Денсаулық сақтау министрлігі кей азаматтарға тегін берілетін дәрілердің тізбесін бекіткен. Ол кезең-кезеңімен толығып, жаңартылып отырады. Мысалы, 2019 жылмен салыстырғанда тізімдегі ауру түрлері 44-тен 84-ке артты, ал тегін берілетін дәрілер мен медициналық бұйымдардың саны 249-дан 372 позицияға өсті. 2025 жылғы маусым айында министрлік бұйрығымен бұл тізімге онкология және сирек ауруларды емдеуге арналған жаңа препараттар енгізілді. Сонымен кім тегін дәрі ала алады? Informburo.kz түсіндіреді.
№1. Ересектерге қандай аурудың дәрілері тегін беріледі?
Төмендегі ауру түрлері бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарға дәрілер тегін немесе жеңілдікпен беріледі.
- Жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: Жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, жоғары қан қысымы, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, жүрек қақпақшаларының зақымдануы сияқты диагноздар.
- Тыныс алу жолдарының аурулары: Бронхиалды демікпе (астма), өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА), алғашқы өкпе гипертензиясы, өкпенің интерстициальді аурулары.
- Инфекциялық және паразиттік аурулар: COVID 19, туберкулез, АИТВ инфекциясы
- Тері және тері асты клетчаткасының аурулары: Буллезді эпидермолиз, күлдіреуік, псориаз
- Ас қорыту ағзаларының аурулары: Бауыр циррозының сатысын қоса алғанда, созылмалы С вирустық гепатиті, дельта агентімен және дельтасіз В вирустық гепатиті, Крон ауруы, ойық жаралы колит.
- Қан, қан ұю ағзаларының аурулары және иммундық механизмді тартатын жеке бұзылулар: Жедел лимфобластикалық л лейкоз, созылмалы миелоидты лейкоз, қанның ұю факторларының тұқым қуалайтын тапшылығы, аутоиммунды аурулар және иммун тапшылығы жағдайлары, темір тапшылығы анемиясы
- Эндокриндік жүйе аурулары, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасудың бұзылуы: Қант диабеті, қанттық емес диабет, гипотиреоз, гипертиреоз, гипопаратиреоз және тағы басқалары.
- Сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары: Ювенильді артрит, ревматоидты артрит, жүйелі қызыл жегі, жүйелік склероз (жүйелік склеродерма), артроздар және тағы басқалары.
- Нерв жүйесінің аурулары: Церебральді сал ауруы, жайылмалы беріш, эпилепсия, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы және тағы басқа.
- Психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы
- Онкологиялық аурулар
- Ағзалар мен тіндерді ауыстырып салудан кейінгі жағдайлар
- Несеп-жыныс жүйесі ағзаларының аурулары
Ауру мен оған берілетін дәрі-дәрмектің толық тізімі мына жерде.
№. Балаларға қандай жағдайда дәрілер тегін беріледі?
1 жасқа дейінгі балаларға: Ерте жасанды немесе араласқан емізу
5 жасқа дейінгі балаларға: мешел ауруын бақылауға арналған дәрі-дәрмектер.
- Бронхиалды астма, жоғарғы тыныс жолдарының көптеген жəне орналасу орны анықталмаған жіті инфекциялары, төменгі тыныс жолдарының респираторлық анықталмаған жіті инфекциясы, пневмония;
- Вазомоторлық және аллергиялық ринит;
- С вирустық гепатиті, В вирустық гепатиті, АИТВ;
- Қант диабеті;
- Цистикалық фиброз;
- Ювенильді артрит;
- Эпилепсия;
- Нейробластома;
- Инфекциялық эндокардит (жіті/жітілеу);
- Артериалды гипертензия;
- Тітіркенген ішек синдромы;
- Темір тапшылықты анемия;
- Микоздар, дерматиттер, псориаз;
- Глаукома.
Балаларға тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімі де мына жерде.
№3. Бұл дәрілерді қалай алуға болады?
- Тегін дәрі-дәрмек алу үшін, алдымен, азамат өзі тұратын аумақтағы емханаға тіркелуі қажет.
- Емхана дәрігері науқасты тексеріп, қажетті талдаулар арқылы нақты диагнозды растайды.
- Диагноз министрлік бекіткен льготалық тізімге кірсе, науқас диспансерлік есепке қойылады.
- Есепке тұрған соң, учаскелік терапевт немесе бейінді маман науқасты бақылауға алып, оның атына тегін дәріге арналған рецепт жазады.ё
№4. Тегін дәріні қайдан алу керек?
Тегін дәрі-дәрмектерді беру екі деңгейде жүзеге асырылады:
- стационарлық
- амбулаториялық.
Стационарлық, яғни ауруханаға жатып емделген жағдайда қажет барлық дәрі-дәрмекті медициналық мекеме өз қоры есебінен тегін береді. Науқастар ауруханаға түскен сәттен бастап дәріні өзімен алып келуге немесе сатып алуға міндетті емес, қажетті препараттарды аурухананың өзі тағайындап, қамтамасыз етеді.
Амбулаториялық деңгейде, яғни үйде емделетін науқастар дәріні емхананың дәріханасынан ала алады.
№5. Тегін дәрілерді қай дәріханадан алады?
Тегін дәрілер, әдетте, науқастың тек өз емханасындағы дәріханада беріледі, басқа емханадан алу көбіне мүмкін емес, себебі әр медициналық ұйым өз пациенттеріне арналған дәрі қорын бөлек ұстайды.
Оны алу үшін, алдымен, учаскелік терапевтен рецепт алу қажет. Кейін өз емханаңызға қарасты дәріханаға барып, сол рецепті көрсетсеңіз, фармацевт сізге қажет дәрілерді тегін береді.
Ол үшін жеке басты куәландыратын құжатты көрсету қажет.
Рецепттің электронды нұсқасы ақпараттық жүйеде тіркелгенімен, кей жағдайда дәріханаға қағаз рецептпен жүгіну талап етілуі мүмкін. Бұл емхананың ішкі тәртібіне байланысты.
№6. Дәріханада тегін дәрі болмаса не істеу керек?
Егер сіз тіркелген емханадағы дәріханада қажетті тегін дәрі уақытша жоқ болса немесе рецепт бойынша толық көлемде берілмесе, бұл туралы емхананың дәрігеріне немесе әкімшілігіне хабарлап, дәрінің қашан келетінін білуге болады.
Сонымен бірге, "СК-Фармацияның" 1439 байланыс орталығына хабарласып та қай дәрінің қашан жеткізілетіні жөнінде ақпарат алуға болады.
№7. Тегін дәрілер қандай мемлекеттік бағдарламалар арқылы ұсынылады?
Қазақстанда халықты тегін дәрімен қамтамасыз ету екі негізгі мемлекеттік бағдарлама аясында іске асады:
- Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК)
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі.
ТМККК – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қызмет пакеті. Оның шеңберінде әлеуметтік мәні бар, ауыр және өмірге қауіп төндіретін аурулар қамтылады. Мысалы, онкологиялық науқастарға, туберкулезбен, диабетпен, психикалық сырқаттармен ауыратын азаматтарға қажетті дәрілер осы кепілдендірілген көмек есебінен тегін беріледі.
2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген жалпы қаржының негізгі бөлігі – 226,6 млрд теңге дәл осы ТМККК пакетіне тиесілі болды. Себебі оның құрамына қымбат тұратын дәрілер кіреді – онкология, сирек кездесетін орфандық аурулардың бір ғана дәрісінің бағасы жүз мыңдаған немесе миллион теңгеге жетуі мүмкін. ТМККК аясында қазіргі кезде шамамен 50 түрлі диагноз (нозология) бойынша 256 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тегін қамтамасыз етіледі.
МӘМС қорының қаржысы есебінен салыстырмалы түрде жиі кездесетін, созылмалы бірақ асқынбаған дерттердің дәрі-дәрмегі алынады. Жалпы алғанда ересектерге – 13 түрлі ауру бойынша 54 түрлі дәрілік зат, ал балаларға 21 түрлі диагноз бойынша 62 түрлі дәрі тегін беріледі.
Егер пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса, онда ол тек ТМККК пакетіне кіретін дәрілерді ғана тегін ала алады, ал сақтандыру арқылы қамтылатын аурулар бойынша жеңілдікке ие бола алмайды.
2025 жылдың 7 айы ішінде МӘМС жүйесі арқылы 1,26 млн адамға 4,8 миллион рецепт бойынша 18,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмегі берілген.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65