Ақтөбе облысында жыл басынан бері 483 келіден астам есірткі тәркіленді
Ақтөбе облысында есірткі қылмыстарымен күрес жүйелі түрде күшейтіліп келеді. Бұл туралы Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Азамат Қияшев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде есірткі қылмыстарының алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында кешенді әрі мақсатты шаралар атқарылып жатыр.
"Біздің басты міндетіміз – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қоғамдағы есірткіге қарсы саясатты тиімді жүзеге асыру. Бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Себебі нашақорлық – жеке адамның ғана емес, ұлттың болашағына төнетін қауіп", – дейді полиция майоры Қияшев.
Оның сөзінше, 2025 жылдың өткен кезеңінде Ақтөбе облысы аумағында 304 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға көп.
"Аталған деректердің ішінде 133-і – қылмыс, ал 171-і – қылмыстық теріс қылық ретінде тіркелді. Яғни, бұл бағыттағы бақылау мен анықтау жұмыстары күшейіп келе жатқанын көрсетеді", – деп нақтылады Қияшев.
Ол сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қарсы бағытталған арнайы операциялардың нәтижесінде жалпы салмағы 483 келіден астам есірткі заты тәркіленгенін айтты.
"Оның ішінде марихуана – 478 келі 964 грамм, гашиш – 165 грамнан астам, опий – 14 граммға жуық, синтетикалық есірткі – 8 келі 228 грамм болды. Бұл көрсеткіштер есірткі бизнесімен айналысатын тұлғаларға қарсы күрестің нақты нәтижесін көрсетеді", – дейді бөлім бастығы.
Оқи отырыңыз: Алматы облысындағы екі ауылда кәсіпкерлер алкоголь сатудан бас тартып, қылмыс мүлдем азайған
Майор Қияшев атап өткендей, қазір Полиция департаменті тұрғындарды да бұл күреске белсенді қатысуға шақырып отыр.
"Әрбір азамат күмәнді жағдай байқаса, оны жасырмай, полицияға хабарлауы тиіс. Азаматтардың белсенділігі – қылмыстың алдын алудың ең тиімді тетігі", – дейді ол.
Интернеттегі есірткі бизнесіне тосқауыл
Электрондық алаңдар арқылы есірткі саудасының жаңа түрлері пайда болғаны белгілі. Бұған майор Қияшев ерекше тоқталды.
"Қазір синтетикалық есірткінің интернет арқылы байланыссыз сатылуы жиілеп кетті. Сондықтан біз киберкеңістіктегі қауіпсіздікке ерекше назар аударамыз. Жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 1120 сайт анықталып, бұғатталды", – деді ол.
Сонымен қатар, "Антифрод" жүйесінің көмегімен 2400 банк картасы анықталып, бұғаттауға жіберілген. Бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы 59 миллион 546 мың теңгеден астам.
"Бұл – есірткі бизнесін қаржыландыру арналарының бірін жабуға мүмкіндік беретін тиімді шаралардың бірі. Әрбір қаржы арнасының жолы кесілуі – қылмыстық схемалардың бұзылуы деген сөз", – дейді Азамат Қияшев.
Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз вейп өндіру және сату фактілері бойынша істер тергелді
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласында коммуналдық қызметтермен және басқарушы компаниялармен бірлесе жүргізілген рейдтер кезінде есірткі жарнамасы бар 46 граффити анықталып, жойылған.
"Қаланың әрбір қабырғасы, үйдің маңайы немесе аялдамаларда жазылған бұл заңсыз жарнамалар жастарды азғырудың бір тәсіліне айналып барады. Біз бұған жол бермеу үшін тұрақты түрде тазалау жұмыстарын жүргіземіз", – деді ол.
Кең ауқымды профилактика
Полиция майорының айтуынша, алдын алу жұмыстары қоғамның барлық саласын қамтиды.
"2025 жылдың өткен кезеңінде Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 1007 профилактикалық іс-шара өткізді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп", – дейді Қияшев.
Оның мәліметінше, өткізілген іс-шаралардың арасында 99 акция, 74 семинар, 425 дәріс, 32 дөңгелек үстел, 123 кездесу, 150 спорттық жарыс, 48 конкурс және 56 өзге де форматтағы шаралар бар.
"Бұл іс-шаралардың барлығы жастарды есірткіден алшақ ұстауға бағытталған. Біз жасөспірімдерге тек тыйым салу арқылы емес, спорт пен шығармашылыққа баулу арқылы әсер еткіміз келеді. Әр баланың бос уақытын пайдалы өткізуі – нашақорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы", – деп атап өтті ол.
Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарымен бірлесе отырып, 295 іс-шара өткізілген. Жалпы бұл жұмыстар 94 896 адамды қамтыған. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп 87 профилактикалық жоба жүзеге асырылған.
Ақпараттық жұмыс – идеологиялық қару
Полиция департаменті ақпараттық кеңістіктегі белсенділікті де арттырып отыр. Қияшевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарында есірткімен күрес тақырыбындағы материалдардың саны айтарлықтай көбейген.
"2025 жылы республикалық және жергілікті БАҚ-та 288 материал жарияланды. Оның 65-і республикалық деңгейде, 223-і жергілікті деңгейде жарық көрді. Теледидарда 53 сюжет, интернет-басылымдарда 95 мақала, ал ақпарат агенттіктерінде 79 материал жарық көрді", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: "Палаудың ішінен телефон шықты". Павлодарда түрме күзетшісі тыйым салынған заттарды анықтады
Әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізілуде.
"Біздің мамандар мен серіктес ұйымдар Facebook пен Instagram желілерінде 581 жазба жариялады. Бұл былтырмен салыстырғанда 55 пайызға артық. Мақсатымыз – жастарға тікелей жету, оларға заманауи тәсілмен дұрыс ақпарат беру", – дейді Азамат Қияшев.
Білім ордаларындағы түсіндіру жұмыстары
Полиция майорының сөзінше, жаңа оқу жылы басталған сәттен бастап өңірдің мектептері мен колледждерінде құқықтық және тәрбиелік сипаттағы кездесулер жиі ұйымдастырылып келеді.
"Біздің қызметкерлер білім беру мекемелерінде оқушылар мен студенттерге есірткі және өзге де құқықбұзушылықтардың салдары туралы айтады. Мұндай кездесулердің мақсаты – жастардың құқықтық сауатын арттыру, өмірге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру", – деді ол.
Майор Қияшев мұндай шаралар тек білім алушылар үшін ғана емес, ата-аналар мен педагогтар үшін де маңызды екенін атап өтті. Өйткені отбасындағы тәрбие мен мектептегі орта бір-бірімен тығыз байланысты.
Сұхбат соңында полиция майоры Азамат Қияшев қоғамды есірткіге қарсы күреске бей-жай қарамауға шақырды.
"Біз тек қылмыскерді ұстаумен шектелмеуіміз керек. Басты мақсат – жастарды қорғау, олардың өміріне жарық бағыт көрсету. Есірткіге қарсы күрес – бір күндік емес, үздіксіз процесс. Оған мемлекеттік органдармен бірге ата-аналар, ұстаздар, журналистер мен қарапайым азаматтар да атсалысуы тиіс", – деді ол.
Майордың айтуынша, Ақтөбе облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Ал басты мақсат – қауіпсіз, салауатты қоғам қалыптастыру.