"Нысаналы жастағы балаларды жоспарлы иммундау жүргізіліп жатыр. 2025 жылы қызылшаға қарсы бір жастағы 323,7 мыңнан астам бала және алты жастағы 348,3 мыңнан астам бала егілді. Иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 214 мыңнан астам балаға вакцина салынды", – деді Сархат Бейсенова.

Дәрігер Дина Абдикаримова қызылша өте тез жұқпалы ауру болғандықтан, одан сақтану мүмкін емес екенін айтып отыр. Қазіргі уақытта вакцина – қызылшаны тоқтатудың тек жалғыз жолы. Оның тиімділігі 97-99 пайызды құрайды. Алайда вакцина алған балалар да ауыруы мүмкін, бірақ бұл балаларда қызылша ауруы асқынуларға әкелмейді. Вакцина қызылшаның ауыр түрінен және өлімнен сақтайды. 

"ҚҚП (қызылша, қызамық, паротит) вакцинасының құрамында тірі, бірақ әлсіретілген вирус бар. Ол ауру тудырмайды, бірақ ағзаны вируспен таныстырып, оған қарсы антиденелер (иммунитет) түзуге мәжбүрлейді. Ал ағза вируспен кездескенде ағзада тез арада вирусқа қарсы антиденелер түзіліп, оның тез жойылуына әсер етеді.  Қызамыққа қарсы вакцинаны балаларға бір жасында және алты жасында салынады. Екі доза алғаннан кейін адамдардың көпшілігінде өмір бойына дерлік иммунитет қалыптасады. Ұжымдық иммунитет негізі аурудың ары қарай тарап кетпеуі үшін және қандай да бір медициналық себептерге байланысты вакцина ала алмайтын балаларды қорғау үшін қажет", – деді Дина Абдикаримова.

Ата-ана неге вакцинадан бас тартады?

Қазақстанда кез келген адам қызылшаға қарсы вакцинаны тегін ала алады. Әдетте бала бір және алты жасқа толғанда қызылшаға қарсы тегін вакциналау жүргізіледі. Ешқашан вакцина алмаған ересектер де тіркелген емханасына барып, екпені тегін салдыра алады. 

Қызылшаға қарсы вакцина тегін болғанына қарамастан кей ата-ана баласына екпе салдырудан бас тартады. 

"Вакцинадан бас тарту себебі көп. Көбіне ата-ана вакцинаға күмәнмен қарайды. Интернет желісінде медицинадан хабары жоқ адамдар вакцинаға қарсы шығып, оны салдырмауға үндейді. Әлеуметтік желілерде кейбіреулер оқырман жинау үшін негізсіз, тіпті ғалымдардың аттарын жамылып, олардың айтпаған сөздерін айтты деп жалған ақпарат таратады. Ал қарапайым халық сол адамның айтқан сөздерін шын көреді. Қазақта "шымшық сойса да қасапшы сойсын" деп бекер айтпаған. Ата-анаға айтарым, аурудың алдын алу үшін де, емдеу үшін де дәрігерге құлақ асу керек", – деді Дина Абдикаримова.

Дәрігер "вакцина аутизмге әкеледі" деген пікір шындыққа жанаспайды дейді.

"Бұл ақпараттың негізі жоқ, дәлелденбеген. Тек аутизм ауруы көп жағдайда бір жаста, вакцина алатын кезбен сәйкес біліне бастайды. Сол себептен көп жағдайда ата-ана аутизм туындаған кезде вакцинаға күмән келтіреді", – деді ол.

Баланы қызылшадан қалай қорғаймыз? 

Адам қызылша белгілерін байқаса дереу дәрігерге хабарласып, оқшаулануы қажет. Әсіресе, вакцина алмаған адамдар, балалар және жүкті әйелдер үшін вирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары. 

"Қызылшамен ауырған адаммен байланыста болғанын білген жағдайда және қызылшаға қарсы вакцина алмаған болса, инфекцияны болдырмау үшін байланыста болғанан кейін 72 сағат ішінде қызылшаға қарсы вакцинаны алу үшін дәрігерге барыңыз. Иммуноглобулин жұқтырған адаммен байланыста болғаннан кейін алты күн ішінде қабылданса, адам инфекцияның алдын алады. Қазіргі жағдайда тек екпе ғана аурудан қорғайды. Ал қызылша жұқтырған жағдайда аурудың асқынып кетпеуіне вакцина үлкен әсер етеді. Ауырған адамдарда тек симптоматикасын және соның асқынуынан туындаған ауруларды емдеумен ғана шектелеміз. Сонымен қатар ағзаның вируспен күресуіне көмектесу үшін витаминдер мен көп мөлшерде сұйықтық тағайындалады", – деді Дина Абдикаримова.  

Айзат Серікбаева үш жарым жасар ұлының ақпан айында ауырып, бір апта ауруханада емделіп, қалған уақытта үйде болғанын айтып отыр.

"Астанадан Шымкентке ұшақпен барып келдік. Шымкентте сол уақыттарда қызылша өршіп тұрды. Балам бір жасында екпе алды. Аурудың алғашқы күндері дене қызуы көтеріліп, әлсіздік болды. Үш-төрт күннен кейін бөртіп бастады. Ауруханада жатып шыққан соң 6-7 күні бөртуі қайтты. Балам ауырғанда қатты қорықтым. Осыдан кейін балаларға қарауға жауапкершілік күшейді. Олардың күнделікті тазалығына мән беретін болдық", – деді Айзат Серікбаева. 

Қызылшаның алдын алу үшін елімізде жоспардан тыс иммундау шаралары жүргізіліп жатыр. Баласына вакцина салдырудан бас тартқан ата-ана ойын өзгертіп, келісімін берсе баласына екпе салдыра алады. Баланың вакцина салдырған-салдырмағанын eGov арқылы тексеруге немесе педиатрдан нақтылауға болады.