Президент "Самұрық-Қазынаны" сынға алды: Қосшыдан басшы көп, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ

Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Фото: Ақорда баспасөз қызметі
Президент "Самұрық-Қазына" қоры мен ұлттық компаниялардың басқару құрылымындағы артық штаттар мен тиімсіз менеджментті ашық сынап, кадрлық саясатты қайта қарауды талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаңа инвестициялық кезеңге өту стратегиясын айқындап, квазимемлекеттік сектор мен даму институттарының жұмысына түбегейлі өзгерістер қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы инвестиция тартуда жоғары технологиялық өндірістер мен жеке бизнестің рөліне басымдық берді.

"Бізге жаңа әрі сапалы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажет. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жеке бизнес айрықша рөл атқарады. Кәсіпкерлер экономикамызға сапалы инвестиция салу арқылы жұмыс орындарын ашады, жұрттың табысын арттыруға үлес қосады. Біз "Бәйтеректі" инвестициялық холдинг ретінде қайта құрдық. Мұндай қадамның нақты себебі болды. Холдинг нарықтық экономикаға серпін беруде, бірақ бұл қадам жеке бастамаларды шектемеуге тиіс. "Самұрық-Қазына" қорына да дәл осындай талап қойылады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент "Самұрық-Қазына" қоры мен ұлттық компаниялардың басқару құрылымындағы артық штаттар мен тиімсіз менеджментті ашық сынап, кадрлық саясатты қайта қарауды талап етті.

"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды. Инфляция деңгейі тұрақталып, төмендегеннен кейін нарық қағидаттарын күшейту керек болады. Даму институттары бизнеспен және қаржы секторымен тиімді қарым-қатынас орнатуы қажет", – деп қосты мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: "Қорқыныштан қалтырайтын емес, нақты жұмыс істейтін заман". Президент Алатау қаласын дамытуды тежеп отырғандарды сынады


Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық бәсекедегі басымдықтарын, соның ішінде сирек кездесетін металдар мен жасыл энергия саласына инвесторлар тартудың маңыздылығын атап өтті.

"Елімізде инвесторлардың қызығушылығын арттыратын салалар көп. Осы салаларды дамыту үшін мемлекет пен бизнес арасында сындарлы ынтымақтастық болуға тиіс. Әсіресе, сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік және агроөңдеу салаларына баса мән берген жөн. Мысалы, қазір технологиялар қарқынды дамып жатқан кезде аса қажетті материалдарға, яғни, сирек металдарға сұраныс күрт артып келеді. Қазақстанда мұндай жобаларды жүзеге асыруға Батыс елдері және басқа да дамыған мемлекеттердің инвесторлары зор қызығушылық танытып отыр. Бұл – Қазақстанның жаһандық бәсекедегі артықшылығы. Осы артықшылықты тиімді пайдалануымыз керек, оны ел игілігіне жарату қажет", – деді президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары