Қыс мезгілінің басталуымен қазақстандықтар арасында тау-шаңғы курорттарына деген қызығушылық арта түсті. Елімізде қысқы спорт түрлері мен белсенді демалысқа арналған 13 негізгі локация бар. Олар қай өңірде орналасқан? Kazakh Tourism шолуын ұсынамыз.
Шымбұлақ
Алматы қаласындағы "Шымбұлақ" - еліміздегі танымал тау-шаңғы курорты. Ұзындығы 20 шақырымды құрайтын әртүрлі деңгейдегі трассалар, аспалы жолдар, жалға беру пункттері бар. Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасын көруге болады. Сонымен қатар зиплайнға отыруға, атқа мінуге, конькимен сырғанауға, парапланмен ұшуға болады.
"Pioneer" отбасылық тау курорты
Алматы қаласының аумағындағы тағы бір локация – "Pioneer" отбасылық тау курорты. Ол ұлттық саябақ аумағында, теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктікте орналасқан. Трассалардың жалпы ұзындығы 3000 метрді құрайды және олар әуесқойлар мен тәжірибелі спортшыларға да қолайлы. Жыл бойы жұмыс істейтін курортта табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар мен жабдықтарды жалға алу қызметі қарастырылған.
Оi-Qaragai
Алматы облысындағы "Оi-Qaragai" отбасылық тау курортында жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 15 трасса бар. Курорт аумағында мейрамханалар, қонақ үй және ойын-сауық алаңдары қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар арқан саябағы, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол мен түрлі экскурсиялар бар.
Ақ Бұлақ
Алматы облысындағы келесі демалыс орны – "Ақ Бұлақ" курорты. Онда әртүрлі дайындық деңгейіне арналған трассалар бар, әсіресе фрирайд үшін қолайлы. Трасса ұзындығы 2500 метрге дейін жетеді. Оған 8-13 минутта шығуға болады.
Қосымша мүмкіндіктер ретінде санаторий-курорттық сауықтыру бағдарламалары мен квадроциклдер қарастырылған.
Orman Ski Resort
Ақмола облысының Щучинск-Бурабай курорт аймағында "Orman Ski Resort" кешені орналасқан. Мұнда шаңғы, сноуборд теуіп, тюбинг, шанамен сырғанауға және қарағайлы орманда серуендеууге болады. Бұл нысанда жалпы ұзындығы 800 метрлік трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру жүйесі, құрал-жабдықтарды жалға алу қызметі бар.
Elikti Park
"Elikti Park" Көкшетау қаласынан 25 шақырым жерде Зеренді ауданында орналасқан. Ұзындығы 4 шақырымға дейінгі трассалар, бугельді және кресельді көтергіштер, жабдықтарды жалға алу және қысқы ойын-сауық аймақтары бар. Бұл жерде де тау шаңғысы, сноуборд, коньки теуіп, тюбингпен сырғанауға және таза ауада серуендеуге болады.
Нұртау
Ақмола облысындағы тағы бір нүкте – Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы "Нұртау" базасы. Оның трасса ұзындығы 800 метрді құрайды. Демалыс орны аспалы жолмен, арнайы сырғанау орындарымен және сноутюбтарға арналған көтергішпен жабдықталған.
Алтай Альпі
"Алтай Альпі" демалыс базасы Өскемен қаласынан 24 шақырым жерде орналасқан. Мұнда ұзындығы 4,5 шақырымға дейін жететін 12 еңіс бар. Ал жұмыс маусымы қарашадан сәуірге дейін жалғасады. Нұсқаушылар қызметі мен жалға беру пункттерінен бөлек, пантотерапия, балық аулау, атпен серуендеу және арқан саябағы сияқты қосымша қызметтер қолжетімді.
Нұртау
Өскемен қаласынан 35 шақырым қашықтықта тағы бір қысқы демалыс орны бар. Ол – "Нұртау" базасы. Трасса ұзындығы 2 000 метрді құрайды. Мұнда екі негізгі және бір үйренуге арналған трасса бар. Сондай-ақ фрирайд аймақтары, коттедждер мен балалар бақшасы ұйымдастырылған. Мұнда тюбинг, монша, ошақ алаңы және экскурсиялар ұйымдастырылады.
Оқи отырыңыз: Медеу, Шымбұлақ, Аюсай, Түрген шатқалы: Іле Алатауы туризмі қалай дамып жатыр? Фоторептортаж
Stardust Camp
"Stardust Camp" Риддер қаласының маңындағы Верхняя Хариузовка ауылында орналасқан. Трасса ұзындығы 1 000 метр және ол бугельді көтергішпен жабдықталған. Аумақта қонақ үй және глэмпинг жұмыс істейді. Ал келушілер қосымша тюбинг пен сырғанақ тебу қызметтерін пайдалана алады.
Эдельвейс
Риддер маңындағы тағы бір танымал орын – "Эдельвейс" базасы. Мұнда түрлі деңгейдегі трассалар және слаломға арналған сертификатталған түсу еңістері бар. Трасса ұзындығы 1300 метрді құрайды. Сонымен қатар тауға шығу және конькимен сырғанау мүмкіндіктері қарастырылған.
Алатау
Түркістан облысының Төле би ауданы, Нысанбек ауылында жыл бойы жұмыс істейтін "Алатау" курорты орналасқан. Мұндағы трассаның ұзындығы – 1 800 метр. Бұл кешенде шаңғы, сноуборд тебуге, тюбингпен сырғанауға болады. Сондай-ақ қарда жүру көлігі, қарда жүруге арналған арнайы құралдар және атпен серуендеу маршруттары қамтылған.
Мырзашоқы
"Мырзашоқы" тау шаңғысы Павлодар облысындағы Қаражар ауылына жақын маңда орналасқан. Трасса ұзындығы – 960 метр. Мұнда аспалы жол және жабдықтарды жалға алу пункті бар.
Бұл жерде тюбингпен сырғанауға, таза ауада серуендеуге, қарда жүру көлігін жалға алуға, қысқы пикниктер мен экскурсиялар ұйымдастыруға болады.
USD:
520.5 / 523.1
EUR:
611.0 / 615.0
RUB:
6.45 / 6.57