
13 тамызда Қазақстанда "Илон Маск интернеті" аталып кеткен Starlink ресми түрде іске қосылды. Отандық байланыс операторларының желісі жетпейтін шалғай ауылдарда тұратын қазақстандықтар енді Starlink спутниктік интернетін сатып ала алады. Бұл интернет жиі саяхаттайтындар үшін де тиімді, себебі олар құрылғыны өзімен алып жүріп, кез келген жерде интернетке қосылады.
Осы орайда Информбюро порталы Starlink интернетіне қалай қосылуға болады, құрылғының құны қанша, қандай тарифтер қолжетімді деген сұрақтарға жауап береді.
№1. Starlink қандай интернет?
Starlink – америкалық SpaceX компаниясы іске қосқан спутниктік интернет жүйесі. Ол Жер орбитасындағы мыңдаған шағын спутниктер арқылы интернет таратады.
Негізгі мақсаты – жер бетіндегі кез келген аймаққа, тіпті шалғай ауылдар мен адам баспаған жерлерге де интернет жеткізу. Жылдамдығы әдетте 100–250 Мбит/с аралығында, кейде одан да жоғары болуы мүмкін.
Қысқаша айтқанда, Starlink – ғарыштағы спутниктер арқылы жұмыс істейтін интернет провайдер.
№2. Қазақстанда Starlink интернетіне қалай қосуға болады?
Интернетке қосылу үшін ең алдымен құрылғыға тапсырыс беру қажет. Ел ішінде ресми дистрибьютор – IEC Telecom Group. Сонымен қатар, құрылғыларды Starlink-тің ресми сайтынан да тапсырыс беруге болады.
Ол үшін Starlink ресми сайтына кіріп, "Order Now" батырмасын басып, жеке деректеріңізді толтырып тапсырыс бере аласыз. Құрылғы 1-2 апта ішінде жеткізіледі.
№3. Құрылғы қанша тұрады?
Екі түрі бар:
- Starlink Mini. Бағасы – 104 000 теңге.
- Starlink Standard. Бағасы – 201 000 теңге.
Starlink Mini ыңғайлы, жеңіл болғандықтан жолда, саяхатта, ауылда интернетті уақытша пайдалану үшін қолайлы. Ал Starlink Standard үйге, кеңсеге, тұрақты пайдалану үшін тиімді, себебі интернет жылдам әрі тұрақты. Standard антеннасы қуаттырақ және қолайсыз ауа райына төзімді.
Екі станцияға қуаттағыш құрал, кабель, негізгі құрылғы, WiFi роутер беріледі.
№4. Қандай тарифтер бар?
Үйге арналған:
- Residental Lite (жылдамдығы 45-130 Мбит/с) – трафикті аз тұтынатын үй шаруашылықтары үшін қолайлы. Айына – 23 000 теңге (жылына 276 000 теңге);
- Residental (жылдамдығы 100-270 Мбит/с) – айына 31 000 теңгеге (жылына 352 000 теңге). Бұл тариф көпбалалы отбасыларға немесе көршілермен бірігіп қолдану үшін тиімдірек. Шағын отбасыға, интернетті аз қолданатындарға RESIDENTIAL LITE тарифі қолайлы.
Саяхатқа арналған:
- Roam (50 ГБ) – айына 26 000 теңге (жылына 312 000 теңге). Бұл тариф ел ішінде де, шетелде де саяхаттағанда қолайлы, бірақ кей елдерде интернет ұстамауы мүмкін.
- Roam (ШЕКСІЗ) – айына 52 000 теңге тұратын (жылына 624 000 теңге) шексіз интернет үзбей саяхаттайтындарға өте қолайлы тариф.
Roam тарифін таңдап 100-ден астам елде үздіксіз интернетке қосылуға болады.
Тарифті қоспас бұрын, 30 күндік сынақ нұсқасын алуға болады. Егер ұнамаса компания төлемді қайтарып беруге уәде береді.
№5. Құрылғыны қалай іске қосады?
Құрылғыны іске қосу үшін:
- Құрылғыны қуат көзіне қосыңыз;
- Антеннаны ашық жерге орнатыңыз;
- Starlink мобильді қосымшасын телефоныңызға орнатыңыз;
- "Кедергіні тексеру" опциясын басып, аспаны ашық жерді таңдаңыз;
- Қосымшаға кіріп, баптауларды жасаңыз;
- Қажет тарифті таңдап қосылыңыз.
Starlink қуаттағышқа қосылғанан кейін бірер минутта ол спутникпен байланыс орнатады. Интернет автоматты түрде қосылып, жұмыс істей бастайды.
№6. Тарифті қалай өзгертуге болады?
Ол үшін Starlink сайтындағы жеке кабинетіңізге кіріп, "жазылымдар" бөліміндегі "басқару" тетігін басып, "тарифтік жоспарды өзгерту" батырмасын басыңыз. Ал мобильді қосымшада "Person" опциясына кіріп, "жазылымдарды басқару" бөлімінің ішіндегі "тарифтік жоспарды өзгерту" батырмасын басу керек.
№7. Starlink кімдерге тиімді?
Starlink әсіресе:
- шалғай ауылдарда тұратындарға;
- жан-жақта жұмыс істейтін кәсіпкерлерге;
- саяхатшыларға;
- интернет желісі мүлдем тартылмайтын аймақтарға өте ыңғайлы.