Сәкен Майғазиевтің ұлының тойын тамашалау – 1380 теңге. Қазақстандағы ерекше тойларға шолу

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бұл шолуда тойдағы ерекше киім, гауһар тас шашу, салмағы 1,5 тонна торт, самокат кортеж, акуланың еті, доллар шапан туралы оқи аласыз.

Бүгін сағат 17.00-де Сәкен Майғазиевтің ұлының тойы басталады. Тойға 800 қонақ шақырылған. Ал мейрамханаға сыймағандар немесе келе алмағандар, сондай-ақ тойдың қалай өтетінін көргісі келетін кез келген адам трансляцияға ақы төлеп, онлайн тамашалай алады. Әншінің өзі бұл оқиға тарихта қалады деп отыр. 

Қазақстанда той бизнесі жақсы дамыған. Қуанышын ерекше етіп атап өткісі келетіндер көп. Бірі ерекше киінсе, бірі ерекше кортежбен жүреді. Осы орайда Информбюро порталы Қазақстандағы ерекше тойларға шолу жасады.

Сәкен Майғазиевтің ұлының тойы

Танымал әнші Сәкен Майғазиев көпшілікті ұлы Әділет пен келіні Әдияның үйлену тойын онлайн көруге шақырды. Тікелей эфирге қосылу құны – 1380 теңге. Ерекше ұлттық реңкте той өткізетінін жариялаған әнші бұл ақшаны пайда табу мақсатында жинап отырмағанын айтты.

Тойдың продюсері Жан Мұқанов онлайн тамашалау үшін неге ақша төлеу қажет екенін түсіндірді.  

"Бұл – тойдың өзі ғана емес, бұл –  ұлттық мәдениеттің, отбасылық құндылықтың, өнер адамының өміріндегі тарихи сәт. Бұл оқиғаны әдемі, әсерлі етіп көрсету үшін кәсіби режиссура, сапалы камералар, жарық, дыбыс, тікелей эфир платформасы керек және ондаған маман тарихта қалатын той жасау үшін күн-түн демей еңбек етіп жатыр. 1380 теңге – табыс емес, бұл – шығындарды жабу жолы. Бұл – жаңа қадам, жаңа тәжірибе. Әлемде бұл қалыпты тәжірибе. Жаңа жылдағы Victoria’s Secret шоуы, Британия ханзадаларының тойлары, Netflix трансляциялары – бәрі де pay-per-view. Сакен ағамыздың тойын да дәл сондай құрметпен, кәсіби түрде көрсетпеске? Бұл эфирдің мақсаты пайда табу емес. Мақсат – ұлттық мәдениетті әдемі түрде құжаттау. Эфирдің құны тек техникалық шығындарды жабуға жұмсалады. Біз ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Бұл – той емес, тарих", – деп жазды Жан Мұқанов.

Гауһар тас таратылған той

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 2022 жылы жалғыз ұлы Бегланның тойын Түркияның Ыстамбұл қаласында жасады. Ол той қызықтарын Instagram-парақшасына салып отырды.

Той алдында беташар, салтанатты неке қию рәсімі өтті. Жас келіннің бетін ақын Жандарбек Бұлғақов ашса, екі жастың некесін әнші Алтынай Жорабаева қиды.

Қазақстаннан танымал өнер адамдары тойға жиналды. Қыдырәлі мен Қарақат, Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас пен Гүлзира Айдарбекова, Тамара Асар, Ерке Есмахан, Ерлан Көкеев, Тұрсынбек Қабатов, "Алатау серілері" тобы және өзге де өнер иелері тойға қатысты. 

Тойда қызық ойындар ойнатылып, сыйлыққа гауһар тас берілді. Кейінірек той яхтада жалғасқан. 

Қайырымдылық жасаған жұбайлар

2019 жылы астаналық екі ерікті мейрамханада той жасамай, атаулы күнді мектеп-интернатта балалармен бірге атап өтуді жөн көрді. Дидар Сәтбаев пен Лаура Жүнісбекова қайырымдылық жасап жүрген кезде танысқан. Олар интернат тәрбиеленушілеріне сурет салу және жауынгерлік әдістерді меңгеруден тегін сабақ берген. Екеуі де қомақты қаржы жұмсап, той жасағысы келмеген. Одан гөрі балаларға қуаныш сыйлап, көңілдерін көтеріп, сыйлық жасауды жөн санаған.

дидар мен Лаура / Фото: Еуразия бірінші арнасы

Олардың туыстары да түсіністікпен қарап, екі жастың бастамасын қолдаған.

"Бізбен бірге қуанып, көңіл көтерген балалардың көңіл-күйіне жететін ештеңе жоқ. Жастарды мейрамханада той жасап, миллиондап ақша шашқанша, қаржыны игі істерге жұмсауға шақырамыз" – деді Лаура.

Ерекше киінген Айжұлдыз бен Сәкен

Биыл көктемде әнші Жанар Айжанованың қызы, актриса Айжұлдыз Адайбекова мен блогер Сәкен Қағаров үйлену тойында ерекше үлгідегі киім киді. 

Айжұлдыз классикалық қалыңдық көйлегінен бас тартып, ұлының салған суреттері бейнеленген жейденің үстінен ақ бүрмелі көйлек киіп, гүл шоғының орнына түрлі-түсті тәттілерден жасалған букет ұстады. Ал күйеу жігіт ашық түсті, принтпен көмкерілген пиджак, қара шолақ шалбар мен сызықты шұлық киіп, классикалық смокингтен алшақ образ таңдады.

Айжұлдыз бұл идеяны Анджелина Джолиден алғанын айтты. 

Той ашық аспан астында екі жастың жақындарының ортасында өтті. Жас жұбайларды әнші Тамара Асар мен басқа да жұлдыздар құттықтап, әлеуметтік желіде жүрекжарды тілектерін арнады.

Айжұлдыз бата алу тойында да күн мен ай стилінде ерекше киінген болатын.

1,5 тонна торт

2018 жылы Шымкентте өткен үйлену тойдың бірінде 1500 келі болатын ерекше торт қоғамның назарын аударды. Брнеше қабатты торт қамал пішінде жасалған. Биіктігі 4,2 метр, диаметрі 3 метрге жеткен торт арнайы платформа арқылы залға жеткізілген. Көпшілік мұндай үлкен тортты алғаш рет көргенін жазды.

Бұл тортты ресейлік танымал кондитер Ренат Ағзамов әзірлеген. Ол торттың дайындалуына бірнеше күн кеткенін және арнайы командамен жұмыс істегенін айтты. Торттың бағасы 179 мың АҚШ доллары тұрады.

Қоғамда бұл тортқа қатысты көзқарас екіге жарылды. Бірі мұндай салтанатты шараны шектен тыс сән-салтанат деп қабылдап, қарапайымдылықты дәріптесе, екіншілері бұл – жеке таңдау, эстетикалық шоу мен қуаныштың белгісі деп бағалады.

Бұл оқиға тек торттың көлемімен емес, елде той мәдениеті, ысырапшылдық, сән-салтанат туралы пікірталастарды қайта қозғады. 

Онлайн той

2020 жылы наурызда Covid-19 пандемиясы басталған тұста елімізде карантин режимі енгізіліп, көп адам жиналуға тыйым салынды. Сол кезде Астанада жастар алғаш рет онлайн режимде үйленді. 

Азамат Асқарұлы мен Әсел Әбдімәлікқызы 22 наурызда үйленуді жоспарлаған. Қыз ұзату мен құдалық рәсімдері Әселдің туған жері – Арыс қаласында өтуі керек еді. Алайда елдегі төтенше жағдайға байланысты жоспар өзгеріп, той онлайн форматта өтті.

Күйеу жігіттің айтуынша, бастапқыда екеуі ғана Арысқа бармақ болған. Бірақ қалыңдықтың ата-анасы жастарды күттірмей, видеоқоңырау арқылы батасын беріп, некелерін қиюға келісім берген. Неке шариғат жолымен имамның қатысуымен жақын туыстар арасында қиылды.

Жас жұбайларды туған-туыстары мен достары әлеуметтік желі мен бейнеқоңырау арқылы құттықтады.

Елу iPhone таратылған той

2019 жылы Атырау қаласында өткен тойдың бірінде 50 қонаққа iPhone ұялы телефоны сыйға тартылды. Той ұйымдастырушысы, асаба Руслан Ысқақовтың айтуынша, тойға 400-ге жуық адам қатысқан. Белсенділік танытқан қонақтарға iPhone-нан бөлек, тұрмыстық техникалар мен бағалы сыйлықтар да берілген.

"Тойда шамамен 400 адамдай болды. 50-ге жуық адамға iPhone берді. Оның ішінде тойда белсенді болып, жақсы көзге түскен той қонақтарына таратты. Одан бөлек қысқатолқынды пеш, шаңсорғыш, кір жуғыш машина, плазмалық теледидар, ноутбук берді", – деді асаба. 

Тойда Қайрат Нұртас, "Арнау" тобы мен Әбдіжаппар Әлқожа өнер көрсеткен. Шоу-бағдарламаға 70-тей әртіс пен шоу-балет өкілдері қатысқан.

Тойда акуланың еті тартылды: аспаз Бағдат Қадыров ерекше дастархан жайды

Акуланың еті тартылған той

2022 жылы Атырауда белгілі аспаз Бағдат Қадыров өз үйлену тойында қонақтарға бүтін акула етінен әзірленген ас ұсынды. Экзотикалық теңіз жыртқышы арнайы шетелден алдырылып, түрлі жемістермен бірге ұсынылған.

Той мәзірін Қадыров өзі жоспарлап, тағам әзірлеу процесін де өзі бақылаған. Акуланы той қонақтарының алдына әріптестері сән-салтанатпен алып шыққан.

Бағдат Қадыров бұған дейін де белгілі әнші Әбдіжаппар Әлқожаның ұлдарының сүндет тойында акула етінен ас әзірлеген болатын. Ол кезде тойға 30 мың адам жиналып, 10 миллион теңге, 5 көлік, 5 түйе мен бірнеше ірі қара мал тігіс ретінде қойылған.

Тойға самокатпен жету

2019 жылы Алматыда Әсем мен Александр үйлену тойына достарымен бірге самокатпен жетті. Олар қымбат кортеждің орнына самокатты таңдаған. Самокат кортежі Тұңғыш Президент саябағынан басталып, "Старий Мельник" мейрамханасынан аяқталған.

Әсем мен Александр самокат тебушілердің клубында танысқан. Екеуі де самокатты жақсы көреді. 

Жас жұбайлар әуелі достарына кішігірім той жасағымыз келді. Кейіннен самокатпен жүру идеясы пайда болған.

Самокат мінген Әсем мен Ескендірдің видеосы көп қаралым жинап, қызу талқыланды. Интернет қолданушылары жас жұбайларға бақыт тілеп, ерекше идея екенін айтты.

Доллар шапан

2022 жылы АҚШ-тың Майами қаласында болған қазақтардың тойында келген қонақ күйеу жігітке АҚШ валютасынан жасалған шапан жапты. 

Күйеу жігіттің аты – Еркебұлан, қалыңдықтың аты – Наргиз.

Тойда осы видеоны түсіріп алған Алик Сапаровтың айтуынша, Америкада шапан сатылмайтындықтан Аралина есімді қонаө сыйлық ретінде ерекше әрі креативті шапанды өз қолымен жасаған. Ол әдеттегі ақша салынған конверттің орнына осындай ерекшесыйлық беруді жөн санаған. Шапанда бірнеше қатарда орналасқан 1, 5 және 10 долларлық купюраларды көруге болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары