
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсырады. Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады.
"Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды "мына тілде сөйле" деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз", – деп ескертті президент.
Бұл ретте мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекеттің негізгі құндылықтары деп айтқанын еске салды.
"Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.