды тындырыңыз.

Серіктестер жаңалықтары