Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі тыңдалымда сот материалдарын зерделеу жалғасты.
Сот отырысында 16 жастағы марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың тергеу әрекеті кезінде берген жауабының видеосы жарияланды. Нұрымов оқиға болған күні "Қамажай" дүкенінен қандай пышақ алып шыққанын көрсеткен.
"Басы дөңгелек, кәдімгі май, нан кесетін пышақ. Ол пышақпен мен келген балаларды қорқытпақ болдым. Ең бірінші пышақты алып қорқытқан Нұрбол Тоқтаубаев болды. Оның қолында пышақ болған соң, мен де алып шықтым. Бірақ видеоға ол түспей қалған", – деді Қаржаубай Нұрымов.
Пышақтың жалпы ұзындығы – 29 см, жүзі – 15 см, сабы – 15 см. Сотталушылардың бірі видео көрсетіліп жатқан сәтті Қаржаубайдың қолында бұл емес, сары түсті басқа пышақ болғанын айтты. Судья бұл дәйектерді жарыссөзде айтатынын жеткізді.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда төбелес кезінде алған пышақ жарақатынан көз жұмды. Осы оқиға бойынша 11 адам ұсталды. Шамамен бір аптадан кейін Шерзаттың отбасы тұратын Азат ауылындағы үйі өртеніп кетті. Бас прокуратура бұл өрттің қасақана қойылғанын хабарлады.
21 қаңтарда тергеу аяқталды. Оның аясында 40 сот-медициналық сараптама жүргізіліп, 200-ге жуық куәгерден жауап алынды. Қылмыстық істің көлемі – 62 том.
USD:
528.1 / 530.7
EUR:
612.5 / 617.5
RUB:
6.51 / 6.63