
Адам ағзасы үшін су ауадай қажет. Судың тапшылығы денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді: бас айналып, қан қысымы төмендеп, жүрек жұмысы бұзылады. Адамдар қатты шөлдегенде ғана ағзаның сусызданғанын байқап жатады. Ал аптап ыстықта жеткілікті су ішпеу – денсаулыққа зиян.
Осы орайда Информбюро порталы дәрігер-нутрициолог Меруерт Есеевадан ағзаның сусыздануына қатысты сұрады. Бұл материалда сусыздану себептерін, белгілерін және алдын алу жолдарын түсіндіреміз.
№1. Ағзаға су жетпегенде не болады?
Адам ағзасының басым бөлігі судан тұрады. Ал су жетпегенде ағза құрғап, денедегі сұйықтықты жоғалтып, сусыздануға әкеп соқтырады.
Су токсиндерді шығарудан бастап қызуды реттеуге дейін барлық жүйелердің жұмысы үшін қажет. Су жетпесе жасушалардың жұмысы бұзылып, қан қоюланады, жүрек пен бүйрекке түсетін жүк артады.
Ағзаның сусыздануы шөлдемеген кездің өзінде-ақ басталуы мүмкін.
№2. Қауіп тобында кімдер бар?
Кей адамдардың ағзасы өзгелерге қарағанда сусыздануға бейім:
- балалар: сұйықтықты тез жоғалтады, шөлдегенін айта алмауы мүмкін;
- қарт адамдар: жас ұлғайған сайын шөлдеу сезімі әлсірейді, зат алмасу баяулайды;
- спортшылар: термен бірге су мен электролиттерді жоғалтады;
- созылмалы аурулары бар адамдар: әсіресе, диабет, бүйрек ауруларымен ауыратын немесе несеп айдау құралдарын қабылдайтын жандар.
№3. Қандай белгілерге назар аудару керек?
Назар аудару керек белгілер:
- бастапқыда – ауыздың құрғауы, бас ауруы, шаршағыштық, несептің күңгірттенуі, зейіннің төмендеуі;
- біршама сусыздану кезінде – бас айналу, құрысу, жүрек соғысының жиілеуі, сананың шатасуы;
- ауыр жағдайда – есінен тану.
№4. Неліктен ыстық ағзаның сусыздануын күшейтеді?
Қазақстанның құрғақ әрі ыстық жазында адамдар қатты терлемей-ақ шөлдейді. Ағзадағы су ылғал тері және тыныс алу жолымен буланып кетеді, әсіресе бұл жағдай балалар мен қарт адамдарға тән. Ал кондиционер қосылған бөлмелерде ауа құрғақ болғандықтан бұл процес одан әрі күшейеді.
№5. Адам ағзасына шын мәнінде қанша су қажет?
Ұсынылатын норма – тәулігіне адамның әр келі салмағына 30-40 мл су ішу қажет. Алайда ыстық ауа райы, физикалық жүктеме немесе жүктілік кезінде ағза суды көптеп қажет етеді. Сондықтан суды тұрақты түрде, аз-аздан ішіп отырған жөн.
№6. Суды шамадан тыс ішу қауіпті ме?
Иә, электролиттерсіз шектен тыс көп мөлшерде су ішу гипергидратацияға әкелуі мүмкін. Осылайша қан құрамындағы натрий деңгейі төмендейді. Мұндай жағдай сирек кездеседі, бірақ өте қауіпті. Мұндайда құрысу, жүрек айнуы, тіпті ми ісінуі де болуы мүмкін.
№7. Электролиттер шын мәнінде кімдерге керек?
Адамдарға таза су ішу жеткілікті. Бірақ ыстықта, физикалық жүктеме кезінде, сондай-ақ балалар мен қарттар үшін электролит ерітінділері пайдалы. Құрамында калий, натрий және магний сияқты су-тұз балансын сақтауға қажет маңызды минералдар ішкен дұрыс.
Зерттеулер растағандай, күйзеліс пен физикалық белсенділік кезінде тиімді гидратация үшін ағзаға тек су ғана емес, электролиттер де қажет.
№8. Сусызданудың алдын алу үшін не істеу қажет?
Қарапайым ережелер:
- шөлдегенше күтпей, суды жиі ішіңіз;
- сапалы суды, мүмкін болса, сілтілі суды пайдаланыңыз;
- ыстықта және физикалық жүктеме кезінде электролиттер қосыңыз;
- салқын су көп ішпеңіз, асқазан-ішек жолына кері әсер етуі мүмкін;
- кофе, тәтті сусындар мен алкогольді шектеңіз;
- несептің түсін қадағалаңыз, түсі ашық болуы керек;
- бөлме ішіндегі ауаны ылғалдандырыңыз;
- балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөліңіз.