Қоғам пікірін қадірлеу керек

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қоғам қайраткері Дархан Мыңбай тиісті билік орындарының ресми түрде жауап беру тәртібі қалыптасуы керек деп есептейді.

Қоғамдық пікірге құлақ түру – аз, одан тиісті қорытынды шығару маңыздырақ. Өйткені, қазіргі коммуникация, ақпарат құралдарында түрлі салаға қатысты жап-жақсы ойлар, жаңа ұсыныстар, тың тұжырымдар, парасатты пайымдар, құнды көзқарастар бар. Табанының бүрі бар тұлғалардың кемел ойлары жұрттың санасына сіңіп қалады. Елімізде сөз қадірін кетірмейтін қаламгер мен санаткер көп емес. Олардың жазған-сызғаны да саналы оқырманға сөзсіз әсер етеді. 

Байқасаңыздар, қазір баспасөзде кезінде сәнге айналған ашық хат жазу біршама азайған секілді. Әрине, бұл жұртшылық тарапынан ұсыныстар түгелімен айтылды дегенді білдірмесе керек. Ұлттық бірегейлікті нығайту, ортақ құндылықтарды қалыптастыру, әлеуметтік әділеттілікті орнату міндеттерін орындау оңай емес. Бұл бағыттағы жұмыстар жариялылықты, ашықтық пен табандылықты талап етеді. Өкінішке қарай, өткір, көкейкесті мәселелер көбінесе пікірталас алаңдарында талқылаумен ғана шектеледі. Ал сындарлы ұсыныстар еленбей, елеусіз қала береді. Арнайы заңдағы арнаулы баптың әзірге ешкімге пайда әкелмегенін, икемсіздігін қадағалаушы органдар жақсы біледі. Осы орайда, тиісті орындардың ресми түрде жауап беру реті, тәртібі көзделмегені, қатаң ережесі бекітілмегені журналшыларды да, көпшілікті де қынжылтады.

Осындай салғырттығы үшін бүгінге дейін бірде бір лауазымды адам жауапқа тартылмаған. Мәселен, елімізде белең алған қылмыс түрі – интернеттегі алаяқтықтың өршуі баспасөзде, әлеуметтік желіде таусылмайтын тақырыпқа айналды десе болғандай. Оның шешімін табуды үкіметтік деңгейде қолға алмаса, бұдан бетер ушығатын түрі бар. 


Оқи отырыңыз: Бата сатылмайды


Сонымен бірге, көптеген адамдар жеке құқығына қатысты жиі шағымдана бастады. Осының өзі еліміздің заңдық-құқықтық жүйесіне үлкен сын болуға тиіс. Әйтпесе, халықтың талап-тілегіне, мұңына құлақ асатын, еститін, шара қолдануға бейілді мемлекеттік басқару органдарының аузын ешкім жауып отырмаған шығар. 

Олар жөнін айтып, жолын көрсетуге, орайы келсе жауабын беруге немесе шешімін жария етуге неге самарқау? Осынау маңызды істе бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін неге шұғыл, бірінші кезекте пайдаланбасқа? Қоғам көшінен қалуға әсте болмайды.

Шын мәнінде, халықтың билікке сенімі, жалпыұлттық диалог деген осыдан басталады. Сонда жұрт газет-журналды оқуға, сол арқылы құқықтық сауатын жетілдіруге, ашықтықты, заң үстемдігін орнатуға мүдделі болады. Ал атқарушы билік органдары кері байланысты жолға қояды. Елімізде сабырлы, ұстамды, ең бастысы мәдениетті оқырмандар қайта қалыптасады, олардың саны миллиондап көбейеді.

Бұл – қоғамның ресми билікке сенімін бекемдей түсуге, ақпарат құралдарының пәрменділігін арттыруға және жаңа сана қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы айқындап берген әділдік, заң және тәртіп қағидатын нығайтудың нағыз үлгісі болар еді. 

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Была ли эта статья для вас полезной?
0

  Если вы нашли ошибку в тексте, выделите её мышью и нажмите Ctrl+Enter

  Если вы нашли ошибку в тексте на смартфоне, выделите её и нажмите на кнопку "Сообщить об ошибке"

Популярное в нашем Telegram-канале
НОВОСТИ ПАРТНЁРОВ