Тауға неге жалғыз шығуға болмайды? Альпинист гид Махамбет Абдуллаевтың кеңестері

Гид Махамбет Абдуллаев. Фото: Данил Колесников
Гид Махамбет Абдуллаев. Фото: Данил Колесников
Бұл сұхбаттан тауға қауіпсіз шығу жолдары, қажет құрал-саймандар мен киімдер тізімі туралы оқи аласыз.

Жыл басынан бері Алматы маңайындағы тауларда бірнеше адам қайтыс болып, жоғалып кетті. Алматы қалалық альпинизм мектебінің жетекшісі Ада Дусалиеваның айтуынша, күн сайын құтқарушылар тауға дайындықсыз шығып кететін 13-17 жасар жеткіншектерді іздейді. Жастар тауға, салауатты өмір салтына қызыққанымен қауіпсіздік шараларына мән бермейді. Кейбіреуі жастық жалынмен альпинизм санатындағы бағыттарға жалғыз шығып кетіп, үйіне тірі оралмайды.  

Осы орайда Информбюро тілшісі альпинист, KMGA сертификатталған треккинг-гиді Махамбет Абдуллаевпен тауға қауіпсіз шығу жөнінде сұхбаттасты.

– Тауға шығарда гидті қалай таңдау керек?

– Гид қызметіне жүгінер кезде келесі мәселеге назар аударыңыз. Гид физикалық дайындығыңызды шамалап, қайда баратыныңыз туралы ақпарат бермесе оның кәсібилігіне күмәнмен қараңыз. Кәсіби гидтер толық ақпарат береді: қай жаққа бара жатырсыз, орташа жүру уақыты, қанша шақырым жүресіз, қанша биікке көтерілесіз, қадағалау нүктелерде қай уақытта болу керек.

Гид болып ақша тапсам да, ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін ойлаймын. Оларға тауға қауіпсіз барып-келу жолын үйретіп, білгеніммен бөлісіп келеді. Туристерді жорыққа апармас бұрын оларға 12 сұрақтан тұратын сауалнама жібереміз. Аты-жөні, жасы, медициналық қарсы көрсеткіштердің бар-жоғы, биіктен қорқа ма, треккинг аяқ киімінің суреті, соңғы рет 2500 метрге төмен қандай бағытқа қашан шықты, қанша уақытта жетті, жорық қаншалық қиын болды, созылмалы аурумен ауыра ма, нақты диагнозы қандай, қандай дәрі ішеді дегендей сұрақтарға берген жауабына қарай бағыт анықтаймыз. Таңдаған бағыты сәйкес келсе апарамыз, болмаса басқа бағыт ұсынамыз.  

– Қазақстанда гидтерден сертификат талап етіле ме?

– Заң жүзінде гидте сертификат бар ма, жоқ па тексерілмейді. Қырғызстанда сертификат талап етіледі. Ол жақта гидтер жауапкершілікті толықтай өзіне алады. Өкінішке қарай, бізде ондай жоқ. Реестрде қалада экскурсия жасайтын экскурсоводтар туралы мәлімет бар. Ал таулы аймаққа апаратын тау гидтері бекітілмеген.

– Тау қатені кешірмейді дейді. Тауға серуендеуге қалай дайындалу керек?

– Өзім 2000-жылдары мектеп кезінен тауға шыға бастадым. Ол кезде интернет бәрінде болған жоқ. Қазір бағыттар туралы арнайы сайттардан ақпарат алуға болады. Екіншіден, физикалық дайындығыңызға назар аударыңыз. Тауға бірінші рет шығып жатсаңыз 2500 метрден биікке көтерілмеңіз. Тауда серуендеп денені үйрету керек. Бағытыңыз биік болса оны кейінге қалдырып, қиналмай жететін жерге шығыңыз. 

Дайындық  үйден басталады. Ең алдымен баратын бағытыңызды зерттеп алыңыз. Бағыт туралы ақпарат жинап, шамаңызды аңғарған соң жоспар жасаңыз. Кесте сызып, старт, орташа жүріп өту уақыты, бағыттың қашықтығы, биіктігі, бақылау нүктелерін жазыңыз. Фурманов шыңына бара жатсаңыз бақылау нүктесі ретінде Медеу аялдамасын, одан кейін экопост, асу алдындағы алтыбақан, 2800 биіктегі әткеншек, энтузиастер алаңы, ең соңында Фурманов шыңын көрсетесіз. Осылай бақылау нүктесін белгілеп, әрқайсына жету уақытын жазу керек. Жазғы уақытта түскі бірге дейін бағытқа жетпесеңіз артқа қайту керек. Тау сол орнында тұрады. Тағы да келесіз. Басыңыздың амандығын ойлаңыз.

Жоспарға кіммен қайда бара жатқаныңызды, телефон нөмірлерін, жедел жәрдем мен құтқару қызметінің телефондарын жазу керек. Бұл ақпаратты жақындарыңызға, достарыңызға жіберіңіз. Бара жатқан аймақ туралы аз да болса түсінігі бар, білетін адамға айтыңыз. Тауда бірдеңе бола қалса ол адам құтқарушыларға хабарласып, қайда кеткеніңізді түсіндіре алуы керек. 

Ауа райын қараймыз. Windy секілді картадан дәл сол жердің ауа райын қарайтын қосымшалар мен сайттар бар. Шымбұлақ тау-курортындағы онлайн камералардан да қараса болады. Қала мен таудағы ауа райы екі бөлек. Қалада күн шығып тұрса, тауда жаңбыр жауып, дауыл соғуы мүмкін. Таудағы ауа райын екі сағат көлемінде қарау керек. Сағат 12-де жаңбыр жауады десе, таңғы онда немесе түскі екіде жауып кетуі мүмкін. 

– Қалай киіну керек, қандай құрал-сайман алу қажет?

– Үш қабатты киіну қағидасы бар. Бірінші – дене қабаты: жазда жеңі қысқа, қыста жеңі ұзын синтетика, полиэстер материалдан жасалған футболка, лонгслив кию керек. Мұндай материалдардан жасалған киімдер денеден бөлінген терді өзіне сіңіріп алады да, ары қарай шығарып отырады. Екінші қабат – жылу сақтау қабаты: флис жейделер мен мамық желетке. Үшіншіден, қорғаныс қабаты ретінде жауын-шашын мен желден қорғайтын күртешелер киеміз.

Жазда 2500 биіктен төмен жақта серуендесеңіз трейл аяқ киім алсаңыз болады. Одан биік болса треккинг аяқ киім қажет. Треккингке арналған аяқ киімдер жеңіл, орташа, ауыр деп бөлінеді. Ал альпинизм аяқ киімі бөлек. 

Құрал-саймандарға келер болсақ, треккинг таяқша, рюкзак, күн сәулесінен қорғайтын крем мен көзілдірік, бас киім, адам басына кем дегенде бір литр су, термосқа шай құйып алыңыз, жаңбырдан қорғайтын шекпен, ауа райы күрт өзгеретіндіктен жылы киім алу керек. Өзіңізге ұнайтын тағам алыңыз. Бәрі калория қуалап дәмсіз тағам алады. Ол дұрыс емес. Ұнамайтын тамақты жегіңіз келмесе әлсіреп қаласыз. 

Апаттық жабдық деген бар. Көп орын алмайды. Үш жыл бұрын Құмбелсу шатқалында қайтыс болған ер адам құтқарушыларды көргенімен, оларға белгі бере алмаған. Адам он минуттан көп айқайлай алмайды. Сондықтан ысқырық алып алу керек. Одан кейін бір жағы жылу ұстайтын, екінші жағы күн сәулесінен қорғайтын құтқару жамылғысы кіреді. Қуатталған power bank, пышақ, маңдайға тағатын шам алыңыз. Апаттық жабдыққа дәрі-дәрмек қобдишасы болады. Оның ішінде қан тоқтататын дәке болуы керек. Өзіңізге қажет дәрі-дәрмекті алып алыңыз. 

– Тауда биіктің, қысымның әсерінен адамдар ауырып қалады. Оны тау ауруы деп айтады. Мұндайда не көмектеседі?

– Тек қана төмен түсу керек. Дәрі біреуге көмектессе, біреуге көмектеспеуі мүмкін. Жеңіл бағыттарға алты адам апарсақ, жандарында екі гид жүреміз. Артта жүрген гид өзін жайсыз сезінген адамды төменге түсіреді. Санатты бағыттар болса тау ауруын денсаулығына, моральдық күйіне қарай еңсереді. Тау ауруы жеңіл және ауыр деп бөлінеді. Өкпе ісінуі, мидың ісінуі де бар. Ми ісінуі болса 90% жағдайда өлімге әкеледі. 

– Тау ауруы болса артқа қайту керек дедіңіз ғой. Басқа тағы қандай жағдайда болса артқа қайту керек?

– Сағатты артқа жылжытып, бір сағатымызды алып қойды. Бұл тауға шығатын және сонда жұмыс істейтін адамдарға өте қатты әсер етті. Бұрын жазда түскі екіге дейін, қыста бірге дейін тауға шығуға болатын. Қазір күн қысқарып, жазда бірге дейін, қыста 12, тіпті 11.30-ға дейін бет алған бағытқа жету керек.

Өзіңізді нашар сезінсеңіз, ас-суыңыз азайып жатса, ауа райы күрт бұзылып, жаңбыр жауып, найзағай ойнаса дереу артқа қайту туралы шешім қабылдау керек.

Шұғыл қоңырау шалу телефондарын жазып алыңыз: құтқарушы қызметі – 112, Алматы құтқару қызметі – 109, полиция – 102, жедел жәрдем – 103, өрт сөндіру – 101. Тауда бірнәрсеге тап болсаңыз бірден 112-ге хабарласыңыз.

– Жыл басынан бері он шақты адам тауда қайтыс болды. Жоғалып кеткені де, үстіне тас құлап мерт болғаны да бар. Осы жазда Турист шыңына жалғыз шыққан жігіт өлі табылды. Одан кейін Жастар шыңына жалғыз барған жігіт жартастан құлап қаза тапты. Екеуі де жиырма жаста еді. Қазір 14-18 жастағы балалар тауда көп жоғалады. Жастардың тауда көп жоғалуына, жалғыз шығып кетуіне не себеп? Жалғыз шығып кеткен жағдайда қалай тірі қалуға болады?

– Telegram мессенджерінде жасөспірімдердің тауға шығатын топтары бар. Жастар шыңында қайтыс болған бала сол топтардың бірінің жетекшісі болған. Тауды біз жауып тастап, ешкімді шектей алмаймыз. Мұндай балалар тауға дайындықсыз шығады. 

Таулы аймаққа барарда мына бес қағиданы ұстанамыз. Ең біріншісі – жалғыз шықпау. Екіншіден жоспарды өзгертпеу керек, себебі бірдеңе бола қалса құтқарушылар сол жоспар бойынша іздейді. Жолды қысқартпаңыз. Ең қысқа жол – сіз білетін жол. Жол қысқартамын деп адасып кетуге болады. Төртіншіден, өзіңізді жаман сезінсеңіз артқа қайтыңыз. Мобильді байланысты тексеріп отырыңыз. Бесіншіден, серуен барысында басқа туристерден немесе ұлттық парк жұмысшыларынан ақпарат сұрап отырыңыз. Ұлттық паркте жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі аспанға қарап-ақ "осы уақытта жаңбыр болады" деп айта алады. Тауда басқалармен амандасу дәстүрі бар. Бұл әрі мәдениет, әрі ол адам сізді есінде сақтайды, әрі жол көрсетеді. 

Бұл балалардың ең бірінші қатесі – олар жалғыз шықты. Жастар шыңына кеткен бала дауыл туралы келген хабарламаға назар аудармаған. Жеңіл киінген. Альпинистік бағытқа арнайы аяқ киім кимеген. 

– Баланың өміріне ата-анасы, жақындары да жауапты ғой. Олар не істей алады?

– Бала тауға шығатынын айтпай паркке бара жатырмын деп айта салуы мүмкін. Ата-ана оның қайда жүргенін қарай алмайды. Көп ата-ананың GPS-сағат алып беруге мүмкіндігі жоқ. Қазіргі балалар ешкімді тыңдағысы келмейді. Үлкендер "өмірін қиындатады", "көп нәрсеге рұқсат бермейді" деп ойлайды.

Shymbulak Outdoor ағарту жұмыстарын жасап, балалардың тауға қауіпсіз шыққанын қалаймыз. Апта сайын қалада әртүрлі тақырыпта дәрістер өтеді. Қазақ тілінде білім беру жорықтарын жасаймыз. Адамдарға соқпақтар, таудағы бағыттар, қауіпсіздік туралы ақпарат береміз. Мұның бәрі тегін. Кез келген адам қатыса алады. Үлкен демей, кіші демей бәрін дәрістеріміз бен жорықтарымызға шақырамыз. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары