Қазақстанда 1 қарашаға дейін емхананы еркін ауыстыруға болады. Ол үшін нені білу қажет

Фото: behance.net
Фото: behance.net
Барлығы 694 медициналық ұйымға тіркелуге болады.

Жыл сайын Қазақстанда күзде емханаға тіркеу науқаны өтеді. Биыл 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханаларға да тіркеле алады. Осы орайда Информбюро порталы тіркеу науқаны кезінде нені ескеру қажет деген сұраққа жауап береді.

№1. Кімдер тіркеле алады?

  • Қазақстан азаматтары;
  • Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (ықтиярхаты бар болса);
  • ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения) келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері (медсақтандыру келісімі болған жағдайда).

№2. Қалай тіркеледі?

  • eGov порталы арқылы онлайн тіркелуге болады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. "Денсаулық сақтау" бөліміне өтіп, "поликлиникаға тіркелу" қызметін таңдау қажет. Ары қарай электронды өтініштің барлық жолдын толтыру қажет. Пациент туралы мәліметтерді емхана мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Жауап оң болған жағдайда медициналық ұйымға тіркелгеніңіз туралы хабарлама келеді. Өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. 
  • Таңдаған емханаға барып өтініш беруге болады. Ол үшін еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет.

№3. Емханаға кімдер келіп тіркеле алады?

Емханаға тұрғындардың келесі санаттары ғана келіп тіркеле алады:

  • зейнеткерлер;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қамқоршылар тағайындалған заң бойынша бала кезінен мүгедектігі бар адамдар;
  • қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер;
  • колонияда жазасын өтеушілер (жазасын өтеу орны бойынша);
  • студенттер;
  • мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
  • шет мемлекеттерде туған балалар;
  • сәбилер, жетімдер, қарттар және басқа үйлердің – қамқорлыққа алынған тұлғалары;
  • сенімхат бойынша бекітуді рәсімдейтіндер.

№4. Емхананы тіркеу науқаны кезінде ғана ауыстыруға бола ма?

Тіркеу науқаны емхананы ауыстырудың жалғыз мүмкіндігі емес. Мұны жылына бір рет еркін таңдау құқығы бойынша жасауға болады. Сондай-ақ:

  • басқа жерге қоныс аударса;
  • жұмыс не оқу орнын ауыстырса;
  • жазасын өтеу орнын ауыстырса;
  • әскери борышын өтеу кезінде;
  • медициналық мекеме жабылса не қайта ұйымдастырылса;
  • тіркеуде тұрған емхана қызметіне көңілі толмаса ауыстыра алады.

№5. Емхананы қалай таңдауға болады?

Тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің мәліметтер базасына енген, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС бойынша медициналық қызмет көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге болатын емханалар тізімін Медициналық сақтандыру қорының ресми сайтындағы "Клиника таңдау" бөлімінен қарауға болады.

Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханаларға да тіркеле алады. 

№6. Емхананы таңдау кезінде нені ескеру қажет?

Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минутта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.

Барлық отбасы мүшесін бір дәрігерге тіркеген дұрыс.

№7. Емхананы ауыстырғаннан кейін бірден қарала беруге бола ма?

Жоқ, жаңа тіркелген жеріне 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қарала алады. Бұрын тіркелген емхана азаматтарға жыл соңына дейін қызмет көрсетеді. 
Емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланбаған азаматтар бұрын өзі қаралған ұйымда тіркелген күйі қалады және олар бұрынғыша сол емханаға қарала береді.

№8. Қандай жағдайда емханаға тіркемеуі мүмкін?

Емхана келесі жағдайда азаматты тіркемеуі мүмкін:

  • дәйексіз құжат, жалған мәлімет ұсынса;
  • азамат емхана көмек көрсете алатын аумақтан айтарлықтай алыс жерде тұрса;
  • мекемеге тіркелушілер саны шектен асса (учаскедегі жалпы тәжірибе дәрігеріне тіркелетін адам саны 1 700-ден аспауы керек);
  • Баланы тіркеу үшін құжаттар толық болмаса.

Мұндай жағдайда құжаттарды дұрыстауға және басқа емхана іздеуге тура келеді. 

№9. Бір дәрігерге қанша адам тіркеле алады?

  • Жалпы тәжірибе дәрігері – 1 700 адамға дейін;
  • Учаскелік терапевт – 2 200 ересек адамға дейін;
  • Учаскелік педиатр – 500 бала (0-6 жас) немесе 900 бала (0-14 жас) дейін.

№10. Баланы емханаға қалай тіркейді?

Баланың ата-анасы не қамқоршысы eGov порталында емханаға тіркелу кезінде "Қызметті алу" деген жерде "балаға қызмет көрсету" опциясын басады. Содан соң жүйеге баланың ЖСН-ін енгізеді. ЖСН негізінде туыстық байланыстарды анықтау үшін АХАТ бөлімінің ақпараттық жүйесіне автоматты түрде сауал жолданады. Процесс аяқталған соң тұратын өңірді және таңдаған медицина ұйымын көрсетесіз. Тіркеу себебі, учаскелік дәрігер сынды өзге де мәліметтерді толтыру қажет. Баланың емханаға тіркелгені туралы хабарлама жеке кабинетке келеді.

№11. Қосымша сұрақтар болса қайда хабарласу қажет?

  • ӘМСҚ ресми сайты;
  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • Telegram-дағы SaqtandyryBot чат-боты;
  • Бірыңғай байланыс орталығы: 1414.

Серіктестер жаңалықтары