
Елімізде ұстаздарды қолдау мақсатында "Үздік педагог" байқауы басталды. 2012 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан байқауда 700-ге жуық ұстаз жеңімпаз атанды. Оларға бір мың АЕК көлемінде мемлекеттік сыйақы берілді. Биыл байқау жеңімпаздарына 3,9 млн теңге табысталады.
Осы орайда Информбюро порталы байқау шарттарын түсіндіреді.
№1. Байқауға кімдер қатыса алады?
Байқауға кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар штатта жұмыс істейтін балабақша, мектеп, колледж мұғалімдері қатыса алады.
№2. Байқау қанша кезеңнен тұрады?
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
- 8-25 шілде – аудандық, қалалық деңгей;
- 28 шілде мен 15 тамыз аралығы – облыстық деңгей;
- 18 тамыз бен 18 қыркүйек аралығы – республикалық деңгей.
Екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған педагогтер республикалық деңгейге өтеді. Өтінімдер uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-порталында қабылданады.
№3. Қандай құжаттар қажет?
Алғашқы кезеңге қатысу үшін қатысушы электронды форматта мынадай құжаттарды тапсыру қажет:
- портфолио;
- бейнесабақ пен озық педагогикалық тәжірибе бейнеролигі;
- 500 сөзден аспайтын эссе.
№4. Өтінім толтырғанда қандай мәліметтер сұралады?
- жұмыс орны;
- тегі, аты, әкесінің аты;
- туған күні;
- лауазымы;
- педагогикалық өтілі;
- лауазымдағы жұмыс өтілі;
- білімі;
- біліктілік санаты;
- мекенжайы;
- жеке куәлік деректері;
- байланыс телефоны мен электрон поштасы;
- наградалар, көтермелеулер.
№5. Портфолиода не көрсету қажет?
Педагог туралы жалпы мәліметтер;- 3х4 фотосурет;
- жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- жұмыс орны куәландырған кадрларды есепке алу жөніндегі жеке іс парағы;
- еңбек өтілі;
- білімін растайтын құжаттардың көшірмелері;
- ұсыным;
- біліктілікті арттыру сертификаттары мен куәліктердің көшірмелері;
- марапаттары;
- Ұлттық біліктілік тестілеу сертификаты.
Педагогикалық қызмет мониторингі:
- білім алушылардың кейінгі үш жылдағы білім беру жетістіктері мониторингінің нәтижелері (болған жағдайда);
- педагогтің кейінгі үш жылдағы олимпиадаларға, кәсіби, шығармашылық конкурстарға және спорттық жарыстарға қатысуы туралы мәліметтер;
- білім алушылардың кейінгі үш жылдағы олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарындағы, шығармашылық конкурстардағы және спорттық жарыстардағы жетістіктері.
Ғылыми-педагогикалық қызмет бойынша ақпарат:
- педагогикалық тәжірибені жинақтау;
- зерттеу қызметі;
- білім беру және педагогикалық жобаларды іске асыру бойынша материалдар (бар болса);
- педагогтің сараптамалық немесе жобалау қызметі, TV сабақтарын түсіруге қатысу ;
- тәрбие жұмысының және сабақтан тыс іс-әрекет бағыттары бойынша материалдар;
- волонтерлік қызмет.
№6. Бейнероликтерге қандай талаптар қойылады?
- видео форматы – 720x480 (12:8 см);
- балабақша педагогтері үшін бейне сабақ ұзақтығы – 7 минут;
- мектеп және колледж педагогтері үшін – 15 минут;
- үздік тәжірибелерді тарату бойынша бейнероликтің ұзақтығы – бес минутқа дейін;
- бейнесабақтың фрагменті, сондай-ақ үздік тәжірибелерді тарату бойынша бейнеролик YouTube желісіне жүктеледі.
№7. Мұғалімнің біліктілігі қалай бағаланады?
Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі.
Өңірлік комиссия шешімімен 100 балдан кемінде 80 балл жинаған он қатысушы конкурстың І және ІІ кезеңінің жеңімпаздары болады.
Республикалық деңгейге өткен педагогтердің құжаттарын, сондай-ақ қатысушылардың Астана қаласындағы білім беру ұйымдарында өткізетін сабақтарын республикалық комиссия қарап, бағалайды. Республикалық байқау комиссиясының құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымдастығының өкілдері, журналистер, педагогтер және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының өкілдері енеді.
№8. Қанша адам жеңімпаз бола алады?
Республикалық кезеңде ең көп балл жинаған 64 қатысушы жеңімпаз атанады:
- балабақша педагогтері – 10 адам;
- мектеп педагогтері – 34 адам;
- колледж педагогтері – 20 адам.
"Үздік педагог" атағы бір педагогке 10 жыл ішінде 1 реттен артық берілмейді.
№9. "Үздік педагог" атанған ұстаздарға не беріледі?
Әр кезеңде жеңімпаздарға ауданның, қаланың, облыстың "Үздік педагог" атағы беріледі және куәлік тапсырылады.
Ал республикалық кезеңнің жеңімпаздарына дәстүрлі түрде "Үздік педагог" куәлігі мен төсбелгісі және 1 мың АЕК (3 млн 932 мың теңге) мөлшерінде ақшалай сыйақы беріледі.
Жеңімпаз болмаса да республикалық кезең қатысушыларына жергілікті атқарушы органдар кемінде 300 АЕК мөлшерінде (1 млн 179 мың теңге)бір реттік сыйақы төлейді.