
Кейде бір сурет – тұтас ойдың, бір қабырға – бүтін ұрпақтың үнін жеткізетін күшке ие. Осындай рухани мағынасы терең, мазмұны бөлек муралдар қоғаммен үнсіз тілдесіп, әр жүрекке өз сөзін айтып тұрады. Сондай ерекше туындының авторы – Еркеғали Иманғали . Талдықорған қаласының тумасы, 29 жастағы суретші-дизайнер Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің дизайн мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі таңда "Жетісу" телерадиокомпаниясының кино бөлімінде қоюшы суретші қызметін атқарып келеді.
Өнерге деген шынайы сүйіспеншілік пен азаматтық ұстанымды ұштастыра білген маман жақында Жетісу облысы Талдықорған қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ерекше мурал жобасын жүзеге асырды. Бұл туынды – тек сурет емес, ол бейбітшілік пен бірлікті насихаттайтын, болашақ ұрпаққа үн қататын көркем идеяның көрінісі. Төмендегі сұхбатта Иманғали Еркеғали осы муралдың туу тарихы, оның мән-мағынасы, салу барысындағы қиындықтар мен жеке көзқарастары жайында ашық әңгімелейді.
– Ұлтаралық келісім мен татулық тақырыбы сіздің мурал идеяңыздың негізгі өзегіне қалай айналды? Осындай идеяны өнер арқылы жеткізуді мақсат етуіңізде қандай терең ой, қандай жеке тәжірибе жатыр?
– Бұл муралдың идеясы кездейсоқ туған дүние емес. Ол ел бірлігі мен ұлттар достығының символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тығыз байланысты. Осы атаулы датаға орай бейбітшілік пен татулықты бейнелейтін мурал салу ұсынысы көтерілгенде, мен бұл бастаманы жүрегіммен қабылдадым. Сол сәтте өзіме бір сауал қойдым: "Неліктен біз дәл қазіргі қоғамға терең ой салар, жүрекке жол табар, бейбітшілік пен бірлікті дәріптейтін көркем мурал арқылы үн қатпасқа?" – дедім.
Бұл ой көкейімде біраз уақыт пісіп-жетіліп, идея нақты мақсатқа айналды. Жыл басында осы бастама жөнінде ресми түрде сөз қозғалды. Муралдың тақырыбы мен маңызы айтылды, алайда ол қай жерде орналасатыны, нақты мазмұны қандай болатыны секілді жайттар сол кезде әлі толық бекітілмеген еді. Мен болсам бұл үдерісті созбай, өз ұсынысымды әзірлеп, эскиз жасауға кірістім. Ұсынған эскизімде әртүрлі ұлттың балалары бейнеленді.
Әр бала – өз халқының ұлттық киімінде. Олар үлкен бір пазлды бірігіп құрастырып жатыр. Бұл жай ғана сурет емес – бұл Қазақстанның рәміздік бейнесі. Әр бала – елімізді құрайтын түрлі этнос өкілдерінің символы. Қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр, өзбек, кавказ халықтарының өкілдері елімізде ең көп таралған ұлттар екені белгілі. Мен бұл деректерді жай ғана ішкі түйсікпен емес, нақты мәліметтерге сүйене отырып, арнайы зерттеп, сенімді дереккөздерден – соның ішінде Google-дан тексеріп шықтым.
Пазлдың орталық бөлігінде жүрек пен "лайк" секілді әмбебап белгілер бейнеленген. Бұл – махаббаттың, өзара құрмет пен адамгершіліктің нышаны. Әртүрлі болғанымызбен, бір жүректің астында өмір сүріп жатқанымызды білдіретін символдық шешім. Аталған идея менің өзіме де ерекше әсер етті. Бұл мен үшін үлкен қуаныш, бір жағынан жауапкершілік еді. Содан көктемнің шуақты күндері келгенде, біз мурал салу жұмыстарына кірістік. Барлық рұқсаттар, техникалық құжаттар мен келісімдер уақытында дайын болды. Уақыты келгенде, идея қағаз бетінен көшеге шықты. Муралды салу жұмыстары сәтті басталып, арманымыз шындыққа айналды.
– Муралда бейнеленген көркем образдардың астарында не жатыр?
– Қазақстан – жас мемлекет. Бірақ бұл жастық – әлсіздік емес, жаңашылдықтың, серпін мен сенімнің белгісі. Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміз көпұлтты қоғам ретінде қалыптасты. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп келеді. Тілдері басқа болғанымен, тілектері бір. Түрлері бөлек болғанымен, жүректері ортақ. Бұл – үлкен құндылық. Біз дәл осы құндылықты мурал арқылы бейнелегіміз келді. Муралда түрлі ұлттың балалары бірлікте әрекет етіп, ортақ бір пазл құрап жатыр. Бұл – еліміздегі этностардың тек қатар өмір сүріп қана қоймай, бірлесе әрекет етіп, Қазақстан атты тұтас мемлекетті құрап отырғанының көркем көрінісі. Демек, бұл мурал – бірлік пен татулықтың бейнесі ғана емес, сонымен қатар халқымыздың арасындағы өзара сыйластық пен сенімнің символы.
Бірақ бұл муралдың тағы бір терең мағынасы бар. Ол – болашаққа бағытталған үміт. Себебі, онда бейнеленгендер – балалар. Балалар – біздің ертеңіміз. Бүгін ойнап жүрген бүлдіршін – ертең мемлекетті басқаратын азамат. Сондықтан да муралда көрсетілген әр бала арқылы біз келер ұрпаққа үндеу жолдаймыз: еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтау – тек өткеннің емес, болашақтың да міндеті. Біз бұл муралды жай ғана қабырғадағы сурет ретінде қарастырмаймыз. Ол – идея. Ол – жүректен шыққан мағына. Ол – тәуелсіз Қазақстанның көркем келбеті. Оның әр бөлшегінде ұлтқа деген сүйіспеншілік, болашаққа деген сенім, халыққа деген құрмет жатыр. Сондықтан да бұл мурал – тек көзге көрінетін бояу емес, ол – санаға әсер ететін мазмұн. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жетер, үнсіз сөйлейтін үндеу.

– Сіздіңше, қазіргі Қазақстан қоғамында ұлтаралық келісім мен достықты сақтау үшін өнер қандай рөл атқара алады?
"Өнердің ұлтқа бөлінбейтіні" – бұл жай ғана сөз емес, бұл ғасырлар бойғы шындықпен дәлелденген терең тұжырым. Өнер – адамзат баласына ортақ мұра. Оның төлқұжаты, шекарасы, нәсілі болмайды. Ол жүректен шығып, жүрекке жететін құбылыс. Қай ұлттың өкілі болса да, адамның ішкі жан дүниесін тербейтін туынды оны бірден баурап алады. Себебі өнер – адам болмысының ең нәзік қырларына тіл бітіретін ерекше күш. Бүгінгі таңда біздің жас суретшілеріміз, музыканттарымыз, бишілеріміз – әсіресе өнерге бейім балалар – халықаралық деңгейде мойындалып, Қазақстан атын әлемге танытып жүр. Бұл – біздің елімізде өнердің өркендеп келе жатқанын, оған деген көзқарастың құрметке толы екенін көрсетеді. Бізде "мынау тек қазақтікі", "мынау басқа ұлттікі" деген шектеу жоқ. Керісінше, біз барлық халықтың өнерін құрметтейміз. Себебі өнердің өзі құрметке лайық.
Осы мурал арқылы біз жастарға өнердің қандай үлкен рөл атқаратынын, оның адамдар арасындағы достық пен сыйластықты қалай қалыптастыратынын көрсеткіміз келді. Түрлі ұлттың балалары бір ортақ көркем ой арқылы біріккенде, олар бір-бірін жақсырақ тани бастайды. Өнер оларды тіл мен дәстүрден бұрын, жүрек арқылы табыстырады. Себебі, шын мәнінде, бәріміз – адамбыз. Ұлт пен дін – тек айырмашылық емес, керісінше, байлық. Ал ортақ Отанымыз – Қазақстан – сол байлықтарды біріктірген кең жүректі шаңырақ. Өнер – бейбітшілік пен татулықтың үндемейтін елшісі. Ол қақтығыс пен бөлінуге емес, жақындасу мен жарасымға жол ашады. Ән болсын, би болсын, сурет немесе сахналық өнер – олардың әрқайсысы адам мен адам арасындағы көпір бола алады. Сондықтан да, өнер – бұл тек шығармашылық акт емес, бұл – адамзаттың бір-бірін түсініп, құрметтеуіне бастайтын жол. Оның ұлттар арасындағы достықты нығайтудағы рөлі – баға жетпес құндылық.
– Әртүрлі ұлт пен ұлыстың ортақ тіл табысуы сіздің шығармашылығыңызда қаншалықты көрініс табады? Бұл тақырып сіз үшін ішкі қажеттілік пе, әлде азаматтық ұстаным ба?
– Біз көпұлтты ортада өмір сүріп келеміз. Бұл мен үшін тек сөз емес, өмірлік тәжірибеммен дәлелденген шындық. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде-ақ қазақ және орыс сыныптары қатар болатын. Орыс сыныптарында түрлі ұлттың балалары оқыды – кәріс, ұйғыр, татар, орыс, шешен, украин және басқалар. Сол кезде бізге бұл қалыпты жағдай сияқты көрінетін. Бірақ кейінірек есейе келе бұл ортада өсудің өз алдына үлкен байлық екенін түсіндім. Қазір де сол кезден таныс достарымызбен араласымыз үзілген жоқ. Әрқайсымыз өз жолымызбен кетсек те, арамызда құрмет пен достық сезімі сақталып қалды. Бұл – көпұлтты қоғамда өмір сүрудің ең жарқын жемісі.
Жұмыс барысында да түрлі ұлт өкілдерімен бірлесіп, келісім мен татулықта еңбек етіп келеміз. Қарапайым қарым-қатынас – достыққа, достық – сенімге ұласады. Менің жеке өмірім де осы ұғымдардың дәлелі. Менің жұбайым – өзге ұлттың өкілі. Осы арқылы мен бір маңызды нәрсені анық түсіндім: ұлт – адамдарды бөлу үшін емес, байыту үшін жаратылған ерекшелік. Егер жүректер үндессе, тіл, діл, ұлт дегендер кедергі емес. Біздің бір ғана ортақ үйіміз бар – ол Қазақстан. Осы топырақта біздің баламыз өсіп келеді. Оның бойында екі түрлі ұлттың тамыры бар. Ол – болашақтың адамы. Ол – көпұлтты қоғамның нақты жемісі. Сол себепті мурал тақырыбы мен үшін жай сурет салу емес, өмірлік мәні бар идеяға айналды. Мен оны жан-тәніммен түсінемін, себебі менің өз өмірім осы идеямен сабақтасып жатыр.
Бүгінде Қазақстанда ұлты әртүрлі болғанымен, бір шаңырақтың астында тату-тәтті, бақытты өмір сүріп жатқан отбасылар өте көп. Солардың бірі – біз. Бұл біздің еліміздің бейбіт саясатының, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген қоғамдық мәдениеттің айқын көрінісі. Қазақстан – тек жер ғана емес, бұл – жүректің кеңдігі. Бұл – әртүрлі ұлттар бір отбасыдай өмір сүре алатын кеңістік. Бұл – менің Отаным. Бұл – менің шындығым.
Оқи отырыңыз: "Бөгде емес – бауыр": ұлттар арасындағы араздықтың емі қандай?
– Мурал жасау кезінде қандай қиындықтар болды? Жергілікті тұрғындар немесе билік тарапынан қолдау сезілді ме?
– Мурал салу сырт көзге жай ғана шығармашылық жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында үлкен еңбек, ерік-жігер, төзім мен тәртіп жатыр. Біз бұл жұмысты бастар кезде алдымызда тек бояу мен қылқалам ғана емес, бірқатар сын-қатер күтіп тұрғанын жақсы түсіндік. Ең алдымен, біз үнемі биіктікте жұмыс істедік. Биіктік – бұл тек физикалық кедергі емес, ол адамның бойындағы қорқынышты, сенімсіздікті жеңуді талап ететін сынақ. Әр қадамың – жауапкершілік. Әр қозғалысың қауіпсіздікпен өлшенеді. Ауа райы қандай болса да, жұмыс тоқтамауы керек. Кей күндері кенеттен жаңбыр жауып, кейде қатты жел тұрып, тіпті жұмыс техникасы да уақытша істен шығатын сәттер болды. Бірақ бұл мурал салудағы үйреншікті көрініс. Біз оны қалыпты, бірақ жауапты жағдай ретінде қабылдадық.
Биылғы жаз ерекше ыстық болды. Біз мурал салуды күннің аптапты кезеңіне тап келіп бастадық. Кей күндері температура 40 градустан асып, күннің қызуы төбеден тікелей түсті. Таңғы 6-дан жұмысты бастап, күн тас төбеге шыққанша бар күшімізбен еңбектендік. Сағат 13:00-ге дейін бетімізді күйдірген ыстыққа қарамай, қабырғада өмір сүретін бейнелерге жан бердік. Күн ұзағына тек көлеңке іздеп, біраз тыныс алып қайта оралудан басқа амалымыз болмады.
Бұл – көрер көзге әдемі көрінгенімен, шын мәнінде орасан зор еңбек пен шыдамдылықты талап еткен жұмыс болды. 4 күн ішінде біз физикалық та, психологиялық та сынақтардан өттік. Әсіресе аптап ыстықпен күрес – ең үлкен қиындықтың бірі болды. Қылқаламың алақаныңа жабысып, бояу кеуіп үлгермей, күшің сарқыла бастаған сәттер де аз болмады. Бірақ біз ешқашан бұл істі жай ғана сурет деп қабылдаған жоқпыз. Бұл – идеяның көрінісі, бұл – бірлік пен бейбітшілікті халыққа жеткізудің бейнелі жолы. Сондықтан да біз үшін бұл еңбек – жауапкершілікпен өлшенетін рухани миссия болды. Біз барлығын мүмкіндігінше сапалы, шынайы, жүректен шығатын етіп жасауға тырыстық. Себебі қабырғадағы сурет – уақытша. Ал оның берер мағынасы – мәңгілік.
– Болашаққа бағытталған шығармашылық жоспарларыңыз қандай? Алдағы уақытта тағы қандай муралдар салу ойыңызда бар? Сол туындыларды қандай тақырыптарға арнамақсыз?
– Бүгінгі таңда бізде осы бағытта тағы да бірнеше мурал салу идеялары бар. Әзірге бұл жобалар әкімшілік деңгейде толық мақұлданған жоқ, бірақ үмітіміз зор. Егер тиісті рұқсаттар мен қолдау болса, болашақта да осындай мазмұнды, мағынасы терең муралдарды өмірге әкелу жоспарда тұр. Өйткені бұл – өнер ғана емес, қоғаммен үнсіз тілдесудің бір жолы. Мурал жай ғана қабырғаға салынған сурет емес. Ол музейде немесе галереяда тұрған, тек белгілі ортаға арналған туынды да емес. Ол – халықпен күнделікті кездесетін көше өнері. Көшеде өтіп бара жатқан әр адам оның жанынан еріксіз көз салады, кейде ойланып қалады. Таңертең жұмысқа бара жатып, кешке үйге оралғанда, тіпті жай ғана серуендеп жүріп муралмен көз түйістірген жан бір сәтке болса да оның мазмұнына үңіледі. Сол сәтте мурал өз міндетін орындап тұр деген сөз.
Кейде бір адам ғана муралға қарап, ішінен бір ой түйсе – бұл біздің еңбегіміздің зая кетпегені. Сол сурет бір жанға болсын әсер етсе, ой оятса, жүрегіне жылу сыйласа – бұл біз үшін үлкен жетістік. Біз мурал салып жатқан кезде адамдардың түрлі реакциясын көрдік. Көптеген жылы сөз естідік. "Жарайсыңдар!", "Тамаша идея!", "Керемет жасап жатырсыңдар!" деген сөздер көңілге қуаныш ұялатып, күш берді. Әрине, сын да айтылды. "Мұны не үшін салып жатырсыңдар?", "Осы керегіңіз бар ма?" деген пікірлер де кездесті. Бірақ бұл – кез келген шығармашылық жұмыстың табиғаты. Қоғамда пікір әртүрлі болуы заңды. Біз үшін маңыздысы – шын көңілмен, жауапкершілікпен атқарылған іс. Есімде ерекше қалған бір сәт бар: біз күннің аптап ыстығында мурал салып жатқанда, жасы үлкен бір апа келіп, үнсіз қарап тұрды. Сосын жақындап: – Қарағымдар, ыстықта терлеп, еңбек етіп жатыр екенсіңдер. Алла күш-қуат берсін! – деп ақ батасын айтып кетті. Бұл орта жастағы әйел адам – этникалық кәріс ұлтынан еді. Сол сәт мен үшін тек батаның емес, көпұлтты Қазақстандағы бірлік пен өзара құрметтің шынайы көрінісі болды. Мурал – тек бояудың жиынтығы емес. Ол – идеяның бейнесі, ол – халықпен үнсіз сырласу. Бұл өнер – қабырғада тұрса да, санаға сөйлейді. Ол қоғамның рухын көтереді, адамға ой салады, ұлттар арасындағы достық пен түсіністікке үндеу тастайды. Сол себепті де біз бұл жұмысты бір ретпен шектеп қалғымыз келмейді. Алдағы уақытта да осындай мағынасы терең, ойлы әрі рухани қуат беретін муралдармен қоғамға қызмет етуді жалғастырғымыз келеді.

– Мурал жастарға, балаларға қалай әсер етеді деп ойлайсыз? Сіздердің жұмыстарыңыздың болашақ буынға қалдырар ізі қандай болмақ?
– Муралда кішкентай балалардың бейнеленуі – бұл жай ғана көркем тәсіл емес. Бұл – адамның жүрегін елжірететін, жан дүниесін жылытып, жақсы эмоциялар сыйлайтын ерекше элемент. Бұл – көркем өнердің шынайы күшін сезіндіретін, үнсіз тіл қататын бейне. Балалар – мейірім мен тазалықтың символы. Олардың жан-дүниесі кіршіксіз, ойы таза, ниеті пәк. Олар әлемге шынайы көзбен қарайды. Сол себепті де олардың бейнесі кез келген адамға ерекше әсер етеді. Қабырғада күліп тұрған баланың жүзіне қараған адамның өзі еріксіз жымиып, жан дүниесі жылып сала береді. Өйткені біз бәріміз де бала болғанбыз. Сол бейне арқылы өзіміздің ішкі бала кезімізге қайта ораламыз.
Кейде ересек адамдар муралдағы идеяны бірден түсіне қоймауы мүмкін. Бірақ балалар бәрін тез ұғады. Біз сурет салып жатқанда кішкентайлар жанымызға келіп: – Аа, бұл пазл ғой! Балалар бірге ойнап жатыр екен! – деп қуанып, ойларын айтып жатты. Бұл олардың әлемді қандай тазалықпен, шынайылықпен қабылдайтынын көрсетеді. Олар жасандылықтан ада, өз көзімен көрген дүниені шынайы түйсініп, жүрегімен қабылдайды.
Балалар бейнесі – тек мейірім мен қуаныштың емес, сонымен қатар ностальгияның да кілті. Әрбір ересек адам бала бейнесіне қарағанда, өз балалық шағын есіне алады. Сол кездердегі бейқам күлкі, тап-таза көңіл, риясыз ойын – бәрі-бәрі жүректе қайта жаңғырып, бір сәтке болсын өткен күнге жетелеп әкетеді. Бұл – өнердің шынайы күші. Сол себепті де муралдағы балалар бейнесі – жай ғана сурет емес. Ол – жүрекке жол табатын, жанды тербейтін, адамды жақсылыққа бастайтын бейнелік жолдау. Ол – адамдарды біріктіретін, өмірге үмітпен қарауға шақыратын үнсіз, бірақ айқын тіл қату.
Оқи отырыңыз: Астанада жаңа мурал: Тұрғын үй қабырғасы бүркітші бейнесімен безендірілді