Корея азаматтарының Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді. 2024 жылы елімізге келген туристер саны 12,3%-ға өсті, деп хабарлады Kazakh Tourism.
Компания Air Astana-мен бірлесіп, Оңтүстік Кореяның негізгі 9 туроператоры үшін таныстыру турын ұйымдастырды. Меймандар Алматы қаласының және Алматы облысының көрікті жерлерін аралады. Оның ішінде Шымбұлақ тау-шаңғы курорты, Шарын шатқалы, Көлсай көлдері және гольф алаңдары бар.
"Еліміз Азияның туристік картасында өз орнын нығайтып келеді. Оңтүстік Корея сияқты дамыған нарықтардың қызығушылығының артуы – Қазақстанның халықаралық туризм бағытында болашағы зор ел екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Kazakh Tourism Оңтүстік Кореяда елдің туристік әлеуетін ілгерілету және екі елдің жетекші туризм компаниялары арасындағы серіктестікті дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырады", – деді Kazakh Tourism басшысы Қайрат Сәдуақасов.
Оқи отырыңыз: Қазақстан туралы Travel шоу бірқатар әуе компанияларының бортында көрсетіледі
Деректерді алға тартсақ, 2024 жылы Қазақстандағы қонақ үйлер мен өзге де орналастыру орындарында Оңтүстік Кореядан келген 26 861 турист тоқтаған. Меймандар көп барған қала – Алматы болды. Өткен жылы 13 мыңнан астам оңтүстіккореялық турист Алматыға келген болса, кейінгі орындарда Астана қаласы, Қостанай облысы, Шымкент қаласы және Атырау өңірі тұр.
"Бұл – Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бойынша мақсатты жұмыстың, екі мемлекет арасында тікелей әуе қатынасының болуы мен кеңеюі нәтижесі", – делінген Kazakh Tourism хабарламасында.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65