Қызылшаға қарсы екпенің аутизмге әкелетіні рас па? Дәрігер жауабы

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бұл вирустың жұғу деңгейі өте жоғары, бір адам орта есеппен 12-18 адамға жұқтыруы мүмкін.

Мамандандырылған емдеу-диагностикалық профилактикалық бөлімшесінің меңгерушісі Мустафа Дастан Бақытұлының айтуынша, қызылша – адамнан адамға оңай таралатын және ауыр асқынулар тудыруы мүмкін қауіпті вирустық инфекция. Бұл аурудың алдын алудың ең сенімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе – балаларды және жалпы қоғамды осы дерттен қорғаудың ең тиімді әдісі.

– Қызылша ауруы неге бүгінгі күнге дейін өзекті?

– Иә, шынымен де қызылша – бүгінгі таңда әлем бойынша, соның ішінде Қазақстанда да өзекті мәселелердің бірі. Бұл ауру алғаш рет ғылыми сипаттамаға 9-ғасырда енгенімен, әлі күнге дейін адамзат баласына қауіп төндіріп отыр. Қызылша – өте жұқпалы және жылдам таралатын вирустық инфекция. Оның қоздырғышы – Morbillivirus деп аталатын вирус. Қызылша ауа-тамшы арқылы, яғни түшкіру, жөтелу кезінде ауада таралып, басқа адамның тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Ең қауіптісі – бұл вирустың жұғу деңгейі өте жоғары: бір адам орта есеппен 12-18 адамға жұқтыруы мүмкін. Бұл, мысалы, тұмау вирусынан бірнеше есе жұқпалы.

– Яғни, қызылша қоғам үшін үлкен эпидемиологиялық қауіп тудырады ғой?

– Дәл солай. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 2024 жылғы есебіне сәйкес, 2023 жылы әлем бойынша қызылшамен 9 миллионнан астам адам ауырған, соның ішінде 136 мың адам қайтыс болды. Бұл өлім-жітімнің 90 пайызы вакцина алмаған немесе жеткіліксіз иммунизацияланған балалардың арасында тіркелген. Өкінішке орай, Қазақстан да бұл статистикадан тыс емес.

– Қазақстандағы жағдай қандай? Соңғы жылдардағы деректер бар ма?

– Иә, бар. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы елімізде қызылшамен ауырғандар саны 18 мыңнан асты. Оның ішінде 60 пайыздан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. 2024 жылдың алғашқы үш айында ғана 3500-ден астам жағдай тіркелді. Алматы, Шымкент және Астана қалаларында ауру деңгейі әсіресе жоғары болды.

Негізгі себептердің бірі – вакцинация деңгейінің төмендеуі. Мысалы, ҚҚП (қызылша, қызамық, паротит) вакцинасын бірінші рет 1 жаста алатын балалардың қамтылуы 2019 жылы 95% болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 88 пайызға дейін төмендеді. Ал ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін кем дегенде 95% халық вакцина алуы қажет.


Оқи отырыңыз: HPV-ге қарсы екпе: Кімдер салдыруы керек және ол қаншалықты қауіпсіз


– Қызылша вакцинасы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Ол қалай жұмыс істейді?

– ҚҚП вакцинасы — тірі әлсіретілген вирустар негізінде жасалған. Бұл вакцина ағзаға аз мөлшерде әлсіретілген вирустарды енгізу арқылы иммун жүйесін "үйретеді". Соның нәтижесінде ағза нақты вируспен бетпе-бет келгенде оған қарсы тұратын антиденелерді жылдам шығара алады. Бірінші доза 12 айлық балаға, ал екінші доза 6 жастағы балаға салынады. Бір доза алған балаларда ауруға қарсы иммунитет 93 пайызға дейін, ал екі доза алған балаларда 97 пайызға дейін артады.

Фото: Informburo.kz

– Вакцинаның қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіретін ата-аналар көп. Бұл жайында не айта аласыз?

– Бұл сұрақ өте маңызды және жиі кездеседі. ҚҚП вакцинасы әлемде 50 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Вакцинаның қауіпсіздігі бірнеше мәрте халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген. ДДСҰ, АҚШ-тың CDC (Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы), сондай-ақ Еуропа мен Азия елдерінің денсаулық сақтау органдары ҚҚП вакцинасын қолдануды ұсынады.

Кейбір мифтер, әсіресе "вакцина аутизмге әкеледі" деген қауесет – 1998 жылы жарияланған жалған ғылыми зерттеуден шыққан. Бұл мақала кейін ғылыми қауымдастықпен жоққа шығарылып, авторы медициналық лицензиясынан айырылды. Сондықтан бұл ақпаратқа сенудің қажеті жоқ.

– Екпеден кейін болатын жанама әсерлер туралы не айтасыз?

– Вакцинадан кейінгі реакциялар өте сирек және көбінесе жеңіл түрде өтеді. Мысалы, 10 баланың бір-екеуінде аздап қызу көтерілуі, денесінде бөртпе пайда болуы мүмкін. Бұл – қалыпты иммундық жауап. Ауыр асқынулар – анафилаксия немесе жоғары температура нәтижесінде тырысу (фебрильді судороги) өте сирек кездеседі. Орта есеппен, миллион екпенің біреуінде ғана осындай жағдай тіркеледі. Яғни, қызылшаның өзі әкелетін қауіп вакцинадан әлдеқайда жоғары.


Оқи отырыңыз: ҚМДБ "Спутник V" вакцинасы халал екенін мәлімдеді


– Қоғамда "балама ем", "табиғи иммунитет" туралы пікірлер кең таралған. Бұл туралы көзқарасыңыз қандай?

– Табиғи иммунитет – қызылшаны бастан өткергеннен кейін қалыптасатын иммунитет, бірақ ол жолда бала ауыр асқынуларға ұшырауы мүмкін. Қызылшадан кейінгі пневмония, ортаңғы құлақтың қабынуы, ми қабынуы (энцефалит), тіпті соқырлық пен өлім жағдайлары болуы мүмкін. Сондықтан баланы "нағыз жолмен" ауыртып, иммунитет қалыптастырамын деген – өте қауіпті және жауапсыз шешім.

Балама емдер – шөптер, дәрумендер, немесе гомеопатия сияқты тәсілдер вирусқа қарсы дәлелденген әсерге ие емес. Бұл – ғылыми негізсіз тәсілдер. Вакцинация – ғылыми тұрғыда тиімділігі дәлелденген жалғыз алдын алу әдісі.

– Ересек адамдар вакцина алмаған болса, не істеуі керек?

– Егер адам өзінде қызылшаға қарсы вакцина бар-жоғын білмесе, дәрігерге барып, ҚҚП вакцинасының екі дозасын салдыруына болады. Бұл ересектер үшін де қауіпсіз. Әсіресе, медицина, білім беру салаларында жұмыс істейтіндер, жиі сапарлайтын адамдар және жүкті болуды жоспарлап жүрген әйелдер екпе алу керек. Айта кету керек, жүктілік кезінде қызылша өте қауіпті, ол түсікке, туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін.

– Қызылшамен күресуде қандай қоғамдық, ұлттық деңгейдегі шаралар қабылданып жатыр?

– Қазақстанда 2023 жылдан бері қызылшаға қарсы қосымша иммундау науқаны жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында қосымша вакцинациямен 9 айдан 5 жасқа дейінгі 1 миллионнан астам бала қамтылды. Сонымен қатар, ДДСҰ-мен бірлесіп, қауіпті аймақтарда эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Қоғамдық ақпараттық кампаниялар да маңызды. 

Серіктестер жаңалықтары