
Қараша айында "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты табыс етіледі. Оған 1391 үміткер құжат тапсырған. Грант "Ғылым", "Мәдениет", "Ақпараттық технологиялар", "Бизнес", "Медиа" және "Волонтерлік" деген 6 бағыт бойынша табысталады. Осы ретте Informburo.kz грант шарттары мен мақсатын түсіндіреді.
"Тәуелсіздік ұрпақтары" қандай грант?
"Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты – шығармашыл әрі белсенді жастардың жаңа бастамалары мен идеяларын қолдау мақсатында берілетін мемлекеттік грант. Мақсаты – жастардың жобаларына мемлекеттік қолдау көрсете отырып, белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру. Бұл грант Қазақстан президентінің бастамасымен 2021 жылдан бері жыл сайын беріліп келеді.
Қандай салаға беріледі?
Грант жас дарындардың жобаларын жүзеге асыру үшін төмендегі алты бағыт бойынша конкурстық негізде тағайындалады:
- Ғылым – жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыруға арналған;
- Мәдениет – ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, халықтық дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге арналған жобаларды жүзеге асыруға арналған;
- Ақпараттық технологиялар – жаңа ІТ шешімдер мен стартап жобаларды әзірлеу және іске асыруға арналған;
- Бизнес – экономиканың түрлі секторларында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған;
- Медиа – жастарға арналған танымдық, пайдалы әрі қызықты медиаконтент құру жобаларын жүзеге асыруға арналған;
- Волонтерлік – әлеуметтік тұрғыдан өзекті мәселелерді шешуге бағытталған еріктілер бастамаларын іске асыруға арналған.
Қанша қаражат, қанша уақытқа беріледі?
Әр жеңімпазға 3 млн теңге көлемінде бір реттік қаражат беріледі. Гранттар саны мен қаржы көлемі жыл сайын нақтыланады. Мысалы, 2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн теңгелік 30 грант бөлінді.
Грант бір жылға дейінгі мерзімге есептеледі, яғни грант иегері бұл соманы бір жылдың ішінде мақсатты түрде игеруі керек.
Кімдер қатыса алады?
Грантқа 14 пен 35 жас аралығындағы адамдар қатыса алады. Яғни 14 жастан асқан мектеп оқушыларынан бастап 30-ға дейінгі жас кәсіпкерлер, жас ғалымдар мен өзге де идеясы бар кез келген азамат қатысуға құқылы. Үміткердің Қазақстан азаматы болуы міндетті.
Грант иегері есеп беруге міндетті ме?
Иә, грантты ұтып алған әр азамат қаражаттың қайда жұмсалғаны туралы есеп беруге міндетті. Егер мақсаттан тыс пайдаланылғаны анықталса, соманы мемлекетке қайтару керек болады.
Құжат қабылдау қашан басталады?
"Тәуелсіздік ұрпақтары" грантына өтінім қабылдау әдетте жыл сайын жаз мезгілінде басталады. Мысалы, 2025 жылы грантқа 16 маусым мен 18 тамыз аралығында құжат қабылданды. 2024 жылы өтінім беру кезеңі 5 тамыздан басталған еді.
Нақты мерзім жыл сайын Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында жарияланады.