Тегін цифрлық платформа: Мұғалім балалардың оқу үлгерімін қалай онлайн бақылай алады

BilimClass тегін платформасы
BilimClass тегін платформасы
Электрондық күнделік сабақ пен сыныптағы процестерді бір орталықтан басқаруға көмектеседі.

Мектептерде бірінші тоқсан аяқталып, аралық қорытынды жасау кезеңі басталды. Оқушылардың үлгерімін бағалау, олқылықтарды анықтап, келесі тоқсанға нақты жоспар құру – мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі үшін ең жауапты жұмыс. Осындай сәтте жұмыс процесін күрделендірмей, керісінше, деректерді жылдам саралап, уақытында шешім қабылдауға мүмкіндік беретін құралдардың маңызы арта түседі.

Қазақстанда бұл бағыттағы жұмысты қолға алғандардың бірі – BilimClass тегін платформасы. EdTech саласында өнімдер әзірлейтін бұл жүйені қазір 11 өңірдің мектептері қолданады. Платформа электрондық күнделік және мониторинг жүйелерін бір жерге жинақтап, мұғалімге уақытты тиімді басқаруға және оқушымен жеке жұмыс жасауға жағдай жасайды. Біз әр өңірдегі педагогтермен сөйлесіп, цифрлық құралдардың олардың күнделікті жұмысына қалай әсер етіп жатқанын анықтап көрдік.

Ұлжан Тұрарбекқызы

Ұлжан Тұрарбекқызы 18 жылдан аса Алматы облысы, Ащыбұлақ ауылындағы мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Оның жұмыс күнінің басым бөлігі сабақ өткізуге, оқушылардың жұмыстарын тексеруге, жоспар құруға, ата-аналармен байланыс орнатып, құжат толтыруға кетеді.

"Ең шаршататыны – сабақтан тыс құжаттар, есеп беру және әртүрлі платформаларға бірдей мәліметтерді қайта енгізу. Сондықтан мен жұмыс күнімді алдын ала жоспарлап, басымдықтарды бөліп аламын, сонымен қатар әріптестеріммен тәжірибе алмасу да көп көмектеседі", – дейді педагог.

Барлығына үлгеру үшін Ұлжан Тұрарбекқызы заманауи технологиялардың көмегіне жүгінеді. BilimClass платформасындағы дайын жоспар үлгілері мен бағаларды автоматты есептеу мүмкіндігінің көмегімен қағазбастылық жұмыс едәуір азайғанын айтады.

Бұдан бөлек әр оқушыға жеке кері байланыс беру де жеңілдей түскен. Мұғалім платформада пікір қалдырып, қысқа тест арқылы балалардың қатесін бірден көрсетеді. Ұлжан Тұрарбекқызының айтуынша, оқушылар әсіресе ойын элементтері мен ұпай жүйесін жақсы көреді, бұл олардың оқуға деген ынтасын едәуір арттыруға көмектескен. 

BilimClass тегін платформасы

BilimClass – мектептерге арналған цифрлық білім беру платформасы. Қазіргі таңда оны Қазақстанның 11 өңірінде 2,3 миллион оқушы және шамамен 315 мың мұғалім қолданады. Платформа цифрлық күнделік пен журналды, мектепті басқару жүйесі мен оқу контентін, әдістемелік талдау мен аналитиканы қамтитын толыққанды экожүйе. Ал жақында платформа Автоматтандырылған білім мониторингі жүйесін таныстырды. Бұл құрал тоқсан қорытындысы бойынша оқу нәтижелерін жылдам бағалауға мүмкіндік беріп, шынайы деректер негізінде нақты қорытындыны ұсынады.

Бүгінде BilimClass – республикадағы ең көп қолданылатын интернет-ресурстың бірі. Жүйеге қолданушылар жылына 2,5 миллиард рет кіреді. Сонымен қатар қазіргі таңда платформа App Store мен Google Play маркетплейстерінде "Білім" санатында топ бастап тұр. Ал ай сайынғы бірегей пайдаланушылар саны 800 мыңға жетеді.

"BilimClass сияқты құралдар мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оқушылармен кері байланысты жылдамдатты. Бұрын көп уақыт алатын қағазбасты тапсырмалар азайды, енді шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік бар. Алайда цифрлық құралдар мұғалімді алмастырмайтыны анық, олар тек көмекші рөлін атқарады. Өйткені мұғалім мамандығының басты мәні – оқушыны тәрбиелеу және бағыттау", – деді педагог.

Ұлжан Тұрарбекқызының пікірінше, алдағы жылдары мұғалімдерге жасанды интеллект мүмкіндіктерін, деректерді талдау тәсілдерін, цифрлық қауіпсіздік пен авторлық құқықты сақтауды меңгеру маңызды бола түспек. Өзі де пайдалы курстарға қатысып, онлайн-платформалар арқылы білімін жетілдіруді, жинаған тәжірибесін әріптестерімен бөлісуді бұдан әрі де жалғастыруды жоспарлап отыр.

Жанар Бірәліқызы

Ақтөбе облысы Қобда қазақ орта мектебінің информатика пәні мұғалімі Жанар Бірәліқызы жаңа технологияларды кәсіби тұрғыда жақсы меңгерген. Десе де ол заманауи ұстаз үшін цифрлық құралдардың пайдасы мен қажеттігі айқын екенін айтады.

"Кейде қағаз жұмыстарға әлдеқайда көп уақыт кететіндей көрінеді. Сондықтан уақытты дұрыс жоспарлап, артық жұмысты қысқартуға тырысамын: кесте мен бағдарламаны алдын ала ойластырамын, ал BilimClass-та дайын тапсырмалар мен автоматты бағалау жүйесі көп көмектеседі", – дейді Жанар Бірәліқызы.

Ол әр оқушыға жеке пікір беруге тырысатынын айтады. Бұрын ол ескертпелерді балалардың дәптеріне қолмен жазатын, ал қазір әлдеқайда ыңғайлы: пікірін бірден платформада қалдырады.

BilimClass мұғалімдер үшін түрлі пайдалы функцияны ұсынады. Олардың қатарында күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, интерактивті сабақтар, өз сабақтарын қосу мүмкіндігі, БЖБ/ТЖБ каталогы, қашықтан оқыту функциясы, синхронды сабақтарға арналған видеоконференциялар, ақпараттық панель, оқушылармен чат бар. Платформа толықтай тегін, ешқандай жарнама жоқ. Сонымен қатар балалармен жұмысқа қатысты қазақстандық заңнама қатаң сақталады. 

Наргиза Халметова

Түркістан облысындағы әл-Фараби атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Наргиза Халметованың жүктемесі үлкен: ол тек қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп қана қоймай, әріптестерінің жұмысын үйлестіреді. Қазақ-өзбек тілінде білім беретін бұл мектепте сабақтардың басым бөлігі Т2 бағыты бойынша өтеді және бұл ретте цифрлық құралдардың маңызы ерекше.

"Сыныптар бойынша жиынтық бағалау, тарификация, есеп пен құжаттар – ең ауқымды жұмыстардың бірі. Бұрын бәрін қолмен толтыратынбыз, ал қазір BilimClass-тағы есеп пен талдау құралдарының арқасында жұмысымыз жеңілдеді. Кері байланысты тест, шағын тапсырмалар және ұпай жинау жүйесі арқылы беремін. Бір жақсысы, оқушылардың нәтижесін бірден көруге болады, ал ойын элементтері оларды ынталандырады. Ал BilimClass-та маған ең ұнайтыны – өз контентімді енгізе аламын, бұл шығармашылыққа көбірек уақыт бөлуге жол ашады", – дейді Наргиза Халметова.

Платформа әкімшілікке де бірқатар маңызды артықшылық береді: білім беру процестерінің статистикасын көрсетеді, Ұлттық білім беру деректер қоры және басқа да мемлекеттік базалармен интеграцияланады, есеп пен мониторинг жасайды, алмастырылған сабақтарды тіркеу журналын, сынып журналдарын жүргізеді және оқу процестерін толыққанды бақылауды қамтамасыз етеді.

"BilimClass жүйесіндегі Автоматтандырылған білім беру мониторингі жүйесін арқасында мектептер оқу процесін терең талдауға мүмкіндік беретін қарапайым әрі түсінікті құралға қол жеткізеді. Жүйе жалпы көрсеткіштерден бастап әр сынып, әр оқушы және әр мұғалім деңгейіне дейінгі деректерді көруге мүмкіндік береді. Бұл оқудағы олқылықтарды дер кезінде анықтап, оларды жақсарту жолдарын айқындауға, сондай-ақ нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Бұдан бөлек жүйе ықтимал қатерлерді ертерек анықтап, ата-аналармен және педагогтермен жұмыс барысында ашықтықты қамтамасыз етеді", – дейді Bilim Group-тің жоба менеджері Фархат Усен.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары