
Әрбір бастаманың, шараның, жаңа туындының иесі бар. Енді ол сәтті ме, сәтсіз бе, асылы мен жасығы неде – бұған талғам мен сын қажет. Өкінішке қарай, қазір сынды қабылдайтындар мүлдем азайды, тіпті жоқ десе де болғандай. Есесіне жалған мадаққа бой алдырғандар қатары күн сайын қаулап өсіп барады.
Жаңа іс бастағандар мен қалам ұстағандар осыған дейін ескерту есітіп көрмегендіктен, пайдасы тиетін шын сынға төзбейтін дертке шалдыққан. Бұл қалай?
Соған қарамай "Бізге көңіл бөлінбейді, сын жоқ" деп шулайтындар орта буында да, жас буында да жетіп артылады.
"Көрмейін десем, көзім бар" дегендей, шала, күлдібадам, ортаңқол дүние бірден байқалады. Көзбояушылық пен "мезірет жасау" алыстан да, жақыннан да сезіледі.
Рас, бұрын идеология мен әсіре саясатқа қармалған шақта жабыла жамандау "дәстүрге" айналғаны ақиқат. Сондай-ақ мінсіз кезең, мінсіз адам болмайтыны да рас. Сынға қатысты өзекті мәселені ешкім айналып өтпеген. Еңбек ұжымында, қоғамдық ұйымда арнайы талдап, таразылайтын тақырыптар да болатын. Сын және өзара сын қағидаты қоғамның жекелеген мүшелерін тәкаппарлығын тыюға септесіп, адасудан сақтандырып, тәубесіне келтіріп қоятын.
Қазір біреуді атқарған қызметі, орындалған ісі үшін адами жанашырлықпен сынап көріңіз, көкезуленіп ұрса жөнеледі. Тіпті кектеніп, өштесуге дейін барады.
Сондықтан елімізде сынға дұрыс көзқарас қалыптастырған жөн. Бұл мәселе бірінші кезекте халықтың, сонан кейін атқарушы биліктің назарында болуға тиіс.
Оқи отырыңыз: Діни сауаттылық және интернет немесе киіз кітаптан электрондық кітапқа дейін
Себебі, ұсыныс та, үлгі де халықтан шығады. Бізде осыған дейін дәстүр, өнеге болмаса бір сәрі. Үзілген дүниені орнықтыруға қажетті ресурс пен мүмкіндік жеткілікті. Айталық, руханият саласының әлеуетін, ықпалын тиімді пайдалануға болар еді. Мысалы, "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" саналатын ақпарат құралдарындағы сынның жөні бөлек. "Сынап едік, нәтиже қандай?", "Бізге жауап береді", "Бізге хабарлайды", "Газет сынап еді, қорытынды шығарды" деген айдармен ықпалды мақалалар жарияланып тұрғанын оқырман ұмыта қоймаған болар.
Қоғамдық пікірдің рөлі де айрықша. Оның жанында бүгінгі әлем-жәлем қымбат жарнаманың өзі дәрменсіз болып қалады.
Өкінішке қарай, соңғы кезде билік орындары ғана емес, жеке тұлғалар мен іс адамдары да сынға атүсті қарайды, жақсы ұсыныстарды елеп-ескермейді. Ал сын материалдарды жауапсыз қалдыру - халық үніне құлақ аспаумен бір есеп! Бұдан кейін оқырман мен тыңдарман журналшының еңбегін, коммуникация құралын қалай құрмет тұтады? Оны жаздырып алуға, оқуда мән қала ма?
Қай кезде де елдегі шығармашыл қауым – қоғамдық ойдың, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші. Олардың ішінде кәсіби сыншы қауымының мәртебесі, орны лайықты бағаланғаны абзал.
Рас, аты бар да заты жоқ, бейімделгіш сыншылар да аз емес. Қулығын асырып, керегін ғана жазуға көшкенін ел көріп-біліп отыр.
Оқи отырыңыз: Атауды біріздендіру қажет
Мысалы, әдебиетіміз бен руханиятымызда М.Қаратаев, С.Қирабаев, Р. Бердібай, Р.Нұрғали, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, З.Серікқалиұлы, С. Әшімбаев, Ә. Сығай, т.б. сыншылар еңбегінің қуаты жөнінде әлі күнге дейін айтылады. Олардың сыны өз кезеңінде әдебиетке бағыт, талғам әкелген күш болғаны шындық. Бүгінде қанша жерден коммунистік партияны сынасақ та, 1972 жылғы "Көркем әдеби сын туралы" қаулысы жайдан-жай тумаған. Мерзімді баспасөз редакцияларын сынға айрықша көңіл бөлуге міндеттеу арқылы қазақ прозасы мен поэзиясының, драматургиясының деңгейін, сапасын көтерді. Одаққа, тіпті шетелге танымал етті. Жалпы көкейкесті тақырыптар алға шығарылып, жанрларды дамыту мүмкіндігі, көркемдік сапаны арттырудың жөн-жобасы нақты белгіленді. Пікірлер ашық айтылып, шығарманың жақсысы мен жаманы шынайы сарапталды. Халтура атаулы Жазушылар одағы түгілі газет-журнал редакциясына кіре алмады. Нәтижесінде сол қоғамның сұранысына жауап беретін небір көркем шығармалар дүниеге келді. Жыл сайын "Уақыт және қаламгер", "Сөзстан" жинақтары шығып тұрды.
Қазір де заман талабына сай мемлекеттік тапсырыс тетігін ескере отырып, өнердің бар саласына (әдебиет, кино, театр, музыка, опера, сурет, скульптура т.б.) талапты күшейтіп, сынды өрістету қажет деп есептейміз. Осы орайда әлемге әйгілі ақын А.С. Пушкиннің мына пікірі бүгін де көкейкесті: "Сын – ғылым. Бұл – өнер мен әдебиет шығармаларындағы әсемдік пен әлсіздікті ашудың ғылымы. Ол суретші мен жазушының шығармада басшылыққа алатын ережелерді жетік білуіне, озық үлгілерді терең зерттеуіне, өз заманының тамаша құбылыстарын қалт жібермей, қадағалап отыруына негізделеді... Кімде-кім сында өнерге деген таза сүйіспеншілікті емес, өзге бірдеңені басшылыққа алса, ол пасық, пайдакүнем есептің құлына айналған қарабайыр тобырдың қатарына дейін құлдырайды".
Қазір қоғамға сын жалпы сынау үшін емес, әділетті, сындарлы істерді табысты жүзеге асыру үшін керек.
Өйткені, бізге жалаң мақтан, жәдігөй мадақ, орынсыз көтеретін кеуде емес, әділ сынға шыдайтын жауапкершілік, қатені түзететін намыс, кәсіби білім мен білік, жөн сөзге тоқтайтын адамшылық маңызды.
(Жазба қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбайдың Facebook парақшасынан алынды)
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
-
1❗️Оборот наличных денег растёт в Казахстане
-
2570
-
3
-
13
-
-
2🌡Прогноз погоды на 9 сентября: дожди ожидаются на севере и востоке Казахстана
-
2499
-
0
-
1
-
-
3❗️Министр просвещения о тяжёлых рюкзаках школьников: Ввести планшеты – не совсем правильное и затратное решение
-
2405
-
9
-
14
-
-
4🇫🇷Парламент Франции отказал в доверии правительству страны
-
2177
-
2
-
11
-
-
5⚠️ Доброе утро! Предлагаем обзор главных новостей за 8 сентября
-
2227
-
0
-
3
-
-
6‼️ Случаев мошенничества со звонками "из банков" стало в два раза больше в Казахстане
-
2333
-
0
-
7
-
-
7💱Курс доллара снизился почти на 3 тенге на бирже 8 сентября
-
2132
-
0
-
0
-
-
8❗️Крупный пожар вспыхнул в селе Шиликти Актюбинской области, его тушили с помощью поезда
-
2118
-
0
-
7
-
-
9‼️ "Не кладите трубку!" МВД Казахстана назвало топ-10 фраз телефонных мошенников
-
2136
-
0
-
10
-
-
10❗️Протесты против запрета соцсетей в Непале: полиция открыла огонь по людям, погибли 14 человек
-
2124
-
0
-
16
-