Қазақстандық кәсіпкер Дана Қарағұсова жуырда Blue Origin компаниясының суборбиталық туристік ғарыш сапарына қатысады. Бұл – ел тарихындағы сирек оқиға. Бұған дейін ғарышта тек үш қазақстандық ғарышкер болған. Енді олардың қатарына кәсіпкер әйел де енеді. Осы ретте Informburo.kz Дананы оқырмандарға таныстыруды жөн көрді.
Дана Қарағұсова кім?
Дана Карағұсова – кәсіпкер, маркетинг саласының маманы. Ол 25 жылдан бері медиа, дистрибуция және іс-шаралар индустриясында жұмыс істеп келеді. Қазақстандағы First Media Group маркетинг холдингінің негізін қалаған. JLo, Backstreet Boys, 50 cent сияқты әлем жұлдыздарының Алматыдағы концертін осы холдинг ұйымдастырған.
Дананың анасы – бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, сондай-ақ мәжіліс пен сенат депутаты болған Гүлжан Карағұсова.
Кәсіби қызметінен бөлек, Дананың жеке қызығушылықтары да айрықша: ол альпинизммен әуестенеді, Африкадағы Килиманджаро шыңына және Кавказдағы Эльбрусқа көтерілген.
Дана Қарағұсовамен бірге ғарышға кәсіпкер Джефф Элгин, инженер Клинт Келли ІІІ, стартаптар негізін қалаушы Аарон Ньюман, украин кәсіпкері Виталий Островский және аты-жөні құпия тағы бір жолаушы аттанады.
Ғарышқа апарған жоба
1 қазанда Blue Origin компаниясы NS-36 миссиясының құрамын жариялады. Сол тізімде Дана – Қазақстаннан шыққан жалғыз қатысушы. Компания миссияның нақты күнін алдағы уақытта хабарлайтынын мәлімдеді.
Дананың өзі бұл оқиғаға қатысты Instagram парақшасында:
"Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа шекараларды игеру арқылы біз тек технологияны ғана дамытып қоймаймыз, өз мүмкіндігімізді де кеңейтеміз. Мен үшін Blue Origin-нің NS-36 миссиясы – зерттеу жобасының бір бөлігі әрі жылдар бойғы арманыма жасалған қадам", – деп жазды.
Ұшу күні жақын арада жарияланады. Бұған дейін Blue Origin қазан айының басында ұшатынын хабарлаған. Сапарды BlueOrigin.com сайтында, YouTube платформасында, әлеуметтік желілерден тікелей эфирде көруге болады.
Ғарыш туризміндегі алғашқы қадам
NS-36 миссиясы – New Shepard бағдарламасы аясындағы 15-ұшу. Осы күнге дейін Blue Origin ғарышқа 75 адамды ұшырды. Ғарышкер-туристер ғарыштың халықаралық шекарасы – Карман сызығынан асып шығады. Әдетте сапар шамамен 10–12 минутқа созылады. Осы уақыт ішінде Жерді ғарыштан көруге болады.
Компания алғаш рет туристерді ғарышқа 2021 жылғы 20 шілдеде жіберді. Оның арасында америкалық миллиардер, Amazon және Blue Origin компанияларының негізін қалаушы Джефф Безос болды.
Интернеттегі деректерге сүйенсек, мұндай сапардың құны – шамамен 500 мың доллар. Ал 2021 жылы Джефф Безоспен бірге алғашқы ғарыш сапарына билет онлайн-аукционда 28 миллион долларға сатылған.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65