Тікелей эфир

2025 жылы зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгереді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
2025 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге, ал АЕК мөлшері 3 692 теңгені құрайды.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгереді. Сәйкесінше зейнетақы, жәрдемақылар мен түрлі әлеуметтік төлемдердің де сомасы артады.

Осы орайда Информбюро порталы 2025 жылы зейнетақы, жөргекпұл, бала күтіміне, көпбалалы отбасылар және аналарға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi қаншалық артқанын есептеді.

№1. Айлық есептік көрсеткіш қаншаға өсті?

Жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады. 2024 жылы АЕК мөлшері 3 692 теңге болса, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 932 теңгені құрайды. 

№2. Ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейі қанша?

2025 жылы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 85 мың теңге болып қала береді. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 2025 жылға 46 228 теңге шамасында белгіленді. 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңге болды.

№3. Зейнетақы қаншаға өсті?

Мемлекеттік базалық зейнетақы:

  • ең төмен мөлшері – 32 360 теңге (2024 жылы – 28 215 теңге);
  • ең жоғары мөлшері – 50 851 теңге (2024 жылы – 45 578 теңге).

Жасы бойынша зейнетақы:

  • ең төмен мөлшері – 62 771 теңге (2024 жылы – 57 853 теңге);
  • зейнетақының ең жоғары сомасы – 162 195 теңге (152 295 теңге).

Базалық және жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 95 131 теңге құраса, ең жоғары сомасы 213 046 теңгеге тең.

2025 жылы зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де бұрынғыдай қала береді: ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас.

№4. Бала өмірге келгенде берілетін жәрдемақы қаншаға артты?

Бала туғаннан кейін әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (2024 жылы – 140 296 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (2024 жылы – 232 596 теңге).

Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.

Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты есептеледі: орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, соңғы бір жылдағы табысыңыз 3 млн теңге болса, осы соманы он екі айға бөлгенде орташа жалақы 250 мың теңге шығады. Оны 4,2 коэффициентке көбейткенде 1 млн 50 мың теңге болады. Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегергенде босануға байланысты біржолғы төлем 945 мың теңгеге тең болды. 

№5. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі:

  • бірінші балаға – 22 649 теңге (2024 жылы – 21 266 теңге);
  • екінші балаға – 26 777 теңге (2024 жылы – 25 143 теңге);
  • үшінші балаға – 30 867 теңге (2024 жылы – 28 982 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 34 995 теңге (2024 жылы – 32 859 теңге).

Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем орташа жалақысына байланысты есептеледі. Формуласы: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. Мысалы, екі жыл ішінде тапқан табыс 6 млн теңгені 24 айға бөлсе орташа жалақы 250 мың теңге болады. Бұл соманы 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан 10% зейнетақы жарнасын алып тастаймыз. Сонда жұмыс істейтін әйелдің бала күтімі үшін алатын ай сайынғы төлемі 90 мың теңгеге тең.

№6. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріледі:

  • төрт балаға – 63 030 теңге (2024 жылы – 59 183 теңге);
  • бес балаға – 78 798 теңге (2024 жылы – 73 988 теңге);
  • алты балаға – 94 565 теңге (2024 жылы – 88 973 теңге);
  • жеті балаға – 110 332 теңге (2024 жылы – 103 598 теңге);
  • сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) қосылады (2024 жылы – 14 768 теңгеден).

№7. "Алтын алқа", "Күміс алқа" иелеріне берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі.

  • "Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордені иегерлері – 29 097 теңге (2024 жылы – 27 321 теңге);
  • "Күміс алқа" иегері – 25 165 теңге (2024 жылы – 23 629 теңге).

№8. Мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы қаншаға өсті?

Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 74 428 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы:

  • I топ – 101 702 теңге;
  • II топ – 84 598 теңге;
  • III топ – 74 428 теңге.

Жалпы жәрдемақы:

  • I топ – 101 702 теңге (2024 жылы – 95 496 теңге);
  • II топ – 81 362 теңге (2024 жылы – 76 397 теңге);
  • III топ – 55 474 теңге (2024 жылы – 52 089 теңге).

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға ол 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы – 74 428 теңге (2024 жылы – 69 886 теңге). І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасаушыға да дәл осындай сомада жәрдемақы төленеді.

№9. Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері қандай?

Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі:

  • ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 42 530 теңге (2024 жылы – 39 934 теңге);
  • екі адамға – 78 588 теңге (2024 жылы – 73 792 теңге);
  • үш адамға – 104 014 теңге (2024 жылы – 97 666  теңге);
  • төрт адамға – 120 194 теңге (2024 жылы – 112 858 теңге);
  • бес адамға – 127 129 теңге (2024 жылы – 119 369 теңге);
  • алты және одан көп адамға – 138 685 теңге (2024 жылы – 130 221 теңге).

Ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 71 192 теңге беріледі.

Серіктестер жаңалықтары