
Әлемде жыл сайын 8 шілде – Дүниежүзілік аллергиямен күрес күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – денсаулығымызға шынайы назар аударып, өзіміз бен жақындарымызды қорғаудың маңызын түсінуге себеп болатын күн. Осы орайда Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жанындағы республикалық аллергология орталығының жетекшісі, аллерголог-иммунолог Арай Батырбаева ауруды қоздыратын факторлар мен оның алдын алу жолы туралы айтып берді.
"Егер ағзаңызда күмән тудыратын белгілер болса, дәрігерге қаралуға асығыңыз. Аллергияны дер кезінде анықтап, дұрыс әрекет ету арқылы оның салдарын бақылауға болады. Бұл дерт адамның өмір сүру сапасын айтарлықтай төмендетіп қана қоймай, кейде тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін", – дейді Арай Батырбаева.
Аллергия – жаһандық проблема
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем халқының шамамен 30 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді. Бұл көрсеткіш, әсіресе, ірі қалаларда жоғары.
Аллергияның артуына себеп болатын негізгі факторлар:
- ауаның ластануы;
- дұрыс тамақтанбау;
- дәрі-дәрмекті орынсыз қолдану;
- тері мен ішек микрофлорасының бұзылуы.
Аллергия көбіне көктемде байқалады: түшкіру, мұрыннан су ағу, көз қышуы сияқты жеңіл белгілерден бастап, бронхиалды демікпе, тері бөртпелері немесе анафилактикалық шокқа дейін күрделі түрде көрінуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Бір минутта мидың 2 миллионға жуық нейроны өледі. Инсульттің алдын алу жолдары қандай
Алдын алу – ең тиімді ем
Арай Батырбаеваның айтуынша, аллергияны емдегеннен гөрі алдын алған тиімді. Маман аллергиялық реакциялардың қаупін азайтуға көмектесетін қарапайым, бірақ маңызды кеңестер айтты:
1. Үйдегі тазалық – қалыпты шекте
Тазалық қажет, бірақ шамадан тыс стерильділік иммунитеттің дұрыс қалыптасуына кедергі келтіреді, әсіресе балалар үшін. Иммундық жүйе қауіпсіз микроорганизмдермен "жаттығу" арқылы дамиды. Дегенмен, апталық ылғалды тазалау, үй-жайды желдету, шаң-тозаңнан, көгеруден және үй жануарларының жүнінен арылту – аллергиясы бар адамдар үшін өте маңызды.
2. Аллерген көздерін бақылауда ұстаңыз
Шаң кенелері, жануарлар жүні, зең – бұл үйдегі басты аллергендер. Гипоаллергенді жастықтар мен матрастарды пайдаланыңыз.
Ескі кілемдер мен жұмсақ ойыншықтардан арылыңыз. Үй жануарлары бар болса, олардың гигиенасын үнемі бақылап отырыңыз.
3. Дұрыс тамақтану
Балалар үшін: әртүрлі тағамды ерте енгізу (педиатр кеңесіне сай) тамақ аллергиясының қаупін төмендетеді. Ересектер үшін: жартылай дайын өнімдер мен жасанды қоспалары бар тағамдарды азайту қажет. Табиғи өнімдер – иммунитеттің негізгі тірегі.
4. Ауруды асқындырып алмаңыз
Созылмалы ринит, синусит, тері бөртпелері – жай ғана ауа райына реакция емес. Уақытында дәрігерге қаралыңыз – ерте қойылған диагноз аллергияның ауыр түріне өтуіне жол бермейді.
Оқи отырыңыз: "Аллергия бар болса, жарты сағат бақылау жеткіліксіз". Екпе алғандар есте ұстауы тиіс 10 мәлімет
5. Өзін-өзі емдеуге жол жоқ
Барлық аллергия түрі бірдей емделмейді. Антигистаминдік препараттар уақытша жеңілдік қана береді. Кейбір жағдайларда қабынуға қарсы ем де қажет болуы мүмкін. Ең тиімді емдеу жолын тек маман анықтайды.
6. Маусымдық аллергия болса – алдын ала қамданыңыз
Поллинозбен (тозаң аллергиясы) ауыратындар үшін емді гүлдену маусымынан 2-3 апта бұрын бастау қажет. Аллергенге тән иммунотерапия (АСИТ) сияқты заманауи әдістер арқылы ағзаның сезімталдығын төмендетуге болады.
"Бүгінде медицина аллергиямен күресу жолдарын жақсы меңгерген. Бірақ бұл күресте науқастың рөлі де аса маңызды. Белгілерді назардан тыс қалдырмау, алдын алу шараларын сақтау және дәрігерге уақтылы қаралу – денсаулығыңызды қорғаудың ең сенімді жолдары", – деп қосты аллерголог-иммунолог Арай Батырбаева.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде аллергиялық аурулармен шамамен 30-40% халық зардап шегеді. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін жетуі мүмкін деп болжанып отыр. Сондай-ақ, әрбір үшінші балада қандай да бір аллергия түрі кездеседі (тамақ, тыныс алу, тері). Атопиялық дерматит (аллергиялық тері бөртпесі) – балалық шақта ең жиі кездесетін аллергиялық аурулардың бірі.