"Қазақ тілін білу талабы жеңілдетіледі". Қазақстан азаматтығын алу тәртібі қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қос азаматтығы бар қазақстандықтар жазаланады.

2024 жылы Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндерге қазақ тілін, Қазақстан тарихын және оның Конституциясын білу талабы қойылды. Емтиханнан сүрінгендер азаматтық ала алмайды. Алайда жақында ғылым және жоғары білім министрлігі азаматтық алу талаптарын жеңілдетуді, атап айтқанда қазақ тілі бойынша шекті ұпайды төмендетуді ұсынды

Осы орайда Информбюро порталы Қазақстан азаматтығын алу шарттары, қажет құжаттар, емтиханның шекті балы туралы түсіндірме әзірледі.

№1. Қазақстан азаматтығын кім ала алады?

Қазақстан Республикасының азаматтығын мына тұлғалар ала алады:

  • Қазақстанда тұрақты тұратын және азаматтық алуға ниетті шетел азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар;
  • Бұрын Қазақстан азаматы болып, бірақ түрлі себеппен одан айырылған тұлғалар;
  • қандастар.

№2. Азаматтық алуға қандай талаптар қойылады?

  • Қазақстанда кемінде 5 жыл тұрақты тұруы керек не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұруы керек;
  • Заңға қайшы әрекет жасамауға тиіс;
  • Қаржылық тұрақтылық пен заңды табыс көзінің болуы;
  • Мемлекеттік тілді, Қазақстанның тарихын және Конституциясын білу.

Алайда кәмелетке толмағандардан, әрекетке қабiлетсіз адамдардан, елге ерекше еңбек сiңiрген адамдардан, Қазақстан президентi белгiлеген кәсiп иелерінен және олардың отбасы мүшелерiнен бес жыл тұру керек деген шарт талап етiлмейдi. 

Қазақстанда жақын туыстарының бiрi – баласы, жұбайы және ата-анасының бiреуi, апа-қарындасы, аға-iнiсi, атасы немесе әжесi бар, Қазақстанға тұрақты тұруға келген, бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары да Қазақстанда қанша уақыт тұрса да азаматтық алуға тапсыра алады.

№3. Қандай құжаттар қажет?

Азаматтық алу үшін:

  • өтініш;
  • өмірбаян;
  • 3,5х4,5 төрт фотосурет;
  • жеке куәлік пен шетелдік паспорттың көшірмесі;
  • шарттарды сақтау туралы міндеттемесі.
  • мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек;
  • басқа мемлекеттің құзыретті органмен берілген бұрынғы азаматтығы  жоқтығы немесе  тоқтатылғаны туралы анықтама;
  • өзге де қосымша құжаттар (неке туралы куәлік, балаларының туу туралы куәліктері, т.б.) қажет. 

Қазақстан азаматымен некелескен шетелдік азаматтық алу үшін қосымша мына құжаттарды тапсырады:

  • бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы өтініштің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
  • паспорт көшірмесі;
  • неке туралы куәлігінің көшірмесі;
  • жұбайы – ҚР азаматының жеке куәлігінің көшірмесі.

№4. Құжаттарды қайда өткізу керек?

Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға құқығы жоқ және Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген шетелдіктер тұрғылықты жері бойынша көші-қон полициясының аумақтық бөлімшелеріне өтінішхат беруге тиіс. Өтінішхат ҚР президентінің атына беріледі. Өтініште азаматтық алу себептері көрсетілуге тиіс.

Ішкі істер органдары құжаттарды полиция департаменттеріне тапсырады. Ал олар  құжаттарды тексеріп, тұжырымдама жасап, ішкі істер министрлігіне табыстайды. ІІМ ол мәліметтерді өз тұжырымдамасымен бірге ҚР президенті әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөліміне жолдайды.   

№5. Қандай жағдайда азаматтық жеңілдетілген тәртіппен беріледі?

Қазақстанда қанша тұрса да мына тұлғаларға жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беріледі:

  • қандастар;
  • өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары, ҚР ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға құқығы бар адамдар;
  • Қазақстандық ЖОО-да білім алатын этностық қазақтар;
  • Қазақстан азаматымен заңды некеге тұрып, бірақ жолдасынан айырылған жесірлер.

Жеңiлдетiлген тәртiппен мына елдердің азаматтары азаматтық ала алады:

  • Ресей Федерациясының азаматтары;
  • Беларусь Республикасының азаматтары;
  • Қырғызстан Республикасының азаматтары;
  • Қазақстан азаматымен некеде тұрған шетелдіктер.

№6. Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға өтініш беру үшін қосымша қандай құжаттар қажет?

  • бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
  • ел аумағында тұрақты тұратын қандастар – қандастың куәлігі;
  • жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар – осы оқу орында оқитын фактісін растайтын жоғары оқу орнынан анықтама;
  • жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтардың азаматтығын растайтын анықтама;
  • саяси қуғын-сүргіннің құрбандары – ақталғаны туралы соттың шешімі немесе саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы екенін растайтын құжаттар.

Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алу үшін облыстардың полиция департаменттерінің бастықтарының атына өтінішхатпен жүгінеді.Құжаттар өтініш берілген күннен бастап үш айдың ішінде қаралады.

№7. Өзге елдің азаматтығынан бас тарту міндет пе?

Иә, Қазақстан қос азаматтыққа рұқсат бермейді. Сондықтан азаматтық алғысы келетін адам өзінің қазіргі азаматтығынан ресми түрде бас тартуға тиіс немесе бас тартуға дайын екенін көрсетуі керек.

№8. Қандай жағдайда азаматтық берілмеуі мүмкін?

  • адамзатқа қарсы халықаралық құқықта көзделген қылмыс жасаса, Қазақстан Республикасының егемендiгi мен тәуелсiздiгiне әдейi қарсы шықса;
  • Қазақстан Республикасы аумағының бiрлiгi мен тұтастығын бұзуға шақырса;
  • ұлттық қауiпсiздiкке, халықтың денсаулығына нұқсан келтiретiн құқыққа қарсы әрекетті жүзеге асырса;
  • ұлтаралық, конфессияаралық және дiни араздықты қоздыратын болса, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк тiлiнiң қолданылуына қарсы әрекет жасаса;
  • террористік немесе экстремистік ұйымдарға қатысы бар болса немесе террористік немесе экстремистік қылмыстар үшін сотталған болса;
  • сотталған немесе халықаралық іздеуде жүрсе;
  • басқа мемлекеттiң азаматы болса;
  • азаматтық алуға өтініш берген кезде өзі туралы жалған ақпарат берсе, белгіленген мерзімде қажет құжаттарды ұсынбаса;
  • кәмелетке толмаған адамды зорласа;
  • бес жыл ішінде экономика саласында құқық бұзушылық жасаса;
  • бес жыл ішінде бірнеше рет көші-қон заңнамасын бұзса;
  • мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Конституция негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білмесе, оның өтінішхаты қабылданбайды.

№9. Шетелде туған балаға Қазақстан азаматтығы беріле ме?

Бала туған кезде ата-анасының екеуі де Қазақстан азаматы болса, ол шетелде дүниеге келсе де Қазақстан азаматы болып саналады. Ал ата-анасы шетел азаматы болса Қазақстанда дүниеге келсе де оған Қазақстан азаматтығы берілмейді.

№10. Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болса қалай болады?

Бала туған кезде ата-анасының бірі Қазақстан Республикасының азаматы болса:

  • Қазақстан аумағында туса;
  • Шетелде туса, бірақ, ата-анасының немесе олардың біреуінің бұл кезде Қазақстан аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса, балаға Қазақстан азаматтығы беріледі.

Ата-анасының азаматтығы әртүрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі Қазақстан азаматы болса, осы кезде ата-анасының екеуінің де Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұрғылықты жері болса, шетелде туған баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.

Ал бала туған кезде ата-анасының біреуі Қазақстан азаматы болып, ал екіншісі азаматтығы жоқ адам болса, не оның азаматтығы белгісіз болса, бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан азаматы болып саналады.

Баланың анасы азаматтығы жоқ адам болып, ал әкесі Қазақстан азаматы деп танылып, әкесі екені расталса 14 жасқа толмаған бала қай жерде туғанына қарамастан Қазақстан азаматы болады. Бұл бала шетелде тұрса оның азаматтығы ата-анасының жазбаша арызы бойынша анықталады.

Егер ата-ана баланың азаматтығы туралы келісімге келе алмаса, азаматтық сот тәртібімен айқындалады.

Ал ата-анасының азаматтығы белгісіз және Қазақстанда тұратын, бірақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан аумағында туған бала Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады.

№11. Емтиханнан қанша балл жинау қажет?

Емтихан тест форматында өтеді. Тест 100 сұрақтан тұрады. Оның ішінде:

  • Қазақ тілінен – 60;
  • Конституция негіздерінен – 15;
  • Қазақстан тарихынан – 25. 

Тестілеуге берілетін  жалпы уақыт 2 сағат 10 минутты құрайды. Мүгедектігі бар адамдарға тестілеу үшін қосымша 30 минут беріледі.

Ашық НҚА порталында жарияланған құжатқа сәйкес, Қазақстан азаматтығын алу немесе қалпына келтіру үшін үміткерлер келесідей балл жинауы қажет:

  • Қазақ тілінен – кемінде 15 балл (бұрын 36 балл болған);
  • Конституция негіздерінен – 20 балл (бұрын 9 балл);
  • Қазақстан тарихынан – 15 балл (бұл талап өзгермейді).

Жаңа талаптар әр пән бойынша сұрақтар санын теңестіріп, жалпы өту шегін 10%-ға төмендетуді көздейді.

№12. Қос азаматтығы бар қазақстандықтар қалай жазаланады?

Қос азаматтық үшін 300 АЕК (1 179 600 теңге) көлемінде айыппұл салу немесе әкімшілік жолмен елден шығару жазасы қарастырылған. Сонымен қатар, басқа мемлекеттің азаматтығын алғандар Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары