
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, артық салмақ пен семіздікке шалдыққан адамдар саны соңғы 40 жылда үш есеге артқан. Қазақстанда да жағдай көңіл қуантарлық емес: Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ересектердің шамамен 60-65 пайызы артық салмақпен күресуде, ал әрбір үшінші адам семіздікке шалдыққан.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштердің негізгі себебі – фастфуд пен тәтті сусындарды шамадан тыс пайдалану, сондай-ақ энергетикалық сусындардың кең таралуы. Мұндай өнімдер ағзаның табиғи тепе-теңдігін бұзып, қант диабеті, гипертония, жүрек-қан тамыр және асқазан-ішек ауруларының даму қаупін бірнеше есе арттырады. Осыған орай біз нутрициолог пен кәсіби жаттықтырушы Айжан Қалымовадан арнайы сұқбат алып, зиянды тағамдардың зардабы, дұрыс тамақтанудың жолдары және пайдалы баламалар туралы пікірін тыңдадық.
– Энергетикалық сусындардың ағзаға нақты қандай зияны бар?
– Алдымен оның құрамына назар аудару қажет. Энергетикалық сусындардың ішінде кофеин, таурин, инозитол сияқты ағзаны уақытша сергітетін заттар өте көп мөлшерде болады. Бұл элементтер артериялық қан қысымын көтеріп, жүрек пен жүйке жүйесіне қатты салмақ түсіреді.
Екінші үлкен қауіп – қанттың шамадан тыс көптігі. Кейбір сусындардың үштен бірі дерлік қанттан тұрады. Қантты шамадан тыс пайдалану семіздікке, қант диабетіне, бауырдың әлсіреуіне, ұйқы безінің ауруларына, сондай-ақ жүрек пен қан қысымының көтерілуіне алып келеді. Тіпті кей жағдайларда энергетикалық сусындарды көп тұтыну қатерлі ауруларға, тіпті кенеттен өлімге де себеп болған оқиғалар кездескен.
– Оларды жиі қолдану жүрек пен жүйке жүйесіне қалай әсер етеді?
– Кофеинді шамадан тыс көп қолданғанда жүрек соғысы жиілеп, тахикардияны қоздыруы мүмкін. Сонымен қатар қан қысымын көтеріп, гипертонияға бейім адамдарды инсульт пен инфаркт сынды қауіпті ауруларға алып келуі ықтимал. Энергетикалық сусындардың құрамындағы қант алғашында ағзаға күш-қуат бергендей әсер етеді. Алайда қант деңгейі кейіннен күрт төмендеп кеткенде адам қайтадан шаршайды, әлсірейді. Соның салдарынан адам қайта-қайта энергетикалық сусын ішкісі келіп тұрады. Әсіресе кешкі уақытта энергетикалық сусын тұтыну қауіпті. Себебі ол мелатонин гормонының бөлінуін тежейді. Ал мелатонин бөлінбесе, түнгі ұйқы бұзылады. Ұйқы нашарлаған кезде керісінше стресс гормоны – кортизол мөлшері артып, жүйке жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Бұл ашушаңдыққа, тіпті уақыт өте келе депрессияға дейін әкелуі мүмкін. Сондықтан кешкісін энергетикалық сусын ішудің зияны өте зор.
Оқи отырыңыз: "Жаттығуды бүгін бастасаңыз да, J Lo бола алмайсыз". Нутрициолог Дженнифер Лопеске тән мінсіз мүсіннің құпиясын бөлісті
– Бургер, пицца сияқты фастфуд тағамдарының ең қауіпті тұстары неде?
– Фастфудтың ең қауіпті тұстарына тоқталсақ, мысалы бургер, пицца, қуырылған картоп сияқты бәріне таныс тағамдардың құрамында ең алдымен трансмайлар бар екенін білеміз. Трансмай дегеніміз – табиғи емес, жасанды жолмен өндірілетін ең арзан май түрі. Ол екі жолмен пайда болады: өндірістік әдіспен химиялық өңдеу арқылы (маргарин, спред сияқты майлар) немесе майды ұзақ уақыт бойы қайта-қайта қыздырғанда. Мұндай майлар арзан әрі ұзақ сақталатындықтан, фастфуд өнімдерінде жиі қолданылады. Алайда дәл осы майлар ағзаға түскенде канцерогендер бөледі. Канцерогендер – ағзада қатерлі ісік туындатуы мүмкін қауіпті химиялық заттар. Сондай-ақ олар қан тамырларын бітеп, холестеринді көтеріп жібереді. Сондықтан трансмай – фастфудтың ең зиянды бөлігі.
Екінші қауіптілігі – тұздың шамадан тыс көп болуы. Фастфуд тағамдары дәмді болу үшін түрлі қоспа мен дәмдеуіш қосылады. Бірақ тұздың көптігі бүйрекке артық салмақ түсіріп, артериялық қысымды көтереді. Ал ол гипертония мен инсульттің негізгі себептерінің бірі болып саналады. Фастфудтағы тұз бен дәмдеуіштердің көптігі тәбетті ашып, тоқтық сезімін жоғалтады. Соның салдарынан адам шамадан тыс мөлшерде тамақтанып, өзінің тоқ екендігін байқамай қалады. Бұл асқазан-ішек ауруларына, сондай-ақ тағамға тәуелділікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар фастфуд – "бос калория" көзі. Оның құрамында ағзаға қажетті дәрумендер, минералдар, ақуыздар жоқтың қасы. Мұндай тағамдар тек семіздікті күшейтіп, денсаулыққа зиян тигізеді.
– Мұндай тағамдарды анда-санда да жеу зиян ба?
– Егер айына бір-екі рет қана тұтынса, ол ағзаға аса қатты зиян тигізбейді деп ойлаймын. Дегенмен "анда-санда" деген ұғым әр адамға әрқалай түсініледі: біреуге аптасына бір-екі рет те аз көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде бұл тым жиі. Сондықтан ең дұрысы – айына бір, ары кетсе екі рет қана жеуге кеңес берер едім. Егер одан жиі болса, ол тәуелділікке айналуы ықтимал.

– Зиянды тағамдардың орнына қандай пайдалы әрі дәмді балама ұсынып алар едіңіз?
– Өзімнің екі балам бар, екеуі де мектеп жасында. Сондықтан үйде де, мектеп асханасында да тамақтану кезінде ең алдымен ақуызы мол тағамды таңдауға тырысамыз. Ақуызға бай тағамдарға жұмыртқа, балық, ет, ірімшік сияқты өнімдер жатады. Бұлар ағзаға ғана емес, әрбір жасушаға пайдалы, әрі ұзақ уақытқа дейін тоқтық сезімін береді. Сондықтан бірінші кезекте ақуызды тағамдарды ұсынамын. Сонымен бірге пайдалы майларды да ұмытпаған жөн: мысалы, жаңғақтың түрлері. Олар да балаларға ұзақ уақытқа қуат пен тойымдылық береді.
Оқи отырыңыз: Бір минутта мидың 2 миллионға жуық нейроны өледі. Инсульттің алдын алу жолдары қандай
– Жастардың фастфуд пен энергетикалық сусындарға үйір болуының себебі неде деп ойлайсыз?
Ең алдымен, біздің қоғамда дұрыс тамақтану мәдениеті қалыптаспаған. Мектептерде тамақтану мәдениетін үйрететін арнайы сабақтар жоқ. Сондықтан бұл білімді ең әуелі ата-ана баласына сіңіруі қажет деп ойлаймын.
Статистикаға көз жүгіртсек, Қазақстанда семіздікпен күресіп жүрген адамдардың үлесі 60-65 пайызға жеткен. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Әрбір үшінші адам артық салмақтан зардап шегіп отыр. Мұның барлығы тамақтану мәдениетінің жоқтығынан хабар береді. Екінші себеп – бағаның қолжетімділігі. Фастфуд арзан, ал құнарлы, сапалы тағам қымбат. Бұл да жастарды тез дайындалатын, бағасы төмен тамаққа жетелейді. Үшінші мәселе – қозғалыстың аздығы. Біз мұны "гиподинамия" деп атаймыз. Қазіргі жастардың көпшілігі спортпен тұрақты айналыспайды, қозғалысы аз. Осының бәрін ескергенде, жастардың фастфудқа бейім болуы – қоғам мен отбасының ортақ мәселесі. Сондықтан әр ата-ана өз баласына дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын үйретуге жауапты деп ойлаймын.
Тағы бір айта кететін жайт – жарнама. Энергетикалық сусындар мен фастфуд өнімдерінің жарнамасы өте көп, кеңінен таралған. Дегенмен соңғы жылдары жақсы өзгерістер де болды: 2025 жылдан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге сатуға тыйым салынды. Бұл – құптарлық қадам. Алайда осы заңды қатаң қадағалау керек деп ойлаймын. Себебі өз тәжірибемде фитнес-клубтарда энергетикалық сусындардың тегін таратылғанына бірнеше рет куә болдым. Тіпті жаттығуға келген клиенттердің өзіне ұсынылған жағдайлар болды. Мұндайға жол бермеу үшін бақылауды күшейткен жөн. Сонымен қатар мектеп асханаларында да оң өзгерістер бар: сосиска, кекстер, тәтті сусындар сияқты өнімдерді сатуға тыйым салынды. Бұл – балалардың денсаулығы үшін қуанышты әрі маңызды бастама.
– Энергияны табиғи жолмен арттыру үшін қандай тағамдар жеу керек?
– Энергияны табиғи жолмен арттыру үшін қандай тағамдар жеу керек?" деген сұраққа айтарым: ең бірінші – ақуызға бай тағамдар. Ақуыз бүкіл ағзамызға, әрбір жасушамызға қуат беріп қана қоймай, ұзақ уақытқа тоқтық сезімін сақтайды. Оған тауық еті, балық, қызыл ет, жұмыртқа, ірімшік сияқты тағамдар жатады. Сонымен бірге пайдалы майларды ұмытпау қажет: мысалы, зәйтүн майы, авокадо, түрлі жаңғақтар. Балалардың ланчбоксіне жаңғақ қоса салу – өте пайдалы әрі ұзақ уақытқа энергия беретін жақсы тәсіл.
Келесі маңызды топ – баяу көмірсулар. Олар ұзақ қорытылып, ағзаны күні бойы күш-қуатпен қамтамасыз етеді. Бұған қарақұмық, сұлы жармасы, қоңыр күріш сияқты тағамдарды жатқызуға болады. Әрине, ең бастысы – су. Дене қуатының төмендемеуі үшін суды жеткілікті мөлшерде ішу өте маңызды.
– Артық салмақ пен созылмалы аурулардың осы тағамдармен байланысы қаншалықты күшті?
– Фастфуд пен тәтті сусындар қандағы қант деңгейін тұрақсыздандырып, артық салмақ пен 2-типті қант диабетіне әкелуі мүмкін. Ал шамадан тыс тұз бен трансмайлар жүрек пен қан тамырларына ауыр салмақ түсіріп, гипертония мен инфаркт қаупін күшейтеді. Сонымен қатар бауыр майланып, ағзада созылмалы қабыну процестері дамиды. Бұл – ұзақ мерзімде денсаулық үшін аса қауіпті жағдай.
Оқи отырыңыз: Артық салмақтан қалай арылуға болады? Психологтан 7 кеңес
– Күнделікті өмірде зиянды тағамнан бас тарту үшін қандай практикалық кеңес берер едіңіз?
– Мысалы, тәтті кәмпиттердің орнына құрма немесе басқа да табиғи жемістерді қолдануға болады. Яғни, дұрыс тамақтануды бірден қатаң шектеу арқылы емес, оның орнына пайдалы баламалар табу арқылы қалыптастырған жөн. Фастфудтың өзін де үй жағдайында пайдалырақ етіп жасауға болады. Мәселен, гамбургерді дүкеннен сатып алмай, үйде дайындалған ет, көкөніс пен пайдалы өнімдерден әзірлеуге әбден мүмкіндік бар. Сондықтан балаларды да осылайша пайдалы балама арқылы үйреткен дұрыс деп ойлаймын.
– Балалар мен жасөспірімдерді дұрыс тамақтануға қалай үйреткен тиімді?
– Ең алдымен бұл – идея мен көзқарастан басталады. Баланы шектеу арқылы емес, үлгі көрсету арқылы тәрбиелеу маңызды. Үйдегі ересектер өздері дұрыс тамақтану әдетін қалыптастырса, балалар да соны көріп, соған бейімделеді. Екіншіден, мектепте де дұрыс тамақтану жайлы арнайы сабақтар жүргізілсе, өте тиімді болар еді. Өкінішке қарай, мұндай пән бізде жоқ. Сондықтан әзірге басты жауапкершілік – ата-ананың өзінде. Яғни балаларға ең алдымен үлгі арқылы үйрету қажет.
– Мектеп асханасында немесе үйде зиянды тағамдардың алдын алу үшін ата-ана не істей алады?
– Ең әуелі ата-ана баласына мектепке пайдалы тағам салып бергені дұрыс. Мысалы, көкөніс, жеміс-жидек, жаңғақтар немесе үйде дайындалған пайдалы тағамдар. Биылғы оқу жылынан бастап мектеп асханаларында сосиска, пицца, тәтті тоқаштар мен газды сусындарды сатуға ресми түрде тыйым салынды. Бұл – өте қуанышты әрі маңызды қадам. Сонымен қатар ата-аналар кез келген уақытта асхананың жұмысын, тазалығын тексеруге мүмкіндік алды. Жалпы алғанда, мектептегі тамақтану сапасы күннен-күнге жақсарып келеді. Бұл – балалардың денсаулығы үшін үлкен жетістік.

– Өз тәжірибеңізде адамдардың зиянды тағамнан бас тартуына не көбірек көмектеседі?
– Ең алдымен – білім. Адам дұрыс түсінік қалыптастырып, зиянды тағамның денсаулыққа қаншалықты қауіпті екенін терең ұққан кезде ғана оны шынайы түрде шектей бастайды. Екінші маңызды фактор – қолдау. Жақындары мен айналасындағы орта дұрыс тамақтануға мән берсе, адамға да оны бастау әлдеқайда жеңіл болады. Үшінші – нәтиже. Дұрыс тамақтана бастағаннан кейін ағзадағы өзгерістерді сезіну: артық салмақтың азаюы, энергияның артуы, бет әлпетінің жақсаруы, ісіктің кетуі – осының бәрі адамға үлкен мотивация береді. Сөйтіп, уақыт өте келе дұрыс тамақтану мен белсенді қозғалыс әдетке айналып, адамның өмір салты түбегейлі өзгереді деп ойлаймын.
Фастфуд пен газды сусынды бүгін тоқтатпасаңыз: Алғашқы айларда – қандағы қант тұрақсызданып, шаршағыштық, тәттіге құмарлық пайда болады, белге артық май жиналады. Бір жылда инсулинге төзімділік қалыптасып, қан қысымы көтеріледі, бауыр майлана бастайды.
Бірнеше жылдан соң – семіздік, қант диабеті, гипертония, жүрек аурулары мен буынның сырқырауы мазалайды.
Соңында айтарым: әр күніміз – болашақ қарттығымыздың іргетасы. Бүгін қалай тамақтанамыз, қалай қозғалып, қалай ұйықтаймыз – қартайғанда соның жемісін көреміз. Бір жол – белсенді, қуатты, аурусыз қарттық. Екінші жол – дәріге тәуелді, ауруханаға байланған қарттық. Таңдау – әрқайсымыздың қолымызда.
Оқи отырыңыз: "Адам бойындағы таланттарды анықтайды". Генетикалық паспорт артық салмақ пен дерттен қалай құтқарады?