"Наурыз" ипотекасы 5 наурызда іске қосылады. Бағдарлама шарттары қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Өтінім 31 наурызға дейін қабылданады.

5 наурызда "Наурыз" тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталады. Биыл бағдарлама шарттары өзгерді. Мемлекет бұл мақсатқа 300 млрд теңге бөліп, шамамен 11,5 мың азаматтың баспана алуына мүмкіндік жасап отыр. Бұл материалда бағдарламаның кімдерге арналғанын, негізгі шарттарын және қалай қатысуға болатынын түсіндіреміз.

Ипотека шарттары қандай?

Пайыздық мөлшерлемесі: Әкімдік кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан осал топтар үшін – 7% (ЖТСМ 7,1%-9,6%), тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтар, қандастар мен өзге де азаматтары үшін  – 9%. Несие сомасының 50 пайызы жинақталғаннан кейін пайыздық мөлшерлеме 3,5%-дан 5%-ға дейін төмендейді;

Несие мөлшері: Жөндеу жұмыстарын қоса есептегенде Астана мен Алматы үшін берілетін несиенің ең көп мөлшері – 36 млн теңге, басқа қалалар мен өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Бастапқы жарна: әрленген жаңа тұрғын үйді алу үшін – 10%, әрленбеген жаңа тұрғын үй немесе қайталама тұрғын үй алу үшін – 20%-дан басталады. Алайда бастапқы жарна 2 млн теңгеден кем болмауға тиіс.

Несиені өтеу мерзімі – 19 жылға дейін.

Кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлкі болмаған барлық қазақстандық қатыса алады.

Қатысушының жасы: 18-ден 63 жасқа дейін;

Табысы: Қатысушының соңғы 6 ай ішінде ресми табыс болуы шарт. Табыс ретінде жалақы, кәсіпкерліктен түскен пайда, ақылы қызмет көрсету шарты бойынша түскен табыс, жәрдемақылар, стипендия және тұрғын үй төлемдері кіреді. Егер бағдарламаға қатысушының табысы жеткіліксіз болса, онда ол кепілгер болатын екі қарыз алушыны тарта алады. Кепілгердің туысқан болуы міндетті емес;

Тұрғын үйдің болу-болмауы: Соңғы 5 жыл ішінде бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде ешқандай тұрғын үй болмауы қажет. Отбасы мүшелеріне: күйеуі, әйелі және олардың кәмелетке толмаған балалары жатады. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Егер қатысушы некеде болмаса, тек өзінің атында тұрғын үй болмауы қажет, яғни ата-аналсының атындағы тұрғын үй есептелмейді;
 
Бір салымшы немесе бір отбасы бағдарлама шеңберінде тұрғын үйді бір реттен артық сатып ала алмайды.

Қандай үй алуға болады?

Тұрғын үйді Баспана Маркет порталында таңдауға, брондауға және сатып алуға болады.

  • Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарындағы пайдалануға берілген немесе салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер;
  • Моноқала, ірі ауылдық елді мекен, аудан орталықтарында екінші нарықтан тұрғын үй алуға болады. Ол жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспауы тиіс;
  • Жөндеу жұмыстары үшін де ақша алуға болады. Алайда оның сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің 20%-нан аспауға тиіс.

Қандай депозитпен қатысуға болады?

Депозит ашу: Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банкінен депозит ашу қажет;

Депозиттегі жинақтың ең аз сомасы: Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте депозитте кемінде 2 млн теңгеге тең болуы тиіс. Оны өтініш берер алдында толықтыруға да болады. Ал жинағы 2 млн теңгеден төмен депозиттер бағдарламаға қатыса алмайды;

Жинақтау мерзімі: Салым мерзімі маңызды емес;
 
Тарифтік бағдарламалар: "Табысты", "Жинақ" және "Арнау" тарифтік бағдарламалары шеңберінде ашылған депозиттер бағдарламаға қатыстырылмайды. 
 
Басқа тұрғын үй бағдарламаларына қатыспау: Салымшы "Кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға алу" және "Отау" бағдарламаларына қатысқан болмауы керек.
 
Қосымша талаптар: депозит қолданысына тыйым салу, инкассалық өкімдер және төлем талаптары түріндегі шектеулер болмауы керек.

Қатысушылар қалай іріктеледі?

Қатысушылар балдық жүйе бойынша іріктеледі:

  • Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға – 10 балл;
  • 18 жасқа дейінгі баласы барларға (саны маңызды емес) – 10 балл;
  • Некеде болу (некеде тұрған жылы маңызды емес) – 5 балл;
  • Қатысушының жасы 35 жасқа дейін (қоса алғанда) – 5 балл;
  • Салым бойынша сыйақы мөлшерінің көлемі әрбір 1 000 теңге үшін – 1 балл.

Өтінім қалай жібереді?

Өтінімді 5 наурыздан 31 наурызға дейін жұмыс күндері сағат 9:00 мен 21:00 аралығында онлайн бере аласыз. Ол үшін: 

  1. Baspana Market сайтына кіру немесе тіркелу қажет;
  2. Жеке кабинеттегі "Менің өтінімдерім" бөлімінде "Наурыз" бағдарламасын тауып, "Өтінім жіберу" түймесін басасыз;
  3. Бағдарламаның шарттарымен танысқан соң тұрғын үй сатып алғыңыз келетін аймақты және өтініш берген кезде тұрып жатқан аймақты таңдайсыз. Сосын шарттарды оқығаныңызды растап, "Жалғастыру" түймесін басасыз;
  4. Бағдарламаға қатысатын депозитті көрсетіп, шарттармен келісіп, жалғастырасыз;
  5. Растау үшін телефон нөміріңізге SMS келеді;
  6. Өзіңіз туралы мәліметті тексеріп, жалғастырасыз;
  7. Әрі қарай үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік деректер базасынан сізде (жұбайыңызда) баспананың бар-жоғы тексеріледі. Одан кейін банк мүлікті тексереді;
  8. Тексеру сәтті аяқталса, "Растау" түймесін басу қажет. Сол кезде атыңызда жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы хабарлама келеді. "Жалғастыру" түймесін басасыз;
  9. Ашылған терезедегі барлық шартпен танысып, электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қоясыз және "Жалғастыру" түймесін басасыз. Өтініш жіберіледі.
Серіктестер жаңалықтары