Мемлекет басшысы Ақтауда жаңа теңіз портын салуды ұсынды

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда туризмнің қарқынды дамуына жол ашатын бағыттарды атады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Ақтауда жаңа теңіз портын салу қажеттігі туындап отырғанын айтты. 

"Бекет Ата жерасты мешітіне, Бозжыра шатқалына, Айрақтыдағы "Қамалдар алқабына" және Торыштағы домалақ тастарға туристер өте көп барады. Маңғыстауға келетін әрбір оныншы адам осы нысандарға арнайы соғады. Туристерге, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау қажет. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Бекет Ата жерасты мешітіне көтерілу үшін автоматты қондырғы орнату туралы ұсынысты мұқият қарау керек. Жалпы, туристік нысандарға сондай жүйе орнату әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ кесене – халқымыз үшін киелі орын. Сондықтан жұртшылықпен, түрлі мамандармен ақылдасып, жан-жақты ойластырып шешім қабылдаған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, мемлекет басшысы өңірдің көлік-логистика, туризм әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырды. 

"Бес елдің теңіз айлақтары бір-біріне жақын орналасқан. Ресей, Иран және Кавказ елдерінің миллионнан астам тұрғыны бар 10 қаласынан туристер шақыруға болады. Ыстанбұл, Анталья, Лондон, Мәскеу, Астрахань, Тбилиси, Баку және басқа да қалалардан шығатын ұшақтардың транзиттік дәліздері осы жерде тоғысады. Мұның бәрі туризмнің қарқынды дамуына жол ашады. Ақтау портында жаңа теңіз портын салу қажеттігі туындап отыр. Айлақтарды жолаушы таситын кемелер тоқтауға болатындай етіп жаңғырту керек", – деді президент. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев Үкімет пен "Самұрық-Қазынаға" Маңғыстаудағы су тапшылығын шешуді тапсырды


 

Серіктестер жаңалықтары