Қазақстан ішінде қоныс аударушылар мемлекеттен қалай көмек ала алады? Түсіндірме

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
2025 жылға арналған өңірлік квота саны 9 653 адам деп белгіленді. 

Қазақстанда жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы жұмыс істейді. Өз еркімен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары беріледі. Осы орайда Informburo порталы бағдарламаға қатысатын өңірлер мен қатысушыларға қойылатын шарттарды және қоныс аударушыларға қандай көмек берілетінін түсіндіреді.

№1. Жоба мақсаты қандай?

Бұл жоба жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жоюды көздейді. Өңіраралық қоныс аудару жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырылады.

Ерікті түрде қоныс аударудың екі бағыты бар:

  • қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде;
  • бір облыс шегінде.

№2. Қай өңірдің тұрғындары қатыса алады?

Қоныс аударушылар мына өңірлердің бірінде жыл бойы тұрғылықты тіркелген болуы шарт:

  • Астана қаласы;
  • Алматы қаласы;
  • Шымкент қаласы.
  • Алматы облысы;
  • Жамбыл облысы;
  • Жетісу облысы;
  • Қызылорда облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Түркістан облысы.

№3. Қай аймаққа қоныс аударуға болады?

Қоныс аударушыларды қабылдайтын облыстар:

  • Абай облысы;
  • Ақмола облысы;
  • Қарағанды облысы;
  • Қостанай облысы;
  • Павлодар облысы;
  • Солтүстік Қазақстан облысы;
  • Ұлытау облысы;
  • Шығыс Қазақстан облысы.
Қоныс аудару картасы / enbek.kz сайтынан скриншот

№4. Қай өңірге қанша квота бөлінді?

2025 жылға арналған өңірлік квота саны 9 653 адам деп белгіленді. 

Қандастар үшін:

  • Павлодар облысы – 1 056 адам;
  • Ақмола облысы – 285 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 269 адам;
  • Абай облысы – 244 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 175 адам;
  • Қостанай облысы – 150 адам;
  • Атырау облысы – 100 адам;
  • Батыс Қазақстан облысы – 30 адам.

Қоныс аударушылар үшін:

  • Павлодар облысы – 3 050 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 адам;
  • Қостанай облысы – 535 адам;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам;
  • Абай облысы – 255 адам;
  • Ұлытау облысы – 125 адам;
  • Қарағанды облысы – 38 адам.

№5. Қоныс аударушыларға қандай көмек беріледі?

Басқа өңірге ерікті түрде көшіп барған адамға субсидиядан бастап оқытуға дейінгі шаралар қарастырылған:

  • қоныс аударуға субсидия беру;
  • үйді жалдау және коммуналдық шығындарды өтеу;
  • қысқа мерзімді кәсіптік оқыту;
  • жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастама жасауға жәрдемдесу;
  • тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Ерікті түрде қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бір рет беріледі. Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан жалға алуға жол берілмейді.

№6. Материалдық көмек сомасы қанша?

Қоныс аударушыларға отбасы жағдайына қарамастан әрбір адамға 70 АЕК (275 240 теңге) мөлшерінде бірреттік материалдық көмек төленеді. Бұл көмек көшіп келгеннен кейін беріледі. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы қоныс аударғаны үшін 1 100 960 теңге ала алады.

Одан кейін үй жалдау және коммуналдық шығындарды өтеуге бір жыл бойы ай сайын ақы төленеді. Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға:

  • бір адам үшін – 20 АЕК (78 640 теңге);
  • отбасыда 2-4 адам болса – 25 АЕК (98 300 теңге);
  • отбасыда бес және одан көп адам болса – 30 АЕК (117 960 теңге).

Ауылдық жерлерге көшіп келгендерге:

  • бір адамға 15 АЕК (58 980 теңге);
  • отбасыда 2-4 адам болса – 18 АЕК (70 776 теңге);
  • отбасыда бес және одан көп адам болса – 21 АЕК (82 572 теңге).

Әкімдік не жұмыс беруші қаражаты есебінен үй жалға берілсе, онда жалдау және коммуналдық қызметтер ақысы төленбейді.

№7. Қоныс аудару үшін қайда жүгіну қажет?

Мансап орталықтарына немесе ХҚКО-ға барып өтініш беру қажет. Өтінішке қоса қажет құжаттар:

  • отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
  • неке немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі;
  • білімін, біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың не еңбек кітапшасының көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама.

Мансап орталықтары үш жұмыс күні ішінде үміткерді жаңа тұрғылықты жерде қабылдауға дайын екендігі туралы хабардар етеді. Қоныс аударушылар сол өңірге өз бетінше көшіп келуі қажет.  Қоныстанған өңірдің мансап орталығы бес жұмыс күні ішінде әлеуметтік келісімшарт жобасын дайындап, қол қою үшін еңбек мобильділігі орталығына жібереді. Еңбек мобильділігі орталығы екі жұмыс күні ішінде қол қойып, келісімшартты мансап орталығына қайтарады. Содан соң қоныс аударушымен келісімшарт жасалады.

Ал материалдық көмек алу үшін мансап орталығына барып өтініш жазу қажет.  

Сұрақтарыңыз болса enbek.kz сайтында кеңес алуға өтініш беріңіз. Сайттағы картадан өңірді таңдап, қоныс аударатын елдімекендермен атынсуға болады.

№8. Тұрғын үй сертификаты кімдерге беріледі?

Экономикалық мобильділік сертификаты қандастарға немесе қоныс аударушыларға қабылдау өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде баспана салуға немесе сатып алуға, ипотека алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге беріледі. Сертификат сомасы баспана құнының жартысына тең, бірақ 1 160 АЕК-тен (2025 жылы – 4 млн 561 мың теңге) аспайды. Оны жалғызбасты отбасылар, жетімдерге, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне, жұмыстан қысқартылған адамдар ала алады. Сертификат өтеусіз және қайтарымсыз негізде бір рет беріледі.

Үйді жұбайынан және өзінің жақын туыстарынан алуға болмайды және бес жыл ішінде сатуға болмайды.

№9. Жалға алған үйді өз атына аударуға бола ма?

Жалға алу шарты 20 жыл мерзімге жасалады. Әлеуметтік келісімшарт шарттары сақталғанда, бес жыл тұру мерзімі аяқталған соң мынадай жолмен үйді жекешелендіре алады:

  • сатып алынған кездегі тұрғын үйдің баланстық құнынан қалған соманы бірден төлесе;
  • қалған соманы 15 жыл ішінде тең үлестермен енгізсе.

Нақты тұрған кезде төленген жалға алу ақысы тұрғын үй құнының есебіне қосылады. 20 жыл біткен соң тұрғын үйді жекешелендіру шарттарынан бас тартса жалға алу шарты ұзартылады.

№10. Қандай жағдайда материалдық көмек тоқтатылады?

Мынадай жағдайда:

  • үйі болса, соның ішінде экономикалық мобильділік сертификаты бойынша баспана сатып алса;
  • жалға алып отырған үйден шығарылса;
  • басқа өңірге кетсе;
  • жалдау шартында көрсетілген мекенжайда тұрмайтын болып шықса;
  • жалға берілетін баспананы басқаға жалға берсе;
  • бұрмаланған және жалған мәліметтер берусе жалға алу және коммуналдық шығындарды өтеу тоқтатылады.

Қандас немесе қоныс аударушы қайтыс болса төлем өңірлік квотаға енгізілген басқа отбасы мүшелеріне өтеді.

№11. Жатақханадан кімдерге орын беріледі?

35 жасқа дейінгі еңбекші жастарға, соның ішінде жетімдерге жастарға арналған жатақхадан 10 жылға бөлме беріледі. Ол үшін қолданыстағы еңбек шарты немесе әлеуметтік келісімшарты, жылжымайтын мүлкі жоқтығы туралы анықтама, екінші деңгейлі банкта шот ашу туралы анықтама болуы қажет. Бөлмені жекешелендіруге болмайды. Жалдау шарты бес жылдан аспайтын мерзімге бір рет ұзартылады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары