Алғашқы қоңырау соғу дәстүрі қайда және қалай пайда болды

Фото: Ерлан Алтыбаев, atr.kz
Фото: Ерлан Алтыбаев, atr.kz
Кей елдерде алғашқы қоңырау дәстүрі жоқ.

1 қыркүйек – Қазақстандағы оқушылар үшін маңызды күн. Бұл күні мектептерде қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталады. Жыл сайын мыңдаған бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Дегенмен, бұл дәстүр қалай пайда болды және басқа елдерде бар ма? Informburo.kz зерттеп көрді. 

Алғашқы қоңырау жиыны қалай пайда болды?

1-сынып оқушылары салтанатты жиында, 1 қыркүйек 1963 жыл | Фото: ТАСС

Қазақстандағы алғашқы қоңырау дәстүрі Кеңес Одағы кезеңінде қалыптасты.

1935 жылы 3 қыркүйекте КСРО Халық комиссарлары кеңесі мен БК(б)ОК оқу жылын 1 қыркүйекте бастау туралы қаулы шығарды. Бұған дейін әр аймақ өзіне ыңғайлы уақытта: тамыздың соңында немесе қыркүйектің ортасында бастайтын. Осы қаулыдан кейін 1 қыркүйек күні бүкіл елде жаңа оқу жылы ресми түрде басталып, мектептерде салтанатты жиын өткізу дәстүрге енді.

Ал 1984 жылы КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының арнайы бұйрығымен 1 қыркүйек "Білім күні" деп жарияланды. Содан бастап бұл күн бүкілхалықтық мереке мәртебесін алды.

Салтанатты жиынның басты рәсімі – қоңырау соғу болды. Ол үш жоғары сынып оқушысы 1-сыныпқа келген кішкентай оқушыны иығына отырғызып, қоңырау соққызатын. 

Қазақстандағы дәстүрдің жалғасуы

Фото: Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тәуелсіз Қазақстан бұл дәстүрді сақтап қалды. 1998 жылғы президент жарлығымен 1 қыркүйек ресми түрде "Білім күні" болып бекітілді.
Содан бері де алғашқы қоңырау жиыны мектептерде кең көлемде ұйымдастырылады: мемлекеттік ту кіргізіліп, қоңырау соғылады, концерт қойылады, мектеп табалдырығын жаңа аттаған оқушылар салтанатты шеру жасайды. Салтанатты жиыннан соң оқушылар мектепке кіріп, сынып сағатына қатысады. Оның тақырыптары ұлттық тарих пен патриоттық тәрбиеге арналады.

2020 жылы пандемия салдарынан бұл дәстүр алғаш рет онлайн форматқа көшті. Дәстүрлі жалпымектептік жиын өткізілмей, сынып сағаттары қашықтан ұйымдастырылды. 

Қазір кей мектептерде оқушы санының көп болуына байланысты Алғашқы қоңырау жиынына тек 1-сынып және 11-сынып оқушылары ғана қатысады. 

Алғашқы қоңырау тағы қай елдерде бар?

Фото: informburo.kz

Бұл дәстүр негізінен бұрын Кеңес одағының құрамында болған елдерде сақталған: Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Латвия, Литва, Эстония, Молдова, Армения, Украинада да дәл осы күні салтанатты жиын өтеді.

Алайда кейбір ерекшеліктер бар. Әзербайжан мен Грузияда оқу жылы 15 қыркүйекте басталады. Өзбекстанда 1 қыркүйек – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесімен тұспа-тұс келгендіктен, алғашқы қоңырау рәсімі 2 қыркүйекте өтеді. Бірақ рәсімнің мазмұны – салтанатты жиын, қоңырау соғу бұрынғыдай сақталған.

Бұл дәстүр жоқ елдер

Германиядағы 1-сыныпқа келген оқушылар | Фото: shutterstock.com

Ал кей елдерде оқу жылы басқа уақытта басталады және алғашқы қоңырау рәсімі жоқ.

АҚШ-та оқу жылы тамыздың ортасы мен қыркүйек айының басы аралығында басталады. Канадада әдетте қыркүйектің бірінші сейсенбісі күні мектеп есігін ашады.

Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия, Испания сияқты Батыс Еуропа елдерінде оқу жылы тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында басталады. Германияда қоңырау соғу дәстүрі жоқ, бірақ 1-сыныпқа барған балаларға шіне тәттілер мен сыйлық толтырылған үлкен қапшық – Schultüte таратады. Францияда оқу жылы қыркүйектің бірінші дүйсенбісінде басталады.

Жапонияда жаңа оқу жылы сәуір айында, сакура гүлдеген уақытта басталады. Оңтүстік Кореяда мектептегі оқу жылы наурыз айының басында басталады. Әдетте 1 наурыз демалыс күні болса, сабақтар ресми түрде 2 наурызда немесе сол аптада бастау алады. 

Қытайда Қазақстандағыдай Алғашқы қоңырау дәстүрі жоқ. Дегенмен, оқу жылы әдетте қыркүйектің басында, көбінесе 1-5 қыркүйек аралығында, салтанатты түрде басталады.

Серіктестер жаңалықтары