Қазақстанда киік саны күрт өсіп, саны төрт миллион басқа жеткен соң биыл 1 шілдеде киіктердің санын реттеу шаралары басталды. Соның аясында 800 мыңға жуық киікті атуға рұқсат етілді. Тамыз айынан бастап Қазақстанда киік еті сатылады.
Киік етінің бағасы қанша? Қайдан сатып алуға болады? Ислам дінінде киік етін жеуге рұқсат етілген бе? Киік етінің қандай пайдасы бар? Информбюро тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап береді.
№1. Ақбөкенді атуға не үшін рұқсат етілді?
Елімізде 1999 жылдан бері киік санының күрт азаюына байланысты ақбөкендерді атуға 2024 жылға дейін тыйым салынды. 2006 жылы ақбөкен "Қызыл кiтапқа" енді. Алайда 2023 жылы ақбөкен саны күрт артты. Үкіметтің мәліметінше, ақбөкен популяциясының өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыра бастады. Бүгінде киік саны 4 миллионға жетті. Зоология институты киік санын реттеу үшін 20 пайызын аулау қажет деген қорытынды шығарды.
№2. Ақбөкендерді кім атады?
Ақбөкендерді кез келген адам ата да, сата да алмайды. Биыл маусым айында ақбөкен популяциясын реттеу туралы шешім қабылданып, шілде айынан бастап ату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақбөкендердің санын реттеу жұмыстарын "Охотзоопром" қызметкерлері жүзеге асырады. Атылған киіктер сою пункттеріне жеткізіледі. Одан сан алуан өнімдер – консервілер, шұжықтар мен "тушенка" шығару жоспарланған.
№3. Киік еті қайда сатылады?
Сауда және интеграция министрлігі киік еті бөлшек саудада сатылмайтынын мәлімдеді. Облыстық сауда басқармаларының мәліметінше, сегіз өңірде 21 мал сою пунктінде 40 мың киік сойылған. Кейін ет зауыттары мен комбинаттары өңір ішінде сатып, басқа өңірлерге де жібереді. Әзірге Астана және Алматы қалаларынан, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, БҚО, Маңғыстау облыстарында киік етін сатып алуға болады.
Ақбөкендер мекендейтін өңірлерде, яғни Ақтөбе, Ақмола, Атырау, БҚО, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында 25 ою пункті жұмыс істейді.
Өңдеушілер етті алдын ала берілген тапсырыстар бойынша тұтас күйінде ғана сатады. Ал дайын өнімнің бір бөлігі консерві жасауға жіберіледі.
№4. Бағасы қанша?
Киік еті 1200-1600 теңге аралығында сатылады:
- Астана – келісі1600 теңгеден;
- Алматы – келісі 1600 теңгеден;
- Ақтөбе – келісі 1300 теңгеден;
- Жезқазған – келісі 1500 теңгеден;
- Қостанай – келісі 1500 теңгеден;
- Қостанай облысындағы ауылдар мен қалалар – келісі 1200 теңгеден;
- Қызылорда – келісі 1500 теңгеден;
- Тараз – келісі 1300 теңгеден;
- Орал – келісі 1500 теңгеден;
- Маңғыстау облысындағы қалалар мен елді мекендер – келісі 1300 теңгеден;
- Батыс Қазақстан облысы – келісі 1300 теңгеден.
Сондай-ақ БҚО-да "Кублей" компаниясы косервілеу үшін 10 мыңға жуық тұтастай киік етін сатып алды. Консервіні 1300 теңгеден сатуды жоспарлап отыр.
Ал Астанада киік етіне деген сұраныс онша жоғары емес: елордада 2 698 киіктің ұшасы сатылды. Алматыда – 389. БҚО-да шамамен 16 000 киік еті тұтасымен сатылды.
№5. Сойылған киік еті санитарлық талаптарға сай келе ме?
Киік етін тағамға пайдалану "Стандарттау туралы", "Тамақ қауіпсіздігі туралы" заңдарға, "Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" ЕАЭО 034/2013 техникалық регламентіне сәйкес келеді. 2023 жылғы 27 қарашада ҚР СТ "Сайғақ еті бұқтырылған. Техникалық шарттар" және ҚР СТ "Сайғақ еті – тұтас және жартылай ұшалар. Жалпы техникалық шарттар" ұлттық стандарттары бекітілген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, барлық сою объектісі ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай: мал союға арналған арнайы бөлмелер, тоңазытқыш камералар, ұшаларды ілуге арналған құралдары бар, сумен жабдықталған.
Ұшалар сою орындарына жеткізілген соң, олар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауынан өтіп, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізіледі. Бұл ретте, ақбөкен етіне міндетті зерттеулер жүргізіледі. Олар:
- ұшаның, ішкі ағзалардың және басының органолептикалық қарауы;
- барлық қолжетімді лимфа түйіндерін жарып, ішкі ағзаларды тіліп тексеру;
- қайнату сынамасы;
- финнозға (цистицеркоз) зерттеу;
- жалпы радиациялық фонды анықтау.
Ұшаның ветеринариялық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда, ет әрі қарай бөлшектеліп, өңделеді. Ал қалдықтар залалсыздандырылады.
Содан соң өнімнің шыққан жерін, қауіпсіздігі мен сапасын растайтын ветеринариялық дәрігерлердің анықтамасы беріледі.
№6. Ислам діні киік етін жеуге қалай қарайды?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы киіктер шариғатқа сай атылған жағдайда ғана етін жеуге болатынын айтып отыр.
"Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы аң болу керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: "Бәлкім оны басқа аңдар өлтірген шығар" деген. Екінші бір хадисте: "Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме" деп айтылған", – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Аңшы аң аулау немесе оқ атар алдында "Бісміллә" сөзін айтуға тиіс. "Бісміллә" сөзін әдейі айтпаса, ол аң – адал емес. Аңды ермек үшін аулау макруһ таһрими болып танылады. Аң аулаушы кісі мұсылман не әһли-кітап болу керек. Аң аулауға арналған қару өткір, жарақаттайтын болу керек. Қарудың жарақаттап кесуінен аң өлсе – адал, ал соққыдан өлсе арам саналады.
№7. Киік етінің құрамында дәрумендер бар ма?
Қазақ тағамтану академиясының сараптама нәтижесіне сәйкес, киіктің еті зиян емес. Киік еті майлы емес, энергетикалық құндылығы жоғары. Энергетикалық құндылығы 163 ккал болатын 100 грамм етте:
- Ақуыз – 20 грамм;
- Май – 9 грамм;
- D дәрумені – 9,2 мкг (тәуліктік мөлшердің шамамен 100 пайызы);
- A дәрумені – 42 мкг;
- E дәрумені – 4,8 мг;,
- B5 дәрумені – 8 мг (тәуліктік мөлшердің 160 пайызы);
- Темір – 3,9 мг;
- Мырыш – 6 мг;
- L-карнитин – 132 мг;
- Магний – 20,3 мг;
- Кальций – 12,5 мг;
- Сондай-ақ, құрамында мыс, селен және B тобы дәрумендері бар.
№8. Киік еті кімдерге пайдалы?
Мамандардың пікірінше, киік еті мына адамдарға пайдалы:
- балалар;
- жүкті және бала емізетін әйелдер;
- қарттар;
- физикалық және интеллектуалдық жүктемесі жоғары адамдар, яғни спортзалда және кеңседе ауыр жұмыс істейтіндер;
- теңіз өнімдеріне қолжетімділігі шектеулі аймақ тұрғындары;
- D дәрумені, темір және сапалы ақуыз тапшылығы бар адамдар.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65