Шала туған сәбилерге көмек: Қазақстандық "28 ілмек" клубы 14 елде жұмыс істейді

Фото: "28 ілмек" клубы
Фото: "28 ілмек" клубы
Клубтың 151 қалада 4 мыңға жуық еріктісі бар.

Қазақстандағы ең маңызды волонтерлік жобалардың бірі – "28 ілмек" клубының құрылғанына биыл 13 жыл. Оның тарихы 2012 жылдың 29 шілдесінен бастау алады. Осы күні журналист Карла Нұр жаңа туған шақалақтарды аман алып қалу үшін күресіп жүрген неонатолог-дәрігерлер жайлы материал жариялаған еді. Ол дәрігерлердің жанкештілігіне тәнті болып, әлеуметтік желіде жұртты жүннен тоқылған кішкентай шұлықтар тоқуға шақырды.

Бұл үндеуге елдің түкпір-түкпірінен нәзікжанды жанашырлар үн қосты. Көп ұзамай бұл бастама үлкен қозғалысқа айнал, ТМД кеңістігінде алғашқы болып, салмағы небәрі 500 граммнан асатын шала туған нәрестелерге арнап жылы киім тоқитын еріктілер клубы құрылды.


"28 ілмек" клубының тарихы жайлы Информбюроның "Шала туған сәбиді қалай аман алып қаламыз? "28 ілмек" мүшесімен сұхбат" материалынан толығырақ оқи аласыздар. 


Бүгінде клуб мүшелері 100% табиғи жүннен жасалған толық жиынтықтар тоқиды. Олардың қатарында шұлық, бас киім, күртеше, шағын көрпеше, сондай-ақ 100% мақтадан тоқылған ойыншықтар бар. Бұл бұйымдар нәрестелерге тыныштық пен жылулық сыйлап қана қоймай, дене жылуын сақтау арқылы өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Сонымен қатар, балаға массаж әсерін беріп, қан айналымын жақсартады, ал анасына үміт пен сенім береді. 

Клубтың мақсаты – жаңа туған сәбиге дем беру

"28 ілмек" клубының басты миссиясы – шала туған сәбилер мен олардың отбасыларына қолдау көрсету. Еріктілердің өз қолымен тоқылған әрбір бұйым перинаталдық орталықтарға, неонатология бөлімшелеріне және перзентханаларға тегін жеткізіледі.

Айта кету керек, ешбір медициналық мекемелерде тоқыма жіп алуға бюджет қарастырылмаған. Сол себепті клуб толығымен еріктілердің қамқорлығына, тоқитын қыз-келіншектердің жүрек жылуына сүйеніп жұмыс істейді. Қажетті тоқыма жіп те олардың өз қаражатына алынады.

Клубтың жұмысы жай ғана тоқу емес. Бұл қолда барымен бөлісетін, бір-біріне сенім ұялататын, аналардың жанарынан үміт ұялататын қайырымдылықтың дәлелі. Әр тоқылған бұйым бұл нәрестенің алғашқы жылы құшағы, ананың – жалғыз емес екенін сезінетін сәті.

Клуб мүшелерінің айтуынша, 13 жыл ішінде ол халықаралық қозғалысқа айналған. Клуб 14 елде, соның ішінде Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Молдова, Латвия, Эстония, Германия, Тәжікстан, Армения елдерінде жұмыс істейді. Сондай-ақ, 151 қалада 4 мыңға жуық еріктісі бар.

"28 ілмек" клубының мүшелері

"13 жыл ішінде клуб кішкентай бастамадан риясыз мейірімнің қозғаушы күшіне айналды. Қарапайым тоқыма өнері адамдарды біріктіріп, мамандықтар мен ұрпақтарды байланыстырып келеді. Ең бастысы – бұл көмектің шын жүректен екені нәрестенің әрбір тынысынан байқалады", – деді Алматы қаласы бойынша клуб жетекшісі Ғазиза Ұзақ. 

Ол Қазақстандағы шала балаларға мемлекеттік көмек көрсету бойынша деректерді де бөлісті.

Айталық, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы елімізде 367 000-ға жуық бала дүниеге келсе, олардың 17 616-сы (4,8%) шала туған. Әлем бойынша мұндай сәбилер саны жыл сайын 15 миллионға жетеді.


Оқи отырыңыз: Тымаққа салу салты. Қазақ халқы ертеде шала туған баланы қалай өсірген


Соңғы жылдары шала туған балалардың өмір сүру деңгейі едәуір өскен:

  • 500-999 грамм салмақтағы сәбилердің өмір сүруі 2009 жылы 19,1% болса, 2024 жылы – 51,3%;
  • 1000-1499 г салмақтағыларда бұл көрсеткіш 56,1%-дан 87,2%-ға дейін өсті.

Мұның бәрі – медицина жетістігі мен адам жанашырлығының үйлесімі. "28 ілмек" клубының еріктілері осы өзгерістердің маңызды бір бөлігі болып отыр.

"Біздің миссия – тек тоқыма тоқу емес. Жүннен жасалған бұйымдар нәрестенің дене жылуын сақтаумен қатар, қан айналымын жақсартып, тыныс алуына ықпал етеді", – деді Алматы қаласы бойынша клуб жетекшісі Марина Чегаева. 

"28 ілмек" – бұл мейірімді жүректердің орталығы. Мұнда әр тоқылған ілмек риясыз махаббаттың көрінісі, әр тоқылған киім үміттің нышаны. Мыңдаған жандар бір мақсат үшін қол ұстасып, жіптен емес, сенім мен өмірге жол тоқып келеді.

 

Серіктестер жаңалықтары