Алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққан "Қайрат" 30 қыркүйекте өз алаңында әйгілі "Реал Мадридке" қарсы ойнайды. Матч жақындаған шақта жұлдызды қақпашыға айналып үлгерген Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып қалды. Оның қашан алаңға оралатыны белгісіз. Ал Қазақстанда "Реал" жанкүйерлері де жетерлік. "Алматыға кімдер келеді екен?" деп елеңдеп отырғандар аз емес.
Осы орайда Информбюро тілшісі "Реал" сапында кімдер ойнауы мүмкін, билет бағасы қанша болады деген сұрақтарға жауап беріп, сарапшылардың пікірін ұсынады.
Алматыға Мадридтен кімдер келе жатыр?
"Реал Мадрид" алдағы Чемпиондар лигасының ойындарына арналған ресми құрамын жариялады. Хаби Алонсо баптайтын команда алдымен 17 қыркүйекке қараған түні өз алаңында "Марсельге" қарсы ойнайды. Содан кейін 30 қыркүйекте Алматыда "Қайратпен" матч өткізеді.
"Марсельмен" өтетін матч бойынша жарияланған тізімде "Реал Мадридтің" барлық жұлдызы бар:
- Қақпашылар: Тибо Куртуа, Андрей Лунин, Фран Гонсалес;
- Қорғаушылар: Дани Карвахаль, Эдер Милитао, Давид Алаба, Трент Александер-Арнольд, Рауль Асенсио, Альваро Каррерас, Фран Гарсия, Дин Хейсен;
- Жартылай қорғаушылар: Джуд Беллингем, Эдуарду Камавинга, Федерико Вальверде, Орельен Чуамени, Арда Гюлер, Дани Себальос;
- Шабуылшылар: Винисиус Жуниор, Килиан Мбаппе, Родриго, Гонсало Гарсия, Браим Диас, Франко Мастантуоно.
"Қайратпен” ойын алдында "Реалды” Испания чемпионатында үш кездесу күтіп тұр. Оның ішіндегі ең маңыздысы – 27 қыркүйекте өтетін Мадридтік дерби, онда олар "Атлетикомен” кездеседі.
Анарбеков алаңға шыға ма?
14 қыркүйекте "Қайрат" пен "Ақтөбе" арасында өткен ойынның 10-минутында "Қайраттың" қақпашысы Темірлан Анарбековке Уче Агбоға соқтығысып, ауыр жарақат алды. Оның орнына 18 жастағы Шерхан Қалмұрза алаңға шығып, "Қайрат" сапында дебют жасады.
Алдын ала мәлімет бойынша қақпашының жағы сынған. Спортшының ақыл тісі де зақымданып, мойын тұсы жарақаттанған.
"Оған астыңғы жақ сүйегі сынды деген алдын ала диагноз қойылды. Өкінішке қарай, Темірлан Анарбеков алдағы кездесулерге қатыса алмайды", – деді клубтың медиа-офицері Арман Жақсығұлов.
Анарбеков алдағы уақытта "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы басты кездесулерінде ойнай алмауы мүмкін. 18 қыркүйекте португалиялық "Спортингке", 30 қыркүйекте "Реалға" қарсы матчтарды жіберіп алмақ. Ем-дом шаралары 2 айға созылады.
Айта кетейік, командадағы бірінші қақпашы Александр Заруцкий де жарақат алған болатын. Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарында "Селтикке" қарсы сырт алаңда өткен матчта Заруцкийдің орнына Темірлан Анарбеков шығып, есеп тең аяқталған еді. Одан кейін алматылық "Қайрат" өз алаңында шотландиялық "Селтикті" қабылдап, негізгі уақыт пен қосымша уақыт бойы есеп ашылмай, пенальти сериясына ұласқан болатын. Қақпашы Анарбеков үш бірдей допты қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.
Ендігі ойындарда алаңға жас қақпашы Шерхан Қалмұрза шыпқақ. Ол 2022 жылдан бері "Қайрат" Академиясында жаттығып келеді. Биылғы маусымда ол Бірінші лигада "Қайрат – Жастар" құрамында 7 матчқа қатысты.
"Ол жап-жас. Ол өзіне артылған міндетті жасады. Жас болса да сенімді ойнады. Толқыған шығар, бірақ мұндай мачта кез келген футболшы "қалай болады екен" деп уайымдайды деп ойлаймын. Шерхан жарады, қолынан келді. Оны қатты мақтауға да болмайды. Ол әлі өзін дәлелдеуі керек. Десе де берілген мүмкіндікті қолдана алғаны тамаша дер едім. Ешқандай доп жібермегеніне тек қуаныштымыз", – деді "Қайрат" клубыынң бас бапкері Рафаэль Урахбахтин.
Билет қанша тұрады?
Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжанов билеттің бағасын шектеп, қымбаттап кетпеуін айтқан болатын.
"Алыпсатарлар мәселесі бар, өзім де талай рет соған тап болдым. Бұл ұлттық деңгейдегі маңызды спорттық оқиға болып жатқанда моральдық қағида алдыңғы орынға шығуға тиіс. Бір адамға бір билеттен ғана сататын ереже енгізу керек шығар. Құқық қорғау органдары мен әкімдікті де қосу қажет болуы мүмкін, өйткені бұл Қазақстан футболы тарихындағы маңызды матч", – деген болатын.
Ол билет құнын 10 мың теңгеден асырмауды, ал балаларды мүлдем тегін кіргізуді ұсынды.
"Шығынды жабу үшін символикалық баға қоюға болады. Бірақ 10 мыңнан аспауы керек, ал жақсы баға – 5 мың теңге. Ең мықты жанкүйерлеріміз – балаларды тегін кіргізу керек" – деді саясаткер.
Фото: Gety Images
"Қайрат" – "Реал Мадрид" матчының билеттері 23 қыркүйекте сағат 17:00-де клубтың ресми сайты мен Ticketon платформасында сатылымға шығады. Бір ЖСН бойынша бір адамға екі билеттен артық сатып алуға болмайды. Деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де мұқият тексеріледі.
УЕФА-мен келісілген және барлық ойынға бірыңғай болып белгіленген билеттің бағасы 30 000 теңгеден 250 000 теңгеге дейін болады. Баға саясаты турнир талаптарына және Чемпиондар лигасы матчтарын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келеді.
Абонемент иелері өз орындарын ертерек тиімді бағаға сатып ала алады. Ticketon қызметкерлері сатылым басталғанға дейін алдын ала хабарласып, орындарды сатып алу бойынша толық ақпарат береді. Осылайша, клуб ең адал жанкүйерлеріне ерекше қамқорлық көрсетіп отыр.
Билеттердің бір бөлігі дәстүрлі түрде бекітілген әлеуметтік және клуб квоталары аясында бөлінеді. Олар "Қайрат" Академиясының және клуб филиалдарының бапкерлері мен тәрбиеленушілеріне, паралимпиадалық спорт түрлерінің спортшыларына, сондай-ақ клубтың қызметкерлері мен ардагерлеріне беріледі. Белгілі бір квота клуб демеушілеріне қолданыстағы серіктестік міндеттемелер аясында қарастырылған.
Клуб билетті тек ресми арналардан, яғни клубтың ресми сайты, Qairat SuperApp мобильді қосымшасы және Ticketon сервисі арқылы сатып алуға болатынын ескертеді. Осы сервистерден алынған билетпен ғана стадионға кіруге болады.
Сарапшылар не дейді?
Азиз Жұмаділ, футбол шолушысы:
– Матчқа әлі біраз уақыт бар, оған дейін біраз нәрсе өзгеруі мүмкін. Бірінші кезекте, Темірлан Анарбековтің алаңға шығу-шықпау мәселесі де әлі белгісіз. Александр Заруцкийдің жарақаты бар. Анарбеков жарақат алмағанда әлдеқайда сенімді болушы едік. Оның қазіргі жағдайы туралы толыққанды ақпарат жоқ. Тіпті инсайт та жоқ. Шерхан Қалмұрзаның біраз ойынын көргенмін. Өте жас ойыншы. 2000-жылдары Икер Касильяс жарақат алған Бодо Иллгнерді алмастырып, бірден үздік қақпақшы болды. Ұлттық құрамадан негізгі қақпашаны ысырып тастады. Бәлкім, сол секілді Шерхан Қалмұрзаның да жұлдызы жанатын уақыт болатын шығар. Бірақ Темірлан Анарбековтің аяғы не қолы емес, жағы сынды. Енді оның денсаулығы дәрігерлердің қолында. Ойынға дейін алаңға оралуы әбден мүмкін. "Қайрат" пен "Ақтөбе" ойынын кейінге жылжытқанда алматылық клубтың "Спортингке" қарсы матчқа дайындыққа әлдеқайда уақыт көбірек болар еді.
Мадридтің "Реалы" Алматыға келетін ойыншылардың құрамын жариялап қойды, бірақ алаңға нақты кімдер шығатыны белгісіз. Құрамды қарап отырсаңыздар резервтен ешкім жоқ, барлығы да мықты ойыншылар. Килиан Мбаппе алаңға негізгі құрамда шыға ма, әлде екінші таймда шыға ма, ол жағы белгісіз. Браим Диас не Гонсало Гарсия да алаңға шығып қалатын шығар. Қайсы шықса да "Қайраттың" қорғанысына оңай болайын деп тұрған жоқ.
Оқи отырыңыз: "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойыны: Алматыдағы Орталық стадион Чемпиондар лигасының матчтарына дайын ба
Барлыға да ертең "Қайрат" пен "Спортинг" матчынан кейін белгілі болады. Бүгін "Реал Мадрид" өз алаңында "Марсельді" қабылдайды. "Марсельді" жеңген жағдайда "Реал" негізгі құрамдағы ойыншыларына демалыс беруі мүмкін, өйткені "Қайратпен" өтетін ойыннан екі-үш күн бұрын Ла Лига аясында "Атлетико Мадридпен" кездеседі. "Реал" үшін бұл матч оңай болмайды. Сондықтан, меніңше" негізгі құрамда шабуыл шебінде Гонсало Гарсия шығуы мүмкін. Содан кейін Родриго алаңға шығып қалар. Браим Диас та шығуы мүмкін. Олар да өте мықты, жұлдыз ойыншылар. Ал Мбаппе қосалқы құрамда отыруы мүмкін. Екінші таймда алаңға шығып қалар, шықпауы да ғажап емес. Шабуыл шебіндегі ойыншылар – Гарсия, сол қапталда – Родриго, оң қапталда – Браим Диас. Ал артқы шеп бізге аса маңызды болып тұрған жоқ.
Есеп қалай болуы мүмкін деген өзекті сұрақ болып отырған жоқ. "Қайратқа" жанкүйермін, қолдаймын. "Реал" секілді әлемдік жұлдыздардан құралған команда бізге келіп тұрған кезде таблоға қараудың қажеті жоқ. "Қайраттың" футболшылары да, жанкүйерлері де тек ойыннан ләззат алуы керек. Қалғаны алаң, ойын барысында көріне жатады. Сондықтан, әрине, "Қайрат" бұл ойында аутсайдер саналады. Меніңше, "Мадридің Реалына" бұл ойын аса қиынға соқпайды. Алаңның сапасы бар, ойын Алматыда өтіп жатқаны бар, ауа райының басқаша болуы, таулы аймақта өтуі "Реалға" мәселе болмауға тиіс.
Ақылбек Ешназаров, футбол жанкүйері:
– "Реал" сапында кім ойнайтыны соңғы күнге дейін белгісіз болайын деп тұр. Себебі 28 қыркүйекте олар "Атлетико Мадридпен" кездеседі. Ол жақта негізгі құрамдары ойнайтыны сөзсіз. Ал "Қайратқа" қарсы матч та өте маңызды ойындардың бірі, өйткені "Қайратқа" да, "Реалға" да ұпай керек. Сондықтан "Реал" Алматыға барынша негізгі құрамға жақын құраманы жіберетін шығар. Мбаппенің алаңға шығу-шықпауы – елу де елу. Оны қазір нақты ешкім айта алмайды.
Темірлан Анарбековтің жарақат алып қалғаны өкінішті. Енді бар үміт – Шерхан Қалмұрзада. Әрине, 18 жастағы футболшы үшін бұл бір үлкен сынақ болайын деп тұр. "Реал" – әлемдегі ең алып командалардың бірі. Сондықтан Шерханға психологиялық тұрғыдан өте қатты дайындалу керек.
Жағдайға тура қарасақ, бұл ойында "Қайрат" ұтады дегенге аздап күмәнім бар. "Қайрат" тең есеп ұстап қалса, бұл жеке мен үшін үлкен жеңіс болар еді. "Шериф", "ЦСКА" клубтарының жолын қуып, алматылық "Қайрат" мадридтік "Реалды" жеңіп кетсе, бұл бір тарихи оқиға болары сөзсіз. Бір "Қайраттың" ғана емес, күллі Қазақстанның жеңісі болар еді. Бұл елімізде футболды ілгерілетуге сеп болар еді.
"Қайраттың" жоқ дегенде бір гол салып, "Реалды" қапы қалдырғанын қалаймын. Есептің тең болғаны да жаман емес. "Реал" футболшылары "Атлетикодан" ұтылып қалып, Алматыға жынданып келсе, онда есеп 0:3 болуы әбден мүмкін.
"Реал" футболшыларының Қазақстанға келе жатқаны біз үшін үлкен мереке болмақ. Бұл қазақ футболының алға жылжып, дамып келе жатқанын білдіреді. Жиырма жылдан бері "Барселонаға" жанкүйер болғандықтан жеребе кезінде "Барселона" түссе екен дедім. Бірақ олай болмай қалды. Әрине, "Реал" да мықтылардың бірі. Бұл күнді "Қайраттың" жанкүйерлері мереке қылып өткізуі керек.
30 жылдан бері қазақ футболы бір орында тұр. Кейінгі бес-алты жылда ақырындап алға жылжып жатырмыз. Әрине, әлі үйренеріміз көп. Бірақ осындай мықты командалар көбірек келсе, ойыншыларымыз олармен ойнап, көбірек тәжірибе жинаушы еді.
"Қайрат" пен "Реал" матчы мен үшін естен кетпес тарихи сәт болайын деп тұр. Билет алып үлгерсем матчқа барып, әр сәтін бағалап, қызығып қараушы едім.
"Қайрат" басқа кімдермен ойнайды?
"Қайрат" клубы 8 матч өткізеді. Алғашқы өз алаңындағы ойын 30 қыркүйекте Алматыдағы Орталық стадионда мадридтік "Реалға" қарсы өтеді. Ал Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы матчта 18 қыркүйек күні "Спортингке" қарсы ойнайды.
21 қазанда алматылық клуб өз алаңында "Пафосты" қабылдаса, 5 қарашада "Интер" клубына қонаққа барады. 26 қарашада "Копенгагенге" қарсы сырт алаңда ойнап, 9 желтоқсанда өз алаңында "Олимпиакоспен" кездеседі. Келер жылы 20 қаңтарда өз алаңында "Брюггені" қабылдап, 28 қаңтарда "Арсеналмен" сырт алаңда кездеседі.
USD:
538.3 / 540.7
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65