Жұқпалы аурулар – адамзат тарихында ең көп зардап әкелген, қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі әсер еткен дерттердің бірі. Әсіресе, мектеп, университет секілді көпшілік орындарда аурудың таралуы күшейе түседі. Сондықтан жұқпалы аурулардың алдын алу үшін вакцина салу, тиімді ем жүргізу, тазалық сақтау әркез маңызды.
Осы ретте тәжірибелі дәрігер-инфекционист, жоғары санатты маман Бақтығали Ережепов жаңа оқу жылына дайындық кезінде инфекциялық аурулардың алдын алуға ерекше назар аударды.
"Әрбір ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы қажет. Егер балада ЖРВИ, ішек инфекциясы немесе өзге де жұқпалы ауру белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апармай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Ауруды ерте анықтап, уақытылы ем жасағанда ғана жұқпалы індеттерді тоқтата аламыз. Баланың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Дені сау ұрпақ – дені сау қоғам мен қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан әрқайсымыз осы бағыттағы жауапкершілікті терең сезініп, өз үлесімізді қосуымыз қажет", – Бақтығали Ережепов.
ЖРВИ және тұмау
Күз-қыс маусымында ең жиі тіркелетін аурулар тобы. Қоздырғыштары – тұмау вирусы, парагрипп, аденовирус және риновирус.
Белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, бас ауруы, жалпы әлсіздік. Асқыну жағдайында бронхит, пневмония, отит дамуы мүмкін. Алдын алу шаралары: жыл сайынғы тұмауға қарсы вакцинация, жеке гигиена және санитарлық талаптарды сақтау.
Қызылша
Қызылша – өте жұқпалы вирустық инфекция. Кейінгі жылдары вакцинация деңгейінің төмендеуі салдарынан қызылша жұқтыратындар көбейген. Ауру дене қызуының көтерілуі, конъюнктивит, жөтел, бөртпе шығуымен сипатталады. Асқынулары – пневмония, энцефалит, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшаға қарсы вакцинация (ҚҚК) бұл аурудың алдын алудың негізгі құралы болып отыр.
Көкжөтел
Көкжөтел (коклюш) – бактериялық инфекция. Балаларда тұншығу сипатындағы ұзақ жөтел ұстамаларын тудырады. Әсіресе жас балаларда апноэ, энцефалопатия секілді ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. АКДС вакцинациясы – сенімді алдын алу әдісі.
Дифтерия
Дифтерия: тамақта фибринді қабат түзіп, тыныс жолдарының тарылуына, ауыр улану белгілеріне және жүрек, жүйке жүйесі тарапынан асқынуларға әкеледі. АКДС немесе АДС-М вакцинацияларын салып аурудың алдын алуға болады.
Сіреспе
Сіреспе (столбняк): clostridium tetani бактериясы жаралар арқылы ағзаға еніп, бұлшықеттердің тырысуымен сипатталатын ауыр ауру. Алдын алу жолы – жоспарлы вакцинация және жарақаттарды уақытылы өңдеу.
Ішек инфекциялары
Ішек инфекциялары (ротавирус, дизентерия, сальмонеллез, энтеровирустар): негізгі белгілері – іш өту, құсу, дене қызуының көтерілуі, сусыздану. Инфекция ластанған тағам мен судан, сондай-ақ тұрмыстық қарым-қатынас жолымен таралады. Алдын алу жолдары – жеке гигиена, таза ауыз су мен дұрыс тамақтану.
Менингит
Менингит – Neisseria meningitidis және басқа қоздырғыштар тудыратын ауру. Ауыр клиникалық белгілері – қатты бас ауруы, қызба, мойын бұлшықеттерінің тартылуы, құсу. Эпидемиологиялық көрсеткіштерге қарай вакцинация алу арқылы алдын алуға болады.
Жұқпалы аурулардың алдын алу жолдары
Алдын алу шараларының кешенді жүйесі:
- Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы вакцинация. Бұл – жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді әрі ғылыми тұрғыда дәлелденген әдісі.
- Гигиеналық тәрбиені күшейту. Балаларды қолды жиі жууға, бөтен заттарды ауызға салмауға, жеке сүлгі мен ыдысты пайдалануға үйрету маңызды.
- Иммундық жүйені нығайту. Дұрыс тамақтану, дәрумендер қабылдау, таза ауада серуендеу және спортпен айналысу – иммунитетті қолдаудың тиімді тәсілдері.
- Білім беру ұйымдарында санитарлық-гигиеналық тәртіптің сақталуы. Сыныптарды күнделікті желдету, ылғалды тазалау, балалардың температурасын бақылау және оқушылардың денсаулығын мониторингтеу – мектеп пен балабақша әкімшілігінің негізгі міндеттерінің бірі.
USD:
538.7 / 541.1
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65
"Әрбір ата-ана баласының жағдайына мұқият болуы қажет. Егер балада ЖРВИ, ішек инфекциясы немесе өзге де жұқпалы ауру белгілері байқалса, оны мектепке немесе балабақшаға апармай, дереу медициналық көмекке жүгінген жөн. Ауруды ерте анықтап, уақытылы ем жасағанда ғана жұқпалы індеттерді тоқтата аламыз. Баланың денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Дені сау ұрпақ – дені сау қоғам мен қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан әрқайсымыз осы бағыттағы жауапкершілікті терең сезініп, өз үлесімізді қосуымыз қажет", – Бақтығали Ережепов.