Ағаш қауіп төндірсе, тұрғындар қайда хабарласуы тиіс? Түсіндіреміз

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Егер мектеп ағашты "бюджет жоқ" немесе "құжат рәсімделмеген" деген себеппен кеспей жатса, әкімдік немесе экология басқармасы оны орындауға міндеттей алады.

Алматы қаласында көпқабатты үйдің ауласында немесе жеке меншік жер телімінде тұрған ағашты рұқсатсыз кесуге болмайды. Себебі жасыл желекті қорғау – қала әкімдігінің ерекше бақылауындағы маңызды мәселе. Әрбір ағаш қаланың экожүйесіне, ауа сапасына және тұрғындардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сондықтан ағашты кесу үшін арнайы рәсімдерден өту қажет.

№1 Жергілікті әкімдікке жүгіну

Алдымен ағаш орналасқан аумаққа қарайтын аудандық әкімдікке ресми өтініш жазу керек. Өтініште мына мәліметтер көрсетіледі:

  • ағаштың нақты тұрған мекенжайы;
  • ағашты кесу себебі (құрғақ болып қалуы, құлап кету қаупі, инженерлік желілерге кедергі келтіруі немесе құрылыс жұмыстарына тосқауыл болуы);
  • өтініш берушінің байланыс деректері.

Өтініш қағаз түрінде де, электронды түрде де қабылдануы мүмкін.

№2 Мамандардың тексеруі

Әкімдік өтініш түскеннен кейін арнайы комиссияны немесе экология саласының мамандарын жібереді. Олар ағаштың жай-күйін тексеріп, оның шынымен қауіп төндіріп тұрғанын не тұрғызуға кедергі келтіріп жатқанын анықтайды.

Тексеру барысында ағаштың жасы, түрі, зақымдану деңгейі есепке алынады. Нәтижесінде арнайы акт толтырылады.


Оқи отырыңыз: Алматының заңсыз салынған екі қабатты ғимарат бұзылады


№3 Рұқсат құжаты

Егер комиссия ағашты кесуге негіз бар деп тапса, аудандық әкімдік ресми түрде рұқсат қағазын береді. Бұл құжатсыз ешбір ұйым немесе жеке тұлға ағашты кесуге құқылы емес.

Кей жағдайларда әкімдік ағашты кескеннен кейін оның орнына жаңа көшет отырғызуды міндеттейді. Бұл қаладағы жасыл желекті сақтап қалу үшін жасалады.

№4 Кесу жұмыстары

Рұқсат берілген соң ағашты әкімдік өзі келісімшарт жасаған мердігер ұйым арқылы кеседі. Ал кейде тұрғындарға арнайы лицензиясы бар қызмет көрсетушілерді шақыруға рұқсат етіледі.

Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс, себебі көпқабатты үйлердің ауласында ағаш кесу кезінде тұрғындарға немесе мүлікке зиян келуі мүмкін.

№5 Ерекше жағдай

Егер ағаштың құлау қаупі жоғары болып, тұрғындардың өміріне немесе мүлікке төнген қауіп анық байқалса, уақыт жоғалтпай 109 – iKomek бірыңғай байланыс орталығына хабарласу қажет. Бұл қызмет тәулік бойы жұмыс істейді және шұғыл әрекет етуге жауап береді.


Оқи отырыңыз: Бішкекте тұрғындардың күндіз үйінен қоқыс шығаруына тыйым салынды


№6 Мемлекеттік мекеме аумағында өсіп тұрған ағаш қауіп төндірсе ше?

Егер қауіпті ағаш мектеп, балабақша немесе басқа мемлекеттік мекеменің аумағында өсіп тұрса, оны да рұқсатсыз кесуге болмайды. Мұндай жағдайда әрекет ету тәртібі сәл өзгеше болады:

1. Мектеп әкімшілігіне ресми түрде жүгіну

  • Директордың атына жазбаша өтініш бересіз.
  • Өтініште ағаштың нақты тұрған жерін, қандай қауіп төндіріп тұрғанын (құлау қаупі, балаларға қауіп, ғимаратқа зақым келтіруі) сипаттап жазу қажет.

2. Білім басқармасы немесе аудандық әкімдікке шағымдану

  • Егер мектеп шара қолданбаса, тиісті аудандық әкімдікке немесе Алматы қаласының Білім басқармасына жазбаша арыз түсіруге болады.
  • Әкімдік комиссия құрып, ағашты тексеріп, шешім қабылдайды.

3. Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлау

  • Ағаш құлау қаупі жоғары болса, уақытты созбай Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне (101 немесе 112) хабарласу қажет. Олар жағдайды тексеріп, шұғыл шара қолдана алады.

4. 109 – iKomek бірыңғай байланыс орталығы

  • Бұл қызметке де өтініш қалдыруға болады. Олар шағымды тиісті мекемеге жолдап, орындалуын қадағалайды.

 

5. Азаматтық бастама

  • Кейде ата-аналар комитеті немесе тұрғындар бірлесіп арыз жазса, мәселе тезірек шешімін табады.

Егер мектеп ағашты "бюджет жоқ" немесе "құжат рәсімделмеген" деген себеппен кеспей жатса, әкімдік немесе экология басқармасы оны орындауға міндеттей алады. Себебі ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі.

Еске салсақ, тамыз айында Алматы қаласында жаяу жүргіншілер жолымен келе жатқан қыздың үстіне ағаш құлап, қаза болды.

Сондай-ақ, 19 маусымда Павлодар облысында күшті дауыл соқты. Желдің екпіні секундына 43 метрге дейін жетті. Дауыл кезінде Ақсу қаласында құлаған ағаштың бұтағы такси салонында отырған әйелдің өліміне себепші болды. Қайтыс болған адамның отбасына қаржылай қолдау көрсетілетіні туралы әкімдік хабарлады.

Бұдан өзге Павлодар облысындағы дауылдан кейін тағы бір әйел көз жұмды. Оны құлаған ағаш басып қалған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары