Жапония, Түркия және Вьетнам. Қазақстандықтар күзде қай елде демалады

Жапония. Фото: Depositphotos.com
Жапония. Фото: Depositphotos.com
Спойлер: Түркияға билеттер арзандады, бірақ қазақстандықтар бәрібір Азияға ағылып жатыр.

Қазақстандықтар биыл күзде қай елдерге барғалы жатқанына талдау жасау үшін Aviasales.kz деректерін зерттедік. Бұл материал соның нәтижесі бойынша жазылған.

Жапония тосыннан топ жарды

Күзде Жапонияда жаздың қапырығы кетіп, күн райы +15-20°С болып тұрады. Бұл – ежелгі ғибадатханалар мен неонды көшелерде қыдырып, момидзи жапырақтарының қызыл-күрең түске боялғанын көретін таптырмас кезең. 

Сірә, осы романтика теңіз жағалауындағы демалысты жеңген сияқты: Жапонияға сұраныс былтырмен салыстырғанда 412% артқан. 

Бұл мыңдаған қазақстандық азамат Токиоға ағыла бастады деген сөз емес, тек осы бағыттағы брондау үлесі төрт есе өскенін көрсетеді. 

Неге күзде бару керек? 13 қазанға дейін үлгерсеңіз, Осакада өтетін Expo 2025 дүниежүзілік көрмесінің финалына қатыса аласыз. Онда ондаған елдің болашақ технологиясына арналған павильондарын көруге болады.

Түркия: Ежелден бауырлас ел

Күзгі Түркия – тәжірибелі саяхатшылардың сүйікті мекені. Адам қарасы азаятын, теңіз әлі жылы болып тұратын, қонақүй мен мейрамхана жаздан гөрі анағұрлым арзан болатын мезгіл. Ыстанбұл көшелерінде еркін серуендеуге немесе турист аз жағажайларда еркін демалуға болады. Міне, клишесіз, артық шығынсыз "барқыт маусым» деген осы шығар. 

Соған қарамастан, туристер арасында Түркияның үстемдігі сәл әлсірегендей. Антальяға баратын билеттер 20 пайызға арзандағанымен, таласып-тармасып жатқан адам жоқ – брондау үлесі аздап төмендеген. 

Неге күзде бару керек? 20 қыркүйек пен 23 қараша аралығында өтетін Ыстанбұлдың заманауи өнер биенналиесіне қатысыңыз. Бұл кезде бүкіл қала тұтас бір галереяға айналады. Тек мешіт емес, ескі хамамдарға қойылған авангард инсталляцияларды да көріп, Ыстанбұлды жаңа қырынан танимын десеңіз, жолға жиналыңыз. 


Оқи отырыңыз: Жазғы демалыс – 2025: балалармен бірге қайда демалуға болады


Әзербайжан: must visit мемлекет 

Әзербайжан. Фото: Depositphotos.com

Бакуге баратын билеттер шамамен 20 пайызға арзандады, ал сұраныс 30 пайызға артқан. Әзербайжан саяхатшылардың must visit тізіміне нықтап орнықты. 

Неге күзде бару керек? Күн райы тамаша: ыстық емес, бірақ күн ашық. Бір уикендтің өзінде біраз нәрсеге үлгеруге болады: Гейдар Әлиев орталығының сәулетіне тамсанып, ескі қаланың лабиринтінде адасып, пахлавамен бірге шай ішіп қайтасыз. Ал қазан айында өтетін Халықаралық джаз фестиваліне барсаңыз, саяхатыңызды әсем әуен сүйемелдеп тұрғандай күй кешесіз.

Грузия: сүйкімді ас, сусын мен сұлулық

Грузияға деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Ал Тбилисиге билеттердің 25 пайызға арзандағаны саяхатқа жиналғандарға жақсы ілік болды. 

Неге күзде бару керек? Күзде Грузияда Ртвели, яғни жүзім жинау мерекесі болады. Елдің түкпір-түкпірінде шарап фестивалі өтіп жатады. Кахетиядағы көптеген шарап зауыты туристерді жүзім жинауға, тіпті Челентано ойнаған фильмдегідей аяқпен таптап көруге шақырады. Оған қоса, Казбегидегі алтын түсті таулар мен Тбилисидің жайлы барларындағы кештер – саяхаттыңызды мінсіз етеді.


Оқи отырыңыз: Алматыда мамыргүлдерді қай жерлерде тамашалауға болады


Өзбекстан: Жібек жолының жәдігерлері

Өзбекстан. Фото: Depositphotos.com

Күзде Өзбекстандағы аптап ыстық басылып, ежелгі қалаларды аралаған әбден жайлы болады. Самарқандтың ғажайып мозаикаларын тамашалап, Бұхара базарларында саудаласып, нағыз палаудан дәм татып қайтыңыз. 

Неге күзде бару керек? 5 қыркүйек пен 20 қараша аралығында Бұхарада заманауи өнер биенналесі өтеді. Бұл – көне қалада серуендеуді заманауи өнер туындыларымен ұштастыруға таптырмас мүмкіндік. 

Қиыр Азия: Вьетнам, Оңтүстік Корея, Таиланд

Бұл өңірге қазақстандықтардың қызығушылығы барған сайын артып келеді. Ал күз – мұндай саяхатқа шыққанға тамаша кез.

Неге күзде бару керек? 

  • Вьетнам: 6 қазанда өтетін Күз ортасы мерекесіне (Тет Чунг Тху) қатысуға болады. Шамдар шеруі мен арыстан биін тамашалап, Халонг шығанағын аралау – ең керемет сәттердің бірі. Оның үстіне, Солтүстік Вьетнамда бұл кезде жаңбыр маусымы аяқталып, Халонг шығанағына жол ашылады.
  • Оңтүстік Корея: Қыркүйекте Пусан қаласында Азиядағы ең ірі кинофестиваль – BIFF өтеді. Бүкіл елде ағаштар алтынға боялып, Сеулдің ажарын аша түседі.
  • Таиланд: 5-6 қарашада Чиангмайда сиқырлы Лой Кратонг пен Йи Пенг аспан шамдары фестивалі өтеді. Мыңдаған шамның аспанға көтерілгенін көру ғажап емес пе?

Статистикаға қарасақ, туристердің көбі билеттерді алдын ала сатып алатын болған. Бұл ақшаңызды үнемдеп қана қоймайды, ең ыңғайлы күн мен рейсті шертіп жүріп таңдап аласыз. 

Материалды Demalys ұсынды. 

Серіктестер жаңалықтары